Жас толқын жазбасы

Ә. Ыдырысовтың “Боздақ” повесіндегі айшықты ойлар

Әбілфайыз Ыдырысов – қазақ журналистикасына қайталанбас талантымен, қажырлы еңбегімен олжа салған дара тұлға. Алдымен қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің түлеп ұшқан ұланы болса, кейіннен сол жерде жарты ғасырға жуық ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледі. Қазақ журналистикасында газет безендіру, баспа ісі технологиясы саласының негізін қалап, “Газетті безендіру сыры”, “Фототерім”, “Полиграфия өндірісінің негіздері”, “Редактор мен коллекторға көмекші құрал” оқулықтары мен оқу құралдарын жазды, оқытты. Технологиялық үдіріс түсініктері мен машина бөлшектерінің атауларын қазақша жатық, орнықты етіп жеткізуге ұмтылып, тың дүниені игерді, аталған салаға серпін сыйлады. 1920-1950 жылдардағы қазақ журналистикасының тарихын зерттеп, өзінің кандидаттық диссертациясы негізінде үлкен еңбек жазып қалдырды.

Үлгілі ұстаз, шебер публицист, журналистика саласының мүйізі қарағайдай ғалымы! Осының бәрімен қоса Әбілфайыз Ыдырысов қиялы ұшқыр қаламгер, сезімі терең жазушы, жүректен шығып, талай жүректерге жеткен әдеби туындылардың авторы. Төрт кітаптан тұратын “Таңшолпан” романы қалың оқырман көңілінен шығып, әдебиет әлемінде өзіндік орнын алғанын білеміз. Одан бөлек Ә. Ыдырысов бірнеше повестертерді жазып қалдырды. Соның бірі де бірегейі “Боздақ” повесі.

1993 жылдың 27-сәуірінде Ә. Ыдырысов инсультқа шалдығып, сол жақ аяқ қолы жансызданады. Ем алу үшін аталған жылдың қыркүйек айында “Алматы” сайранжайына барған ол өз шығармасының бас кейіпкері Берік Ақбаевпен кездеседі. Қаламгер осы жолғы кездесуден соң жазып бастаған “Боздақ” повесін 1997 жылдың қараша айында Алматы қаласында аяқтаған. Хикаят 8 бөлімнен тұрады:
1. “Боздақ” бұл кім? -Майып
2. Қанаты қиылған қыран ба бұл?
3. Тағдыр тәлкегі ме? Әлде?…
4. Кімге қаһар тігеді ол?
5. Осы тұста не сыр бар?
6. “Құпия” осыдан бастап ашыла ма, қайтеді?
7. “Ақбаев ісі” жайлы
8. ӘШЫХ-тың үкімі.

Оқиға желісін қысқаша баяндасақ: сайранжай асханасында алғаш сөйлескеннен-ақ  Әбілфайыз Ыдырысов пен Берік Ақбаев жақсы тіл табысып кетеді. Сөйтсе, Ә. Ыдырысов журналистика факультетінде қызмет етіп жүрген кездері біздің боздақ филология факультетінде білімгер болған екен. Студент Ақбаевтің “Филфак-журфак бір медальдың екі жағы ғой” дей келе айтқан ұсынысына Әбілфайыз ағайы келісіп, термешілер сайысында қос факультет бірігіп университет намысын қорғаса керек. Ақыры жүлделі бірінші орынды қанжығалаған-ды. Міне, қаншама жылдар өткенде аурумен арпалысып жүрген ескі таныстардың жолдары тоғысып, ұзақ-ұзақ әңгіме-дүкен құрады. Аяғында алғыр Беріктің ауыр дертке душар болуы кісі қастандығынан екенін білген Ә. Ыдырысов оның өмірін оқырманға ой салар деген ниетпен көркем шығарма етіп жазып шығады. Шығарманы жазу барысында автор кейіпкерінен қажет болар деп бірнеше құжаттарды алады. Ол құжаттар:
1. Өмірбаян
2. Өмірбаянның басты, түйінді деректері
3. “Ел игілеріне тілек”
4. Мінездеме – ұсыныс
5. Республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген әдеби-көркем сын, әдебиеттану-зерттеу мақалаларының тізімі
6. “Мәңгі мұрат” (“Егемен Қазақстан”. 1993. 1 қаңтар)
7. “Ақынның азаматтық дауысы” (“Жетісу”. 1989. 23 желтоқсан)
8. “Сенім туралы жырлар” (Ф. Оңғарсынованың ақындығы жайында)
9. “Баспалдақтар”. (Жыр жинағы. Алматы. “Жазушы”. 1987 ж.)
10. “Сын мұраты” (“Лениншіл жас” – “Жас Алаш”. 1990. 2 маусым)

Қолына тие сала құжаттарды оқып шыққан жазушы “Берік – алаштың ерте қор болған азаматы” – деген ой түйеді. Міне, шығарманың алғашқы айшықты ойы – Берік Ақбаевтің азаматтығын көрсетуде болып табылады. Айталық, ұлы Абайдың атын әлемге мәшһүр еткен М. Әуезов “Абай жолы” романында ақынның даналығын, адамгершілігін, прогресшілдігін, тағы да басқа сан қырларын шебер ашты. Құдіретті шығармасы арқылы құрметін арттыра отырып Абайды тұлға ретінде тереңінен таныстырды, үлгі-өнеге боларлық құнарлы дүние жазды. Асқар шыңдарымыздың заңғар биігі Ш. Мұртаза да “Қызыл жебе” романында “елім, жерім, қазағым” деп өткен аса көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың архивте жатқан өмірін әдебиетке әкеп тірілтіп, қалың қазаққа қайсар қыранын танытқан еді. Өткен күндердің сызы мен заманның азғындығын ашып көрсеткен көркем шығарма оқыған жанға ғаламат ғибрат берері даусыз. Ал, Ақбаев Абай болмаса да, Тұрар болмаса да тағдыры бір повеске тұрарлық тұлға еді.

“Мен Беріктің екі қасиетіне: сыншылдық тереңдігіне, публицистік шеберлігіне таң қалдым” – дейді автор. Жоғарыда айтылғандай, Ақбаевтың жыр жинағынан бөлек, баспасөз беттеріне біраз еңбектері шығып жүрді. Әсіресе, Ә. Ыдырысов кейіпкердің “Сенім туралы жырлар” атты Ф. Оңғарсынованың ақындығы жайындағы көлемді еңбегі мен “Азамат экологиясы” атты мақаласына жоғары баға береді. “Егемен Қазақстан”, “Жетісу”, ” Жас Алаш” сынды газет беттеріне шыққан мақалаларынан Беріктің бойындағы турашылдығы мен жазу шеберлігін, аналитикалық талдау қабілетінің тереңдігін айқын көріп, кейіпкердің елім деп еңбек етіп жүрген азамат ретіндегі образын ашады. “Сондай боздақ, азамат, ақын, публицист Ақбаев майып болса да, ол жаңа заманға хал-қадірінше қызмет істеп жүр ғой. Ол дені сау кезінде өнеріміз бен мәдениетіміз, әдебиетіміз үшін жастығына қарамастан қанша қызмет етті. Сол еңбектерінің өзі-ақ оған “Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер” деген атақты беруге әбден лайықты” – дей келе автор нақты ұсыныс айтады.

Осы орайда “Берікке қандай қастандық жасалды, мұндай зұлымдыққа кімдер барды екен?” деген заңды сұрақ туындары сөзсіз. Тарқатайық. 1984 жылы Берік Ақбаев Алматы облыстық комитетінде жұмыс жасап жүргенде, Мәскеуге қоғамдық ғылымдар академиясына жолдама алады. Бұл академияны аяқтап келген адам мансаптың биігіне құлаш сермейтін-ді. Дәл сол үшін де іске “Көреалмасов, Көрсеқызаровтар” араласады.

“Олар бәрін өз қолдарымен қоятын, өз қолдарымен соятын. Не ішем десе – істейтін. Көтерем десе -көтеретін. Құртамын десе -құртатын. Атамын десе – ататын. Жазалаймын десе – жазалайтын! Ақты қара ету де, қараны ақ ету де қолдарынан келетін. Қысқасын айтқанда олар – Құдай да емес, Құдайдан былай да емес болатын! Жерге көктен түскен “тірі құдіреттер” болатын!” Автордың дәл осылай сипаттап отырған “олары” сол заманғы атқамінер алпауыттар екенін байқау, әсте, қиын емес. Ашығын айтқанда, қара бас қамы үшін ала жіптен аттауды әбден әдет еткен бұл кісілерге Ақбаев Беріктің шыншыл, тура мінезі онсызда жақпай жүретін. Ал, енді бүйрегі бұрмағаны былай тұрсын, тым жақтырмай жүрген әріптестері Беріктің осындай үлкен мүмкіншілікке ие болғанын көре алмай, мансап биігіне өздері шыққысы келген азаматтар адамшылықтан аттап, арамза айлаға көшеді. Міне, Ә. Ыдырысов “Боздақ” повесінде негіздеген екінші айшықты ой – адам бойындағы адамшылық қасиеттер. Дәрігерлер оқуға құжат жинап, дайындалып жүрген Ақбаевті медициналық тексеру кезінде бастырмаң бар деп операцияға көндіреді. Жай қазақи балгер сұқ саусақпен басып, құлан-таза жазып жіберетін баспаны пәленбай жыл құлақ, тамақ, тыныс жолдарын меңгерген дәрігер Мария Степанова бірден сылып тастай алмайды. Себебі жоғары жақтың бұйрығы осылай болды. “Жан қымбат, жеп жүрген нан қымбат” дегендей, амалы қалмаған Клементьева Мария Степановна
заман әлегінен болар мүмкін, қандықолдармен ауызжаласуға мәжбүр болады. Ақыры бір айда үш рет қатарынан пышаққа түскен боздақ сал болып қалады. Мұнымен автордың ұғындырғысы келген ойы – адамгершіліктен аттап, жас жанның тағдырын тәлкекке салған көрсеқызарлық, көреалмаушылық, қатыгездік сынды қасиеттер шеңберінде. “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” – деген пафосқа айналып кеткен сөз бар ғой. Сәйкесінше, қаламгер шығармасында қандай да болсын жаман қасиеттерді кең көлемде көрсете отырып, оның адам өмірін өксіткенін баяндай отырып, жаманнан жиренуге үгіттейді.

Қаламгер қозғаған үшінші негізгі ой – денсаулық мәселесі. Қарбалас өмірдің қамымен жүріп, қолдағы алтынның қадірін білмейтін сәттеріміз аз емес. Байлықты бақуаттылық деп, дәулетті дүние деп ұғып, қу тіршіліктегі қайырылмас байлық та, дәулет те денсаулық екенін ұмытып жатамыз. “Бәрі басқаша. Бәрі құлаққа ұрған танадай. Өмір тоқтап қалғандай. Тіршілікте тек тыныштық орнағандай… Сарғайтып, сарылтып өтпейтін уақыт… Бір-біріне ұқсас күндер мен түндер. Бас көтеріп, ең болмаса, терезеден тысқа көз салғың келеді. Оған да дәрмен жоқ”. Автор шығармасында осы сынды дертке дауа табылмай қинайтын сәттерді көптеп бейнелейді. Себебі бас кейіпкер Беріктің өмірін басқа бағытқа бұрып жіберген нәрсе денсаулығының нашарлауы болды емес пе? Оның үстіне, Ә. Ыдырысов “Боздақ” повесін жазған шағы инсульт алып, аурудың азабын татып жүрген кезі еді. Демек, шығармада “денсаулық – басты байлық” деген ойдың айшықталуы орынды құбылыс, әрі оқырманға ой салатын мағыналы да мәнді дүние.

Жазушы “Боздақ” хикаятында өміршең тақырыптарды көтере білді. “Боздақ” деп ерекше тақырып қойған повесінде сол боздақтың өмірімен астастыра заман шындығын көрсетті. Мәңгі өшпес тақырып – адам бойындағы адамшылық қасиеттер турасында нелер терең ой қозғады. Ерекше орамды тілімен, оқиғаны шебер жеткізе отырып оқырман көкейіне ой салар астарлы да асыл дүние жазып қалдырды.

Ұлттық журналистика ғылымының ақсақалы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұзақ жыл ұстаздық қызмет жасаған, елімізге еңбегі сіңген қайраткер, “Қазақстан журналисттер одағы” сыйлығының бірнеше дүркін иегері, профессор Әбілфайыз Ыдырысов өзінің еңбек жолында ерен ерлік көрсетті. Қазақ әдебиетіне қосқан үлесі бір төбе. “Бір бойына бар дарынды құйып құйғандай” деген теңеу орынды болар осы орайда. Мұқағали мұзбалақтың тілінде айтсақ күпі киген қазақтың әдебиетіне шекпен жапқан шоқтығы биік қаламгер шығармашылығы дара, ерекше, өнегелі. Ал Берік Ақбаев жайлы хикаяты әдебиет сүйер қауымның көңілінен шығып, көптердің көкейіне ой салатын, тағылымды шығарма. Әбілфайыз Ыдырысов “Боздақ” повесінде айшықтаған ойлар адамзат үшін асыл білім, ізденгенге маржан, түсінгенге ғибрат!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің

1-курс студенті  Баян Мұратбекқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button