Жас толқын жазбасы

Жануарлар сынақ құрбаны болмауы тиіс

Сынақ жүргізілген қоянға қатысты әлеуметтік желілерде тарап кеткен бейнеролик өткір мәселені қозғады. Жұрт косметикадан бастап үй шаруасында қолданылатын химиялық заттарға дейін жануарлар арқылы тексерілетінін білсе де, байыбына терең бойламаған еді. Косметикалық өнім дайындар алдында оны жануарларға сынап көру біз ойлағаннан әлдеқайда қорқынышты болып шықты.

Альбинос-қоянның көзіне сыналатын өнімнің дозасын арттыра отырып, көзді жасаурату деңгейін анықтайды. Неге альбинос-қоян десеңіз, олардың көзі жас шығармайды. Ал теріні тітіркендіру деңгейін анықтау үшін жануарлардың жүндерін қырқып, терілерін тіліп, осы жараны әлгі «химиямен» сүртеді. Одан арғысын айтпасам да белгілі. Сынақтары бірінен бірі өтеді. 

Жануарларға жаны ашыған жұрт қарсылықтарын Instagram әлеуметтік желісінде жарыса жазды. Біреулер бұдан былай тек жануарларға тест жасалмай дайындалатын өнімдерді қолданатынын білдірді. Мәселен «NYX», «Dove», «Essence», «Kiko» сияқты әлемдік брендтер миллиондаған жануардың обалына қалмай-ақ саудаларын дөңгелетіп келеді. 

Демек, косметика және басқа да өнімдерді жануарлар арқылы сынақтан өткізу міндеттелмейді және бірнеше балама ұсынылады. In Vitro – тәжірибелер пробиркада, яғни, тірі ағзадан бөлек өткізілетін технология. Сонымен қатар жасанды теріге, лабораториялық жасушаларға, компьютерлік модельдер арқылы және тағы да басқа тестілеу әдістері қарастырылған.

Айта кету керек, өнімдерді жануарлар арқылы тестілеуге миллиондаған доллар қаржы мен бірнеше жыл кетеді. Сонда кейбір қанды балақ компанияларға мұндай озбырлық не үшін қажет ?!

2013 жылы Еуразиялық экономикалық одақ косметикалық заттарды жануарлар арқылы сынауға толығымен тыйым салды. Ескеретін нәрсе, сынаманың бұл түрі аталмыш өнім адам үшін қауіпсіз екеніне кепілдік бермейді. Соған қарамастан, әлемдік нарықтың «тайқазаны» саналатын  Қытай импортталатын өнімдерден бұл тестті талап етіп отыр. Мол ақшаның астында қалуға қамданған алпауыт компаниялар бас тартсын ба?!

2019 жылдың наурыз айында Қытайдың Ганьсу провинциясының медициналық ұлттық ассоциациясы Cruelty Free International бағдарламасын енгізді. Енді отандық және сырттан кіретін косметикаларды жануарларға тестілемейтін болады. Бірақ бұл тыйым салынды деген сөз емес. Десек те, Қытай басшылығы да осы шешімді қабылдайды деп үміттенеміз. Түптеп келгенде, даудың басы құжынаған көршіміздің көк қағазында болып тұр. Жануарлар сынақ құрбаны болмауы тиіс!

Ақанова Жанерке
Семей қаласының Шәкәрім университетінің журналистика мамандығының 3-курс студенті

Басқа жаңалықтар

Back to top button