Әріптес алаңыЖаңалықтар

Еуропадағы түркі әлемі: мажар халқы мен тілі

(Қазақ-мажар халықтарының тілдік ұқсастықтары)

Тоқетері
  • Қазақ пен мажар - түбі бір халықтар
  • Мажарлар - көне руна жазбасын сақтап қалған әлемдегі жалғыз ел.
  • Дешті Қыпшақтпен байланысын зерттеп жүрген мажар ғалымдары баршылық

Бүгінде түркі әлемінің мәдени мұрасы дүние жүзіндегі күллі түркі тілдес мемлекеттердің баға жетпес ұлттық қазынасына айналды. Осы елдердің өзінің тарихи тамырын танып, шыққан тегін зерделеуі – сол қауымдастықтың мүшесі ретінде бізді де қуантпай қоймайды. Бүгінгі – өркениеті тоғысқан, ғаламдық ықпалдасу заманында, ұлты мен ділін, идентификациясын білу, әлемнің қалыптасу тарихындағы өз ұлтының орнын тану, онымен мақтана алу, әсіресе жас ұрпақ үшін, шетте жүрген қандастарымыз үшін ерекше маңызды. Өйткені тарихын танымаған қоғамның келешегі де күңгірт.

Түркі мәдениетін сақтаған, бізге тілдік, танымдық тұрғыдан ұқсастығы бар Еуропа құрлығындағы жалғыз ел ретінде, мені Мажарстан қатты қызықтыратын.

Осы орайда, батыс пен шығысты жалғап жатқан ұлы дала көшпенділерінің өкілі мажар халқы туралы айтқым келеді. Түркі мәдениетін сақтаған, бізге тілдік, танымдық тұрғыдан ұқсастығы бар Еуропа құрлығындағы жалғыз ел ретінде, мені Мажарстан қатты қызықтыратын. Бойында көшпенділер рухы бар, ат баптап, құс салған, көкпар тартып, садақ ататын халыққа қалай қызықпассың? Мажарстанда өткізген үш жылымның ішінде бұл елді Еуропа мемлекеттерінен ерекшелейтін бірнеше факторды байқадым. Ортақ тарихи тамырластығымызды түпнұсқадан оқып, әлемдік деңгейдегі кітапхана мұрағаттарынан тану, сол жолда еңбектеніп жүрген ғалымдармен сұхбаттасу менің арманым болатын…

Тіл маманы ретінде, мені қызықтырғаны, ең бірінші, екі халықтың тілдік ұқсастықтары еді. Өйткені мажар тілін меңгеру барысында, ондағы қазақ, түрік тілдеріне ұқсас, тіпті ортақ сөздерді көріп таң қалдым. Сондан болуы керек, топтағы өзге шетелдіктерге қарағанда, маған мажар тілін меңгеру әлдеқайда жеңіл тиді. Тілдің құрылымы жағынан мажар тілі де, түркі тілдері сынды жалғамалы тіл, біздегі ү, ө сынды дыбыстар мұнда да бар. Ортақ сөздерді, әсіресе ат әбзелдері, қару жарақ, еңбек құралдары атауларының ұқсастығын, кейбіреулер, Осман империясының ықпалымен байланыстыруы мүмкін (Осман сұлтандығы мұнда 1526-1686 жылдары өз билігін орнатты), дегенмен туыстық атауларға, күнделікті тұрмыстық есімдерге, тотемдік ұғымдар, жер су атауларына, яғни ұлттың дүниетанымына қатысты ұғымдарға қарап, оны сол халықтың төл сөзі деуге әбден негіз бар. Мәселен, anya – ана, atya – ата, iker – егіз, bátor – ержүрек (батыр), kapu – қақпа, kicsi – кіші, sarga – сары, alma – алма, árpa – арпа, cukor – шекер, balta – балта, csésze – кесе, т.б. Сондай-ақ мал шаруашылығына, ауыл шаруашылық кәсібіне, аңшылыққа, өсімдік атауларына қатысты сөздердің қатары баршылық.

Тағы бір айта кетерлігі, екі тілде этимологиясы ортақ сөздер де көп. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ. Мажарда honn (otthon, itthon) деген сөз бар. Мағынасы «үй», «қара шаңырақ», «Отан» дегенді білдіреді. Бұл сөздің қазақ тіліндегі этимологиясы да осыған саяды. Мысалы, «Енгізіп құрметпенен қаласына, Кіргізіп мейман күтер ханасына» – деп келеді («Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандар, 1990) немесе «Ләйлі сөз айтқан емес анасына, Отырған келді анасы ханасына» («Қисса Ләйлі – Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық). «Мен кірдім баламды алып ханасына, Емізген көзім түсті баласына» («Қисса Ләйлі – Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық). Жалпы, бізде орынға қатыстының көбіне -хана жұрнағы жалғанатынын білеміз: асхана, кітапхана, дәріхана, т.б. «Хана» – негізі (парсының хане خانه) үй, жай, орын дегенді білдіреді. Өзге түркі тілдес халықтарда «хана» сөзі толық мағыналы сөз ретінде қолданылады. Мысалы, өзбек тілінде «хона» – бөлме, «хонадон» – «пәтер» немесе «үй» деген мағынаны береді. Сонымен қатар мажарда bogrács деген сөз бар, мағынасы: кішкене қазан. Ал Қазақстанның батыс аймағында оны бақыраш (ожау) деп атайды, түріктер оны bakırcezve дейді. Сонымен, бәрінің түбірі «бақыр» дегеннен, яғни «мыс» деген сөзден тарайтынын байқауға болады. Мұндай түбірлес сөздер, этимологиясы ортақ ұғымдар, жер-су атаулары, тіпті кісі аттары да баршылық.

Мажарстанның түрлі ЖОО-да осы бағытта ізденіп, екі тілдің салыстырмалы-тарихи аспектілерін зерттеп жүрген ғалымдар қатары көбеюде, қазақ тілін жергілікті мажарларға үйретіп жүрген білікті мамандар да бар. Дегенмен екі ел арасындағы мәдени байланыстың негізі осы тілден басталатынын ескерсек, салада әлі де тың тақырыптар мен өзекті мәселелер артып жетілері сөзсіз.

Мажарлармен бізді байланыстыратын тағы бір нәрсе – көне түркілердің руна жазуы. Мажарлар – ұрпаққа мұра боп қалған осы руна жазуын бүгінге дейін қолданып, сақтап келген әлемдегі жалғыз ел.

Мажарлар – ұрпаққа мұра боп қалған осы руна жазуын бүгінге дейін қолданып, сақтап келген әлемдегі жалғыз ел.

Табиғатпен өзара үйлесімде өмір сүрген көшпенділердің тек өмір салты ғана емес, мереке атаулары да табиғат-ананың түрлі құбылыстарына байланысты екенін білеміз. Осы орайда, қазақтың Наурызына ұқсас мажардың Карачун мейрамына тоқталғым келеді Karácsony-ды қазақша «жаңа күн» дегеннің баламасы десек болады. Karа – қараңғы, csun (csúcs) – төбе, шың деген сөздердің бірігуінен шыққан, яғни қараңғылықтың өз шарықтау шыңына жетіп, аққа, жарыққа айналуы деп түсіндіріледі. Яғни, қараңғының жарыққа, көктемге, жаңа жылға ауысуы дегенді меңзейді. Сонымен қатар екі ел арасын байланыстыратын рухани қазына ретінде, батырлық әфсаналар мен жырларды, жазу мәдениетін, тәңіршілдік дүниетанымды, Дунай бойына қоныстанған тайпалардан қалған балбал тастарды да атауға болады.

Түркі-мажар және Дешті-Қыпшақ халқы арасындағы тарихи байланысты зерттеп жүрген мажар ғалымдары да аз емес. Антрополог Андраш Биро мұны ғылыми дəрежеге көтерді. 2006 жылы ғалымның жетекшілігімен Қостанай облысына жасалған антропологиялық экспедиция нəтижесінде, мажар мен қазақтың туыстығы толығымен дəлелденді. Бүгінде Андраш Биро жетекшілік ететін «Мажар-Тұран» халықаралық қоры түркі халықтарының достығын нығайтуға арналған бірнеше шара ұйымдастырып келеді. Солардың ішінде тұрақты түрде өткізіліп жүрген Түркі халықтарының үлкен Құрылтайы мен Ősök napja (Бабалар күнін) атап өтуге болады. Мұндай шаралар аясында ежелгi көшпендiлердің дала мәдениетi, қолөнері мен өркениеті, ұлттық спорт түрлері, тұрмыс-салты көрсетіледі. Сонымен қатар осы салада еңбектеніп жүрген ғалымдардың зерттеулері ортаға салынып, өзара тәжірибе алмасылады. «Мажар-Тұран» халықаралық қорының негізгі мақсаты – ерте түркі-ғұн мәдениетін жаңғыртуға ғылыми ортаны тарту, сол саладағы ғылыми зерттеулер арқылы көпшілікке тарихи тамырластықты таныту.

Негізі Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынас егемендік алған тұсымызда басталды. Бұл – Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының жаңа деңгейге шығуы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайта түсті. Ел астанасы Будапештте мәдени-гуманитарлық бағыттағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші бар, Абай оқулары жиі өтеді, Мажарстандағы ҚР Елшілігі жанында «Абай орталығы» жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы мәдени, ғылыми байланыстар арқасында жыл сайын 250 жас қазақстандық білімін Мажарстанда жетілдіру мүмкіндігіне ие.

Жанар Мақсұтқызы
«Мажар-Тұран» ХҚ баспасөз қызметінің маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button