Әріптес алаңы

Құлағын телефонның бұраған кім?

Ол кезде жаңалықтар бөлімі құмырсқаның илеуіндей қайнап жатады. Бәріміз іске жегілгенбіз. Жеңілдің үсті қайда? Ауырдың астына түсіп аламыз. Белдіміз ғой. Қазақ теле саласының салмақтылары да біздің арнада. Анау бір тұста көзәйнектің үстінен мәтін қарап Нұр-ағам отырады. Қимылын бақылаймыз. Іні-қарындастарының жазғанын ұнатса да, ұнатпаса да басын шайқайды. Шайқау ритіміне қарап біле саламыз, қандай пікірде екендігін. Бейбіт көкем Құсанбек телефонның маңында. Астанадаға жеңгеммен сөйлесе ме. Әлде.. Бекеңді елдің бәрі іздей ме. Қасынан ары өткенде де телефон құлағында. Бері өткенде де біреуге әлденені түсіндіріп жатады. Бірде қол бұлғады. Жетіп бардық. Телефон тұтқасын ұстата берді. Ағаның қолын қайтарасың ба, қанша асығыс болсақ та аялдауға тура келді.

– Алло!

– Әй, Аманкелдііі, Амаанкелдііісіңбее-ей?

Жан-жағымызға қарадық. Әйнектердің бірінде Тілекең тығылып отыруы мүмкін. Бірақ дауысы ұқсамайды. Дауысы ұқсағанда.. Тілекең әр түрлі дауысқа сала береді. Ойыны сол. Асығыс едік. Тұтқаны қоя салғымыз келді. Тамақтан сөйлей ме. Және зілді дауыс.

– Айналайын мен сені жақсы көремін. Асыл апаңа айтып отырамын. Осы бір дұрыс бала деп. Апаң да тыңдайды. «Кейде, командаларды қойшы, Аманкелдіге обал болды», – дейді. Әй, обал болса басқа кәсіп таңдасын, бұл дегенің отқа түсу ғой. Жалаң қолмен от ұстағандай деймін. Оған оңай емес. Оңайын іздесе өзге жаққа барсын деймін мен.. Тыңдап тұрсың ба, ей?

Тыңдағанда… Кім болды екен? Бейбіт ағама иек қағамын. Оң қолын езуінің сол жағына қалқан етіп: «Қасым ағаң», – дейді. Мүмкін емес. Батырдың бізді іздеуі қисынсыз. Қасым Қайсенов маған телефон соқты дейінші.. Тұтқа қолда. Дауысы саңқылдап тұр. Не де болса дұрыс сөйлеспекке бекіндік. Егер біреу күлкіге айналдырса… Жарайды. Дауысы саңқылдап тұр.

– Әй, Аманкелді, мені тыңдап отырсың ба?

– Ия, ата. Ассалаумағалейкум, тыңдағанда.. Шынымды айтсам есімде енді жинайын деп..

– Әй, не болды сонша. Анау тікелей эфирден қиын болып па, шалмен сөйлескен?

– Енді… ата-ау, енддііі

– Әй, сен батыр секілді ең, тұтығып тұрсың ғой.

– Тұтыққанда.. Тапа тал түсте батыр телефон соғады деп ойламаппын. Апамның қалы қалай?

– Апаңның қалы жақсы. Сол саған алаңдайды кейде.

Жүрегіне алатын бала секілді дейді. Бәрін біліп отырады-ей апаң. Мен айтамын, әй, ол да осал емес. Жасап жатқаны дұрыс тірлік. Мынау, спортың да керек елге. Қанды қыздыратын майдан ғой ол деймін. Майдан болғанда қандай. Анау сені аяп жатқаны командаң жеңіліп қалады. Спортшың ұтылады.. Сен күйінгендей боласың, күйінесің ғой, содан жаны ашиды апаңның. Мен де ішімнен ойлап қоямын. Айналайын, апаң да айтады, өзім де солай шештім. «Званда» , – деп. Бір қайрап қояйын дегенім. Төзімді бол. Сен де батырсың, мынау спортты қазақша сөйлетіп жатырсың, ол батырлық емей немене, кейбіреулер көре алмауы мүмкін. Батыр оларға бұрылып та қарамайды. Солайма-ей, батырым.

– Енді шын батыр айтып жатқан соң солай ғой

– Күмілжисің ғой. Күмәнің болмасын. Білген соң айтамыз ғой. Уақытыңды алдым білемін, жарайды, айналайын, бақытты бол.

– Ата, сізге де….

Тұтқаны қоя салды. Шынымен Қайсенов пе? Бейбіт ағамнан сұраймын.

– Қызықсың ғой. Дауысынан танымадың ба? Мен бірден ұқтым. Таң қалдым. Өзі телефон соқты. Сені сұрады. Бұрыннан таныс екен деп шақырдым.

– Қызық екен, ә. Әлемде адам баласы ойламаған оқиғалар орын ала береді екен ғой. Қасым ағаның телефон соғуы… бұл енді мүмкін менің жеңісім шығар, алған жүлдем болар, Алланың бұйыртқаны ғой.

Қасым ата, Асыл апа! Қандай жақсы адамсыңдар. Алла тағала сіздерден риза болсын!

Журналист Амангелді Сейітханның Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button