Әріптес алаңы

Қазақтың спорт тарихшысы

Жақында белгілі қаламгер, спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбек «Қазақтың 72 бапкері» мен «Саңлақ» деген кітаптарын шығарып, оқырман қауымды қуантты.
Қыдырбек ағаны қазақтың қалың оқырманы өткен ғасырдың 80-жылдарынан жақсы біледі. Ол кісі қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұлов басқарған «Лениншіл жас» газетінде қарымды қаламгер Несіп Жүнісбайұлымен бірге спорт тақырыбында қалам тартты. Сол кезден бері ол еліміздің барлық жаттықтырушыларымен, спортшыларымен, спорт мамандарымен, басшыларымен, ардагерлерімен етене араласып, олардың бәрін жастар газеті мен басқа да басылымдарға жазып, аттарын қазақтың кең жазиралы даласына танытты. Одан кейін Қыдыр аға өзі басшылық қызметке барып, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті.
Қыдыр аға бір кездескенде:
-Білесің бе, қазір біз балаларды, жастарды күні бойы жаттықтырмай, оларға әдеби кітап оқытып жатырмыз, -деген еді.
Мұны қаламгер Олимпиада чемпиондарының ұстаханасына айналған Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының директоры кезінде айтқан болатын. Сол кезде біз, бір топ журналист спорт ордасынан жақсы әсер алып, қайтқан едік.
Қыдырбек ағаның өзі «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» деректі жинақтарының идея авторы әрі құрастырушысы. Сонымен бірге ол «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат», «Берікқазы», «Тұрлықан Қасенұлы» кітаптарының авторы. Ал жаңа шыққан «Қазақтың 72 бапкері» кітабына XX, XXI ғасырлардағы таңдаулы 120-дан аса бапкері пен олардың 500-ден астам шәкірттері туралы деректер мен материалдар еніп отыр. Бұл еңбек еліміздің спорт тарихындағы белді жаттықтырушылары туралы жазылған тұңғыш толымды кітап. Ал «Саңлақ» жинағында спортшылардың жеңіс жолы туралы деректер жазылған.
-Былтырғы жылдың соңында «Қазақтың 72 бапкері» атты тарихи-деректі толымды еңбекке қоса (528 бет) пышақтың қырындай ғана «Саңлақ» (78 бет) кітабым жарық көрді. Екеуі де желтоқсан айында оқырманға жол тартты. Екеуі де спортқа шындап байланған қырық жылға таяу уақыттағы ізденіс пен осы салаға махаббатпен берілген еңбектің жемісі. «Саңлаққа» Қаркен Ахметұлы, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Ораз Қаңлыбаев, Тимур Сегізбаев, Жәнібек Сауранбаев, Құралбек Ордабаев, Дендербай Егізов, Жүсіп Хисымов, Мұрат Жексенбеков, Серік Төкеев, Асқар Шайхиев, Марат Сатыбалдиев секілді дарабоздар туралы деректі дүниелер мен Еуропаны ұтқан қазақ спортшылары және ХХ ғасырдағы алаштың ең таңдаулы 10 мықтысы жайлы мақалалар енсе, бұған дейін ФБ-да бірнеше мәрте айтылған «Қазақтың 72 бапкері» кітабына біздің халықтың маңдайына басқан ең майталман жаттықтырушылары мен олардың шәкірттері туралы деректер кірді.
Осы кітаптарға шыққан адамдардың бәрімен жақсы араластым. Тек екеуімен ғана сөйлесе алмадым. Оның біреуі 1969 жылы қайтыс болған Октябрь Жарылғапов, екіншісі – 1996 жылы қайтқан Кеңес Омарұлы. Кітапқа әр кейіпкердің суретін ертең біздің ұрпағымыз 50-100 жылдан кейін мақтанып айтып отыратындай етіп әдейі түсірткіздім, -дейді ол.
Ендеше, жалғыз өзі халқымыздың маңдайының жұлдыздарына айналған майталман жаттықтырушылар мен олардың шәкірттері туралы деректер мен материалдар жазып, тұтас ғылыми институттың жұмысын атқарған Қыдырбек ағаны қос қуанышымен құттықтай отырып, жазарыңыз, қуаныштарыңыз көп болсын дегім келеді.
Журналист Дастан Кенжалиннің Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button