Әріптес алаңы

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық және біздің әулет

Менің атам Тілеубай Қойсарыұлы 1797 жылы туған. 1837-1838 жылғы Исатай-Махамбет көтерілісінен кейін бір туған бауырлары Қайыпбай, Құтымбет және Айбатырмен бірге итжеккенге айдалған. 

Қайыпбай, Құтымбет, Айбатыр Қойсары балалары Сібірде қалған. Ал Тілеубай атамыз бірнеше мәрте қашып, ақыры 1856 жылы елге – Нарын құмына оралған. Соңғы сапарында әйгілі есенғұл беріш Үбі батырмен бірге болған.

Алайда патша үкіметі, Ордадағы Уақытша кеңес Тілеубайды қайта ұстамақ болып, оның інісі Шолымды, балаларын қудалайды. 

«Сібірден қашқан Тілеубай мен оны жасырған балалары туралы» істі алғаш Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен (Алматы) тауып берген тарихшы Nurzhan Zhetpisbay болатын. Орынбор архивінде сақталған істің көшірмесін тарихшы Жанібек Исмурзин, Алматы архивінде сақталған істің көшірмесін тарихшы Rashid Orazov алып берді. Бұл бауырларыма мың сан алғыс!

Бөкейлікте тұру мүмкін болмаған соң Тілеубай ағалары мен інісі Шолымның бүкіл ұрпағын алып, Жайықтан өтіп, Тайсойғанға – қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданына қоныстанады. Бұл 1858 жылдар шамасы.

«Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен, 

Жерінде көкжал бөрі болып өткен.

Нарында хан баласын итше сабап

Ер еді дүниеге қолы жеткен.

Сырғанап хан ордада тұра алмады,

Қаймығып Қайыпбай мен Құтымбеттен.

Сен Шолымды білесің бе нағып өткен?! –

Жайықты талқан қылып жарып өткен.

Нарында хан баласын итше сабап

Астына табанының салып өткен.

Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ,

Қара орман – малы-мүлкін алып өткен…» – Бұл сөздерді әйгілі Мұрат Мөңкеұлы Тыныштықпен айтысында айтқан. Жинақтарда бар.

Тайсойғанда біздің аталарымыз кешегі бәлшевик үкіметі орнағанша бақуатты ғұмыр кешкен. Тілеубайдың өзі 1891 жылы 94 жасында бес баласынан көрінген 25 немересінің ортасында қайтыс болған. 

Тілеубайдың үлкен ұлы Сыдиық – 40 жасында ишан болып, мешіт ұстаған. Ол жер көне карталарда «Сыдиық мешіті» деп белгіленіпті. 1815-1889 жылдар аралығында өмір сүрген ишан екі әйелінен 9 ұл көрген. Ұрпағы Совет өкіметі келген жылдары қудаланып, шашырап кетті, Ресейді паналады. Бүгінде РФ-ның Чебі, Орынбор облыстарында, Қазақстанның Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тұрады.

Тілеубайдың екінші ұлы Омаш (1830-1917). Оның үлкен баласы Кенебай 500 жылқы біткен бай екен, совет үкіметі малын кәнпескелеп, өзін жер аударғанда, Орынборға кетіп бара жатқан жолда қайтыс болған. Төрт баласы – Бекбас, Қаби, Қабдол, Кәң, олардың ұрпағы аштық жылдары жоқ болған. Кенебайдың Темірболат деген баласы 1930 жылдары Тайсойғанда, өз үйінде аштан өлген. Бір үйден 12 жан қаз-қатар жатып, киізді жамылып жатып жан тапсырған екен, бір-екі жылдан кейін Орынбордан оралған молдағам (Дүйсентай Қарагөбенұлы) жүзін жасырыпты…

Тілеубайдың үшінші ұлы Мыса 37 жасында дүниеден өткен. Ұрпақтарының тағдыры ұқсас, бәлшебектің қуғынын, аштықтың зобалаңын, соғыстың сұрапылын көрді. Немерелері Шоқанның Сәрсенқұлы мен Есенкелдінің Бүркітбайы соғыста қаза тапты, олардан ұрпақ та қалмады. Ал қалғандарының ұрпағы Құдайға шүкір, өсіп-өніп, хабарласып тұрамыз…

Тілеубайдың төртінші ұлы, менің атам Уса (1836-1929) – қажыр-қайраты мол, шаруа адам болыпты. Ағасы Сыдиықтың мешітінің бүкіл жабдығын өзі көтеріп, дүние шаруасымен қамтамасыз етеді екен. Інісі Талпақтың да 1900 жылы Мекке-Мәдинеге сапарының қаржысын өзі көтерген. 1928 жылғы кәнпескеден кейін қалған малының соңғы тұяғы – жалғыз тоқтысы өзінің қарасына сойылған деп отыратын әкеміз.

Тілеубайдың кенже ұлы – Талпақ, азан шақырып қойған есімі – Жақып (Яқұб), кейінгі ұрпағы «қажи ата» атап кеткен жарықтық 1939 жылы 94 жасында өмірден өткен, зираты Миялыдағы Қазбек қорымында, 7 ер баласынан тараған ұрпақ та өзгелер сияқты түрлі нәубетті басынан өткеріп, олардың сынықтары бүгінде Қазақстанның әр түкпірінде тұрып жатыр. 

Тілеубайдың төртінші ұлы, менің атам Усаның Құлтума (1876-1933), Жантума (1885-1978), Қабжан (1888-1921) деген үш баласы болған. Құлтума 1933 жылы наурыз айында Тайпақтың Қарағаш-Саспан деген жерінде қайтыпты. Антоннан шыққан обозға ілесіп, Тайпақтағы туыстарын жаяу іздеп шыққан екен, жолда ауру мен аштық қатар қысып, көз жұмған. Дәл қабірін білмейміз.

Усаның кенже ұлы, қара шаңырағының иесі Қабжанды 1921 жылы желтоқсан айында 33 жасында ақтың соңғы сарқыншақтары Тайсойғанда атып өлтіріпті. Үлкен ұлы Әлдебек 1910 жылы туған, 1928 жылы қызылдар «байдың тұқымы» деп малын тартып алып, өзін бүкіл әулетімен Орынборға 5 жылға жер аударған. Әлдебек жастайынан орыс-қазақ мектебінде оқыған көзі ашық жігіт екен, 1932 жылы Орынбордың Тұзтөбесінде аурудан қайтыс болған. Шиеттей төрт баласы да бірінен соң бірі өлген. Әлдебектің інілері Қожабек (1914 ж.т.) пен Бітім (1916 ж.т.) Отан соғысында хабарсыз кетті. Әлі күнге бір дерегін білмейміз.

Усаның екінші ұлы Жантума атамның да екі үлкен ұлы Әлденберген мен Махател соғыста хабарсыз кетті. Кенже бала Мұхамеджан көкемізден қалған ұрпақ, Құдайға шүкір, аман-есен өсіп жатыр. 

Құлтумадан туған Шәһи (1917 ж.т.) атамыз да соғыста жоқ болды. Әкеміз Құттымұрат соғыста жоғалған ағаларының бір хабарын күтіп, өле өлгенше іздеп кетті. Әкемнің өзінен кіші Шапқат деген інісі мен Мөнти деген қарындасы отызыншы жылдары Орынбор жағында опат болыпты.

Міне, бұл айтылғандар бір әулеттің басынан кешкен тауқыметтің бір парасы ғана. Жарықтық әкеміз 3-4 жасынан куә болған сол оқиғаларды жиі айтып, құлағымызға құйып отыратын. Енді балаларымызға біз айтамыз… 

Ондай күндер қайталанбасын!

Журналист Қазыбек Құттымұртұлының facebook-гі парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button