Әріптес алаңы

Мирас Асан: Жер-Анаға қауіп бар

Орыс ойшылы, жазушы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген қысқа ғана классикалық әңгімесі бар. Бас кейіпкер Пахом – орта шаруа, орыс мұжығы аз-маз ақшасына жер сатып алып, күні-түні еңбектене жүріп әжептәуір қазына құрайды. Әуелде жер тапшылығының азабын бір адамдай тартқан Пахом «Біздегі бір қасірет – жер тапшылығы. Шіркін, жер жеткілікті болса, мен ешкімнен де, тіпті жын-шайтаннан да, қаймықпас едім!» деп қалады. Шаруаның әлгі сөзін Шайтан ести қойып, оны ерегіскенде көп жер беріп тура жолынан тайдырам деп іске кіріседі.
Пахом шынымен аз ғана уақыттың ішінде әжептәуір жердің иесі атанып шыға келеді. Бірақ ашкөздік адамды орға жықпай қойсын ба, көзін шел басқан шаруа біреулерден башқұрттар жерді оңды-солды арзан ақшаға сатып жатыр дегенді естіп, алып ұшып жетеді.
Қылқұйрық құрықтап, қымыз ашытып, кең байтақ шұрайлы даланы ен жайлап жатқан башқұрт бауырларымыз расында ата қоныстарын ақшасы бар мұжықтарға арзанға үлестіріп жатқаны шын болып шығады.
Жерлерін қаншаға сатып жатқанын сұраған Пахомға башқұрттар: «Біз бір күнге шақтап сатамыз, бір күнде қанша жерді айналып шықсаң – сол жер сенікі, ал, бір күннің құны – мың сом», дейді. Бір күнде қыруар жерді айналып шығуға болады ғой деп ойлаған Пахом ақыры өз құлқынының құрдымына құлап, күн батқанша таңертең шыққан жеріне қайтып келіп үлгірмей, аузы-мұрнынан қан ағып батқан күнмен бірге сол жерде сеспей қатады.
Башқұрттар, қасындағы көмекшісі Пахомның көрін сол жерге қазып «оның басынан аяғына дейін шақтағандағы қажет жер үш-ақ кез екен» деп байғұсты сол жерге көме салады.
Қысқа ғана әңгімедегі басты екі кейіпкер де бізді бей-жай қалдырмады.
Ашығын айтуымыз керек, қазақтың шұрайлы пұшпақтарын ашкөздікпен иемденіп, кең далаға тойымсыздықпен еге болғысы келіп жатқан жемқорларымыз, латифундистеріміз тура осы – Пахом. Жердің қадірін ұғынбай аз-маз ақшаға мұжықтарға пышақ үсті үлестіріп жатқан башқұрттар да солар.
Яки, біз.
Тура осы трагедияны Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да жазады. ««Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса – башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді» деген Әлекең Жерсіз Отан жоқ екенін өле-өлгенше бүгежектемей айтып өтті. “Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Бір сөзбен айтқанда Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс», деп өтті қайран есіл ер!..
Жер мәселесі – ұлт мәселесі.
Атадан балаға мирас аманат даламызға қауіп төнгенін қаламаймыз!
Жерді жалға да, жауға бермеуін талап етеміз!
Жалпы көшпелі дала халықтарының ішінде қазақ ұлысы өзінің мыңдаған жыл бойғы көне тарихын, шежіресін, әдебиетін, мәдениетін, өнерін дала жадына сақтаған халық. Қатпар-қатпар тарихымызды қазбалап қараған адам Алаш тарихының бірде-бір оқиғасын жерсіз елестете алмас еді.
Жер – қазақ деген ұғыммен бірдей ұлы сөз. Біздің тіліміз де, діліміз де Жер-Анамен бір тамырдан нәр алады. Жерді сатсақ – біз жерді ғана сатпаймыз, онымен бірге бүкіл тарихи жәдігерлерімізді, сол өңірге ғана тән тілді, салтты, ғұрыпты қоса сатамыз. Ал, өзіңді-өзің сатқаннан кейін, өмір сүрудің өзгеше мәні болуы мүмкін деп ойламаймыз!
Жердің өспейтіндігін Құнанбай аға сұлтан да айтудай-ақ айтып кетті.
Мөде тәңірқұттан қалған ұлы шешімді де ешқайсымыз санамыздан шығармауымыз керек.
Жер үшін атқа қонған ғұн көсемі тіпті игерусіз сор татып жатқан ұлтарақтай жердің өзін басын бәйгеге тігіп, жаудың қалың қолын төңкеріп, қорғап қалады.
Біздің кіндігіміз жерге байлаулы халықпыз. Ғасырлар бойы жер үшін соғысып келген ұлттың ұрпақтары бүгін де беталды байбалам салып отырған жоқ.
Яғни, Жер-Анаға қауіп бар деген сөз.
Кеше ғана өмірден озған қазақтың көрнекті ақыны Жәркен Бөдеш саналы бар ғұмырын туған жерін жырлауға сарқыды. Жәйіртауды жырлай-жырлай ақыры: «Жәйірдан басқа жауым жоқ» деді шерлі шайыр. Бұл нені білдіреді, қазақтың жер тек өзі ғана емес, жер қазақтың түптеп келгенде фобиясы да, комплексі де. Жерге сәл қауіп төне бастаса үдеріп атқа қонғымыз келетіні осы болса керек. Біздің бейбіт күнде де жерімізге жау көзін алартып тұрғандай жүретініміз осы синдром. Бірақ, бұл дұрыс.
Ұлттық кодымыз дегеніміз – қазақтың кең байтақ сахарасы, ұлы Даласы!
Жер сатылмасын, елдің іргесі сөгілмесін!
Төрдегі төрелерден сұрайтынымыз, тәуелсіздігіміздің отыз жылдығындағы ең үлкен тарту – жерімізді саудаға шығармау, таразыға, талқыға салмау.
Басқа ештеңе дәметпейміз. Жер сатылмауы да, жалға да берілмеуі керек.
Жерден биік тақ жоқ,
Жер – Тәуелсіздігіміздің кепілі!
Ақын, журналист Мирас Асанның Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button