Әріптес алаңы

Мұхтар Тайжанның сөзі күдік тудырады

Әу баста «Билік жер мәселесін халық талабына сай шешкісі келсе, онда жер комиссиясының түкке де керегі жоқ» деп жазғанмын. Өйткені ҚР Парламентінің Мәжілісі бұл істі біржола шешіп тастауы тиіс болатын. Ал енді не болып жатыр?

Билік субаренданы заңдастыруға неге жан алысып жатыр? Егер Қазақстан азаматына жер сатылатын болса, онда ол оны шет елге қайта сататыны белгілі. Сондықтан субаренданы биліктің кезекті қақпаны деп түсінуіміз керек. Мұны көтеріп жүрген  Алмасбек Садырбаев -ты билік «қарапайым шаруа» деп алдын ала дайындаған секілді. Жерді сатуды билік емес, шаруа көтеріп отыр деп айту үшін.

Екінші құнарсыз жерді шет елдіктер 25 жылға жалға алып, орман өсіріп беруге неге құлшынып отыр? Қазақтың жері тозбасын деп қытай ақ тер, көк тер болып орман өсіреді дегенге ешкім сенбейді.

Бір қызығы осыған Мұхтар Тайжан сенетін тәрізді.  Мұқаң «Мемлекеттік ормандар мен көлдер жекеге ЕШКІМГЕ сатылмайды, ал шетелдіктерге жалға да берілмейді» дейді де «Кей шетелдік компаниялардың (мұнаймен айналысатын мысалы) Қазақстанда рекультивация жасау – міндет. Сонда олар бізге жаңа ағаштарды егіп береді. Егіп берсін, жердің меншігі бәрібір мемлекеттікі ғой. Ағаштар да біздің жерімізде қалады» дейді.

Бес жылдан бері жер мәселесімен айналысып жүрген азаматтың сөзі ме бұл? Егер шет елдік компания орман еккіш болса, неге ол жерді 25 жылға жалға алу керек? Билік белгілі бір жерді көрсетіп  «Мына жерге ағаш егіңдер» деп айтса жеткілікті емес пе?

Содан кейін шет елдік тек құнарсыз жерге орман егеді дегенге сенім аз. Себебі бұған дейін билік «шет ел денсаулығы нашар баланы ғана асырап алады» деп айтқан. Шын мәнінде ақыл есі бүтін, қол-аяғы сау балалар шет ел асты. Орман өсіруге арналған жер ертең ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануы әбден мүмкін.

Ұзын сөздің қысқасы биліктің «Құнарсыз жер орман үшін сатылады» деген сөзіне сенім жоқ. Бір қызығы осыған Мұхтар Тайжанның сеніп отырғаны күдік тудырады. Сол себепті жер мәселесінде бір адамның аузына қарамай өте сақ болуымыз керек. Айналып келгенде жер мәселесін билік емес, халық өзі алаңда шешетін тәрізді.

Журналист Серік Жолдасбайдын Facebook парақшасынан

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button