«Мен жазбаймын мақаланы медаль үшін»

Өткенде өнер қайраткерлерінің президентке жазған хатына байланысты Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрында баспасөз мәслихаты өткен. Біз ештеңе алып-қоспадық. Материал сол жиынға келгендердің пікірі негізінде дайындалып, Nege.kz сайтында жарияланды.
Бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына да «Сіз туралы осындай пікір айтылды. Оған не дейсіз?» деп те сұрадық. Күмілжіп жауап берді. Тіпті, «кеңірек сұхбат бересіз бе?» деп, төрт-бес сауалымызды да жібердік. Егер олардың айтқаны жалған, шындыққа жанаспайтын болса, неге қашқақтайды? Айтып-айтып тастамай ма?
Экс-министрдің журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатын қарап шықтым. Ішінде біздің сайтта жарияланған мақалаға қатысты да сөз болыпты. Негізі мақала бізде жарияланған соң, жауабы да бізге айтылуы керек еді) Арыстанбек ағамның WhatsApp нөміріне: «Сұхбатыңызды қарап отырмын. Бізге бермей қойдыңыз ғой» деп жазып едім, «Сөзіңде тұрмадың. Тел.сұхбатты шығарам деп айтпадың» депті. Әлгі жерде ойланып қалғансың ғой, қашан және не деп уәде бердім деп. Журналист материалына қажетті мәліметті алса болды емес пе? Арыстанбек Мұхамедиұлының адал көмекшісі Айдар Қырықбай да қайта-қайта жекеге жазып, журналистиканың «қыр-сырын» үйретпекші болады терлеп-тепшіп. «Тақырыпты өзгертіп жіберсеңіз», «Мүмкін болса, Арекеңді вообще алып тастаңызшы» деген сияқты өтініші тағы бар. «БАҚ өкілдеріне де таң қаламын, мұндай дәлелсіз жалған ақпаратты екі жақты зерттемей қалай жариялай береді. Журналист бір жақты пікірдің жақтаушысы ма? Әлде, журналист деген киелі мамандықты ұмытып, мәдениет саласының үздігі төс белгісін алу ғана мақсат па?» депті Фейсбуктегі жазбасында. Біріншіден, мақала біржақты болмас үшін, Арыстанбек Мұхамедиұлының өзіне хабарласып, пікірін білдік. Айтқаны сол болса, кімге ренжиді? Кеңірек сұхбат беруін сұрадық. Бас тартқан өзі.
Екіншіден, Айдар мырза, осы уақытқа дейін мақала жазсам, жүлде, төсбелгі алуды мақсат еткен емеспін. Мейлінше, ақты – ақ, қараны – қара деуге тырыстым. Осы салада бір жетістікке жетсем, тек еңбектің арқасында ғана. Демек, мамандығыма да, жұмысыма да кәсіби тұрғыдан адалмын.
Сіздіңше, журналист мақаланы төсбелгі алам деп жаза ма? Онда журналистер қаншама жұрттың мәселесіне араша түсіп, шешіп бергені үшін де ақша сұрайтын шығар? Егер солай ойласаңыз, ендігі медальдан үй соғатын уақытым болды ғой.
Кез келген адам әлгіндей пікір жазбас бұрын «Ертең ұятқа қалмаймын ба? Мұным жігіттігіме сын болмай ма?» деп аз-кем ойлануы керек сияқты. Әйтпесе, «мақаланы төс белгі үшін жазады» деген не сандырақ? Бұл өресі биік адам айтатын сөз бе?
Ораза айында ешкімге соқтықпай, барынша сабыр сақтауға тырысып жүрмін. Қазір де үндемей қоюыма болар еді. Бірақ Айдар мырза даулы мәселеге байланысты пост салса, мені тегтеуін доғарар емес. Сол себептен жазып, нүкте қойғым келді.
Журналист Динара Мыңжасарқызының Facebook парақшасынан