BaqMedia күнтізбесіЖаңалықтар

Қазақ телевизиясының ардагері – Сұлтан Оразалы 80 жаста

80 жыл бұрын (1941) қоғам қайраткері, сыншы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық Абай атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Халықаралық телевизия және радио академиясының (JATR) академигі Сұлтан Шәріпұлы ОРАЗАЛЫ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қазақ радиосы мен телевизиясының редакторы, аға редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарған. 1967-1984 жылдары Қазақ телевизиясы бағдарламалар бас редакциясының бас редакторы. 1984-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, көркем әдебиет секторының меңгерушісі. 1986-1993 жылдары – «Өнер» баспасының директоры. 1993-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің төрағасы. 1995-1997 жылдары – Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары.

1997 жылы – Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру департаментінің директоры. 1998-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Авторлық құқық жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2000-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Авторлық құқық жөніндегі комитет төрағасы. 2001-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры.

2005 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста, «Заң – насихат» ЖШС бас директоры болды.

Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі мемлекеттік комисиясының мүшесі болып сайланған. Қазақстанның ономастикалық, терминологиялық комиссияларының жұмысын басқаруға қатысып, көптеген жер атауларының тарихи қалпына келуіне үлес қосқан.

Ондаған әдеби-зерттеу мақалалары, «Өмір шындығы және көркемдік шешім» атты монографиясы, «Авторды қорғау – руханиятты қолдау», «Жүректің көзі ашылса» атты кітаптары, орыс және шетел жазушыларының роман, повестерін қазақшалаған еңбектері жарық көрген.

Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі «Абай елі» атты альбом-шежіресі әлемнің 70-ке жуық еліне тараған. Ол «Сұхбат», «Халық қазынасы», «Шұғыла», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс» хабарларын алғаш ұйымдастырып, сценарийлерін жазып, эфирде жүргізген, 300-ге жуық әдеби сценарий мен 40 шақты ғылыми-зерттеу мақаланың авторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button