Әріптес алаңы

Президент ұсыныстарымды қолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болдым.
Жасыратыны жоқ, Президентпен кездесу алдында көңілім аздап қобалжыды: биліктегі нөмірі бірінші тұлға, оның үстіне жан жақты білімді, дегдар адам. Сондай адамның алдында отырып айтқан сөзім, пікірім, ұсынысым орынсыз болса, ұятқа қалам ғой. Соны ойлап толқыған сәтімді Президенттің жылы қабақпен қарсы алып, сөзді де өзінің бастай жөнелгені қалыпты арнаға бұрып жіберді.
Қаскең “Қазақ әдебиеті” газетін жақсы көретінін, бала кезден көзтаныс газет екенін айтты. “Папамның мақалалары шығып тұрушы еді” деді.
Мен өз кезегімде бүгінгі заманда кім кімде еңбегіне ақы сұрайтынын, ақысыз қызмет түрінің қалмағанын, тек ақын-жазушы деген қауым ғана отыз жылдан бері қазаққа, мемлекетке тегін жұмыс жасап отырғанын, шығармашылық – қаламгердің жеке дүниесі болғанымен, ол ертең ұлттың рухани құндылығына айналатынын білдірдім. Ұлттық кітап палатасы арқылы Мәдениет министрлігі қоғамдық маңызы бар әдебиеттерге қолдау жасағалы отырғанын да Президенттің қаперіне сала келіп, кітап пен қаламгерді нарықтық қатынасқа шығарудың мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айттым. Ол үшін брендке айналған баспалардың жанынан әдеби агенттікттер ашылу керектігі туралы ұсыныс жасадым. Президент қолдады.
Осы күні Ұлы даланың тарихына қызығатын шетелдік тарихшылар, археологтар, антропологтар көбейіп келеді. Сұрақ: олар біздің тарихымызды қалай танып жүр? Көбі біздің өткенімізге ат үсті қарайды. Совет Одағының құрамында болған бодан кезіміз туралы, “егер Совет одағы болмағанда, қазақтар жабайы тайпа түрінде жер бетінен жоқ болып кетер еді” деп жазатын Еуроцентристік қыңыр көзқарастағы тарихшылар да бар. Соларға өзіміздің шын тарихымызды ұқтыра отырып, нағыз қазақтанушы шетелдік тарихшыларды қалай қалыптастырамыз? Ол үшін олармен, шет елдік тарихшы ғалымдармен, ашық диалог алаңын жасауымыз керек. Мемлекеттік гранттар бөліп отыру да артық етпейді. Сонда біз олардан қазақтың шын, ақиқат тарихын жазуды, жариялауды, біздің тарихымызды ғылыми айналымға түсіруді талап ете аламыз.
Президент бұл ұсынысымды да құп көріп, өзінің ойларын айтты.
Баз біреулер “қазақта мемлекет болмаған”, “мемлекеттік шекара болмаған” деп сойыл тілейтін сойқанды сөздер айтып жүр. “Соларға жауап беріп кеткен арыға бармай-ақ қояйық, беріден қайтсақ, алашордашы ардагер ағаларымыз еді, Әлімхан Ермеков еді. Әлекеңнің биыл 130 жылдығы. Ағылшын, француз, италян тілін білген, тұңғыш кәсіби математик, профессор Ә. Ермековтың 130 жылдығы ұлықталуы керек” дедім.
Президент: “Журналистер, жазушылар, тарихшы ғалымдар Үкіметтен арнайы қаулы қарар күтіп отырмай-ақ, Әлімхан Ермековтың еңбектерін елге жария ете берсін, жас ұрпақтың құлағына Әлімхан есімін құя берсін. Мен тиісті орындарға тапсырма беремін”, – деп уәде қылды.
Журналист Дәурен Қуаттың Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button