Басылымы мен тарихы мықты елдің, болашағы кемел!

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны. Қай заманда да газеттің орны бөлек болғанын жақсы білеміз. Бірақ бүгінгі таңда жаңа иновациялық технологиялар, қоғамның дамуы, халықтың танымы мен көзқарасы өзгерген сайын мерзімді баспасөздің де түрлі өзгеріске ұшырағанын байқауға болады.
Алғаш жарыққа шыққан газеттердің өңі қазіргілерден өзгеше. Жоғарыда айтқанымдай, жаңа технологиялар баспа саласының қарқынды түрде дамуына, аптасына бірнеше мәрте шығуына септігін тигізіп жатыр. Түрлі-түсті дизайн, қаріптердің өзгеше жазылуы, тақырыптың ауқымдылығы да бар. Бірақ оқылымы қалай деген екінші мәселе тағы бар. Шыны керек, аптасына бір немесе екі рет шығатын газеттегі жаңалықтар, сағат, секунд сайын жылдам ақпарат жеткізетін желілердің көшінен қалып барады. Бірақ, қолға алып, парақтап оқитын кітап пен газетке не жетсін?! Неге дейсіз бе? Оның себебі көп. Ең алдымен газет адам денсаулығына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Ондан бөлек, газет сауаттылықты арттырады. Желілерде таралатын ақпарат қаншалықты жылдам болса, мазмұныда соншалықты сапасыз. Яғни, тілдік нормалар сақталмайды, грамматикалық қателерден көз сүрінеді.
Газеттеріміздің бүгінгі аяқалысын жоғары бағалаймын. Танымдық, ақпараттық, рухани, өз көзқарасы мен пікірі бар басылымдармен қатар өңірлік ақпарат таратушы газеттердің саны артып, сапасы да көтеріліп келеді. Кейбір жақсы газеттердің ғұмыры қысқа болып қалып жатады. Бұл сұраныстың төмендігінен болар.
Менің пайымымдағы газет қоғамда болып жатқан өзгерістер мен еліміздің, халқымыздың жетістігін дер кезінде тарататын ақпарат құралы болу керек. Әрине, әр оқырман өзіне қажет газетті іздейді. Бірақ іші толған сүреңсіз сурет пен мақсатсыз жазылған мақала болса, оны сатып алудың қажеті не? Шыны керек, аптасына бір аңсатып оқитын газетімнің бетінен сылдыр сөзбен өрнектелген мақалалар мен тапсырыспен жазылған дүниелерді көргенде қынжыламын. Мысалы, менің сұранысымдағы газет – тың тақырыптарға толы, үнемі оқырманның пікірімен санасатын, қаламгерлердің парасатты, пайымды сұхбаттарымен нақты ойларын жеткізе алатындай болуы тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе, іші толған ғаламтордан көшірілген хикаяттар, арзан әңгіме мен мән-мағынасы жоқ өсек-аяңдар онсыз да барлық жерде өріп жүр.
Қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігі адамның ішіп-жеуіне, киінуіне, ақша табуына негізделіп қалған сияқты. Руханиятқа назар аударатын жұрт ат төбеліндей ғана шоғыр сияқты көрінеді.
Мықты газет өсек-аяңнан, мағынасы жоқ сенсациялы тақырыптардан аулақ болуы керек. Оның орнына шағын көлемді мақалалардан бастап қоғамдағы өзекті ақпаратты қарапайым тілде жеткізе білуге бейімделу тиіс. ‘Қарапайымдылық – ұлылықтың бастауы’, деген бекер сөз емес. Сондықтан, ең алдымен жарыққа шығатын материал журналистің ізденісімен, тапқырлығымен, ойының ұшқырлығымен ұштасып жатса, журналистің шеберлігін ғана емес, басылымның беделін арттырады, деп ойлаймын.
Басылымы мен тарихы мықты елдің, болашағы кемел, алар асулары биік болмақ.
Альбина Тұмарова
Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті,
журналистика мамандығының 4 курс студенті