Жас толқын жазбасы

Жанжігіт Омархан: «Журналист – әмбебап болуы керек»

Қазіргі қоғамда адам жан-жақты болса, жетістікке жетеді. Заман талабы солай. Мәселен, журналист тек қана телеарна мен газетте ғана емес, мемлекеттік қызметті де атқара алады. Әрине, ол маманның өзіне де байланысты екенін ескеру керек. Сұхбат алған кейіпкерім – журналист, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан жастарға үлгі болар сүбелі ойларымен бөліскен еді.

– Жанжігіт Абзалбекұлы, журналистика саласын таңдауыңызға не себеп болды?

Осы сұрақты өзіме жиі қоямын. Өйткені, өмірлік маңдайыма жазылған мамандығым – менің паспортым десе де болады.  Адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек дейді. Соның бірі – мамандық таңдау. Осы тұрғыдан алғанда өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Журналистикамен өмір сүремін, тіршілік етемін, таң атырамын, күн батырамын. Мұның сыры неде деп сұрасаңыз, менің туған жерім, өскен ортам, ауылым, оның көркем табиғаты – барлығы осы мамандыққа бала кезімнен баулығандай болып көрінеді. Біздің ауыл Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында таулардың арасында, сайлардың сағасында, Талдыбазар, Боғас дейтін өзендердің жағасында орналасқан алақандай Үштөбе деген ауыл. Сол жердің тасын таптап, топырағына аунап өскен – біздің балалық бал-шырын шақ қой. Ес біліп еңбектегенімнен бастап әжемнің етегіне оралып ертегісін тыңдап өстік. Қазір көп жерде, көп елде, көп төрде болып жүремін, кейде ойлаймын ауылымның адамдары таза кітаптың тілінде сөйлейді екен ғой деп. Себебі, біздің жақта көркем сөзді, мәдениетті де мәнерлі сөйлеуді ешкім үйретпей-ақ бала ойнап жүріп, өз ортасында үйренеді. Ауылдың адамдары далада ат үстінде қой бағып, қонышына бір кітабын қыстырып алып жүретінін көріп өстік. Бұл – бір сыры.

Тағы бір сыры әкем қарапайым еңбек адамы болған жан. Бір әңгімесінде, сексенінші жылдардың басында мектеп бітірген соң пединститутқа қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына емтихан  тапсырған екен. Сәті болмаса керек, филологияға қолы жетпей техникалық мамандықты місе тұтып, соны оқыған. Оқуын тәмамдап әскерден келген соң мамандығы бойынша енді жұмыс істей бастағанда, ауылдағы ата-ана қарашаңыраққа қайт деп хабар береді. Ол кезде үйленіп те алған. Содан ауылға келіп үлкен үйге ие болып, қарт ата-анасын бағып, олардың өмірінің соңына дейін қызмет етіп қоңырқай тіршілік кешті. Амал нешік, әкесі салған үлкен үйдің босағасынан былтыр өзі де жер ортасы жасына енді жеткенде келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне кете барды. Бала кезімде әкемнің сол бір емтиханнан құлаған әңгімесін естіген соң, «ол шықпаған биікке мен шығамын» деген үлкен мақсат болды, сол арман алға жетеледі.

Мектеп қабырғасында сөз өнері бойынша сайыстарға жиі қатысатынмын. 9-сыныпта оқып жүргенімде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Абай оқулары» байқауына барып аудандық, облыстық жарыстарда жеңімпаз атандым. Сол сәтті сапар барысында облыстық білім басқармасындағы мамандар Өскемен қаласындағы «Қазақ –түрік лицейіне» немесе Алматыдағы «Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналғанқазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатына» баруға болатыны туралы кеңес берді. Ауылдан шықпаған бала үшін Алматының аспанын көру үлкен арман ғой. Үйге келіп ата-анама айтып едім «Алматыға барғаның дұрыс қой»,-деп қолдау көрсетті. 10-11 сыныптарды аталмыш интернаттан тәмамдадым. Ол мектептің табалдырығы құтты, қазіргі қазақтың ақпарат айдынында жүрген журналистердің 70 пайызы сол шаңырақтың түлегі. Онда керемет ұстаздардың тәлімін алдым. Бірге оқыған қаншама жайсаң жігіттермен бүгінде отбасымызбен араласамыз. Иін тірескен Алматыда мектепті бітірген соң, Құдай қолдап, дәм тартып Ертістің жағасына, Семейдің қаласына Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетке 2005 жылы журналистика мамандығына 1 курсқа түстім.

– Биіктен көрініп жүрген осындай шәкірттердің ұстаздары да осал болмасы анық. Үлгі тұтатын ұстаздарыңыз кімдер?

Биіктен көріну деген сөзге тоқталғым келіп тұр. Әр адамның өз биігі бар ғой. Адам өмірдегі биігін мамандығымен, мансабымен, атақ-абыройымен емес, адамгершілігімен алып жүреді деп ойлаймын. Себебі, көп адамдармен араласамын, ол құрылысшы болсын, ол мұғалім немесе техник т.б. болсын әрқайсының өз биігі бар. Олардың биігін өмірді түсіну өресімен бағалаймын. Әрбір адамның бойындағы адалдық, көркем мінез, өмірге деген іңкәрлік – осының бәрі оның шынайы биігі болып саналады.

Ал, сіздің айтып отырғаныңыз қызметтегі, мамандығымыздағы жеткен жетістігіміз  болса, ол – әркімнің өзінің ізденісіне, талпынысына, қабілетіне қарай беріліп тұрған өмірдің бағасы. Әрине, көптеген мықты мұғалімдерден тәлім алдым, оқыдым, дипломым бар. Бірақ сонымды масаттанып, мен осындай мұғалімнің шәкірті едім деп біреудің алдына барып міндетсініп кеуде керіп тұрмаймын ғой. Керісінше, біз сол ұстаздарымыздан алған тәлім-тәрбиені, бойымызға жинаған жақсы қасиеттерді аманат ретінде қабылдап, қиянат жасамай өмірде қолдануымыз қажет.

Түсінген адамға өмірдің өзі ұстаз ғой. Кейде өткен шақты ой елегінен өткізіп отырып, сағыныш болып сағымға сіңіп бара жатқан сәттерді жиі есіме аламын. 6-7 жасқа толғанымда әкем атқа мінгізіп үйретті. Ат үстінде отыруды, тізгінді тартуды, қамшы ұстауды құлағыма құйды. Бір жерге барса, жолдастарымен жайлау араласа қасына жеке атқа мінгізіп мені ертіп алатын. Көбіне топтың алдында жүруімді, атымның басын қатарынан оздырып отыруды, тақымды бос ұстамауды, ертоқымның қос айылының босап кетпеуін қайталап ескертіп отыратын. Жігіт жақсы ат міну керек және оны дұрыс жүргізу керек дейтін. Соның бәрі маған өмірлік сабақ болғандай. Кейін үйден ұзап, оқу оқып ата-анамнан алыста жүргенде, қаладан-қалаға қызмет ауыстырғанда, жауапкершілігі жоғары шешімдер қабылдағанда ту сыртымнан әкем қарап тұрғандай сезім болатын. Қатарымнан қалмауды, діттеген мақсатқа жетуді, жинақы жүруді үйреткен қайран әкем қазір қасымда жоқ. Бірақ, әр сәт сайын кез келген қимылымды қалт жібермей көктен бақылап тұрғандай сезіледі. Сондықтан, үнемі алға ұмтылып дұрыс жүруді перзенттік парыз санаймын.

Байқаған шығарсыз өмірлік ұстаздарымның басында әкем тұрады. Ал ұлт руханиятына үлес қосып жүрген кез-келген қазақтың жанашыр азаматын ұстаз тұтамын. Олардың айтқандарын тыңдаймын, жазғандарын оқимын, тоқимын. Алматыда мектепте қазақ сатирасының саңлағы болған атақты Үмбетбай Уайдин ағамыз бізге «журналистика» деген пәннен сабақ берді. Айына бір рет өзінің замандас, қаламдастарымен кездесу ұйымдастыратын. Ұстазымыздың арқасында Әзілхан Нұршайықов атамызбен бірнеше рет кездестік. Әрбір журналист осы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабын оқуы керек деп есептеймін. Себебі, Бауыржандай қаһарлы батырдан ебін тауып сұқбат алу екінің бірінің қолынан келмейді. Сол биікті бағындырған қазақтың асқақ жазушысы Әзілхан Нұршайықов атамыз еді. Ол кісі де біздің ұстазымыз.

Енді, университеттегі кезеңде біздің орта, біздің буын ең бақытты жандар болды, оны үнемі айтып отырамын. 2005-2009 жылдардың арасы біздің студенттік тәтті кездеріміз. Студенттік өміріне тырнақтай өкпесі жоқ бір адам болса, ол – менмін. Оған себеп қасымдағы алтын достарым және керемет ұстаздарым. Журналистиканың қыр сырын үйреткен Дәулет Тілеуберді ағамыз, Бибігүл Жұмашқызы куратор-анамыз, Айжан Сапарқызы әпкеміз. Бұл жандардың есімі әмсе менің ұстазым деген қатарда алтын әріппен жазылады. Дүниенің қай бұрышында жүрсем де, қызметтің қай сатысына барсам да қымбат уақытын қиып, білім үйреткен ұстаздарыма деген құрметім үнемі биік болмақ.

– Журналистика саласында жүргеніңізге 12 жыл болып қалған екен. Осы жылдар ішінде қай БАҚ-та, қандай қызметтер атқардыңыз?

2009 жылы оқуды тәмамдадық. Қалтамызға қалпақтай қызыл дипломды салдық. Студенттік шақтың куәсі болған Семей дейтін ғажап қаланы әзер қиып Астана қайдасың деп тартып тұрдық. Тамылжыған тамыз айының жиырмасынан асқан кез, оқып жүріп жұмыс істеп, жұмыс істей жүріп оқыған шағымызда тапқанымыздың басын құрап алған көлігім бар еді, соған үш костюм шалбарымды тиеп, қасыма жолсерік қылып бір досымды ертіп жолға шықтым. Елорда елдің жүрегі болғанымен ешқандай туысым жоқ қала. Өзімнен бір курс бұрын бітірген Мейрам деген аға-досыма арқа сүйеп, солармен бірге бір пәтерде тұруға бел байлап келгем, Қараөткелге. Аллаға шүкір, жаман болған жоқпыз. Алғашында алдымыз бұлтты күндей бұлыңғыр болып көрінгенімен күн өткен сайын Астананың тұманы сейіліп мақсат-мұраттарымыз айқындала берді. Келген соң Астана телеарнасында жүріп жатқан кастингке қатыстым, үш стажердің бірі болып сынақ мерзімінен өтіп жұмысқа қабылдандым. Екі жыл сол жерде жұмыс істеп, оң-солымызды танып, тәжірибеміз толысып қалды деп жүргенде «Қазақстан» ұлттық арнасының «Иман айнасы» бағдарламасын жүргізуге шақырту алдым. Оны төрт жылдан астам тізгіндедім, одан «Еуразия» телеарнасында ток-шоу форматында бір бағдарлама жүргіздім. Жұмыс істей жүріп Еуразия ұлттық университетінде магистратура оқыдым. Оны бітіргеннен кейін мемлекеттік қызмет саласында бағымды сынағым келіп, өңірдегі жұмыс тәжірибесінен өтсем деп Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде бір жылдай жұмыс атқардым, сол мекемені басқардым. Ол жақта жыл жаңартып аттың басын Астанаға қайта бұрып «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне жетекші болып келдім. Министрліктің ішкі жүйесіндегі тәртіпті танығым келіп жүргенде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы ұсыныс жасап баспасөзінің тізгінін ұстатты. Шүкір, бұл жерден де бір жарым жылдық тәжірибе қоржынымда тұр. Аталмыш орында алда атқарар жұмыстарым мен жоспарларым көп.

– Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып жүрсіз.  Министрлік ақпараты қаншалықты қолжетімді және баспасөз хатшы деген журналист пе, мемлекеттік қызметкер ме?

Өте жақсы сұрақ. Біз мемлекеттік мекеме бола тұра әрқашан ақпаратта ашық саясат ұстанамыз. Оған дәлел кез келген журналистің сауалы ешқашан жауапсыз қалған емес. Қашанда біздің сала бойынша айтылған жақсылы-жаманды жаңалықты өзіміз бірінші хабарлауға тырысамыз. Ресми сайтымыз, әлеуметтік желілерде жедел және тұрақты ақпарат тарататын парақшамыз бар.

Баспасөз хатшысы журналист пе, мемлекеттік қызметкер ме деген  сауалға тоқталар болсақ. Осы жерде біз үшін ұтымды тұсы журналистиканы да, өңір тәжірибесін де, мемлекеттік қызметтің этикасын да білетініміз болып тұр. Журналистерден сан мыңдаған сауалдар келеді. Алдымен оған журналистік көзқараспен қарап, оның қандай ақпарат беріп, не айтқысы келгенін, жолдаған сұрағына қандай жауап күтетінін айқындап аламын. Кейбір сәттерде өздерімен кеңесіп, дайындағалы отырған материалы арқылы тағы қосымша ақпарат беруге болатынын айтып жіберетін де кездерімде болады. Өзіңіз сұрап отырғандай ашықтық деген осы шығар.

Бір білетінім дәл қазір баспасөз хатшыларына сұраныс өте жоғары. Біз ақпарат ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Кімнің ақпараттық саясаты сапалы сол жеңіске жететін шақ. Мұны ары қарай дамытуымыз керек. Мүмкін алдағы уақытта журналистиканың бір бағыты қылып «баспасөз хатшысы» дейтін арнайы мамандыққа студенттерді баулып оқыту керек шығар. Бұл ұсынысты уақыттың еншісіне қалдырайық.

– Қазіргі жас буынға көңіліңіз тола ма?

– Өзім де жаспын ғой (күлді). Жас буын  қашанда өзінің жақсы энергиясымен, құлшынысымен, құштарлығымен кез келген жерді баурайды. Олармен жұмыс істеуіміз керек. Алдымызға іс-тәжірибеден өтем деп келген мамандар болса,  біз қолдан келгенше көмектесеміз. Кейін маман болып қалыптасуына септігіміз тисе деп ойлаймыз. Сондықтан, жас буынға әрқашан көңілім толады. Жастардың бойындағы асаулық, ерке мінез – мұның бәрі қай қоғамның болсын, қай заманның болсын талабына сай.

– Жас журналистерге қандай кеңес бересіз?

– Сіздерге айтқым келетіні, қазіргі берілген мүмкіндіктің бәрін тиімді пайдаланыңыздар. Кітап оқыңыздар, технологиялық, цифрлық білімдеріңізді толықтырып, танымдарыңызды кеңейтіңіздер. Тіл үйреніңіздер. Мәтін жазумен ғана шектеліп қалмай, дизайнерлік графикаларды жасай алатын, сюжетін өзі монтаждай алатын журналист болыңыздар дегім келеді. Сонда заманның талабына сай, бәсекеге қабілетті маман боласыздар. Сәттілік тілеймін!

-Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан:  Шәкәрім университетінің 2 курс студенті

Кәп Зарина Тәттімбетқызы  

Басқа жаңалықтар

Back to top button