Жаңалықтар

«Classic» радиосына – 10 жыл

Еліміздегі тұңғыш классикалық музыка радиоарнасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Classic» радиосының құрылғанына 10 жыл толды, деп хабарлайды qazradio.fm.

«Classic» радиосы тыңдарманға классикалық өнердің үздік туындыларын, қазақстандық және әлемдік композиторлардың шығармаларын, музыканттардың классикалық және джаз бағыттары бойынша өнерін ұсынып келеді. Радиодан қазақтың әйгілі композиторлары Ахмет Жұбановтың, Мұқан Төлебаевтың, Тілес Қажғалиевтің, Ғазиза Жұбанованың, сондай-ақ Артық Тоқсанбаев, Ақтоты Райымқұлова, Төлеген Мұхамеджанов сынды өнер қайраткерлерінің шығармаларын тыңдауға болды. Радионың эфирі эксклюзивті авторлық музыкалық-ағартушылық, ақпараттық, ойын-сауық бағдарламалардан және қазақ-орыс тілдеріндегі тақырыптық айдарлардан тұрады. Олардың арасында Олег Бобрецкийдің «Кино блюз», Ноэль Шаяхметовтің «Джаз уақыты», Жәния Әубәкірованың «Мәдени мозаика», Серік Нұрмолдаевтың «Кертолғау» Ләйлә Мұхамеджанованың «Радиофилармония» бағдарламасы бар. «10 жыл ішінде «Classic» радиосы қазақстандық медиа саланың бір бөлігіне, оның мәдени феноменіне және елдің музыкалық өмірінің барлық қатысушыларын біріктіруші күшке айналғанын атап өткім келеді. «Classic» радиосының 10 жылдығы Qazaq radiosy-ның 100 жылдық мерейтойымен сәйкес келуі радионың одан әрі табысты дамуын анықтауға мүмкіндік беретін кезең. Басшылықтың қолдауының арқасында «Classic» радиосы Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында хабар тарата бастады. Жақында ел аумағын толық қамтимыз деп сенеміз»,- дейді радионың директоры Баян Байсеитова. Көпшілік радиостанцияны 102.8 FM жиілігінде және qazradio.fm/classicfm/kz/ сайты арқылы онлайн тыңдай алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button