BaqMedia күнтізбесі

«Жас Алаш» газетіне – 100 жыл

«Жас Алаш» — жастарға арналған ең байырғы және беделді республикалық басылым. Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы Ұ.Мұратбаев, жауапты хатшысы І.Жансүгіров болды. Сол кездегі қаржы тапшылығына, т.б. себептерге байланысты басылым “Жас қайрат” (1925), “Өртең”, “Жас қазақ” (1923) газеттері және осы аттас журнал түрінде шығып тұрды. Газеттің жабылып қалмауын ойлаған С.Садуақасов. А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтар “Еңбекші қазақтың” бір бетін “Лениншіл жас” деген атпен де шығарған. Газет 1927 жылы 22 қыркүйектен “Лениншіл жас” деген атпен шыға бастады. Бұл басылым қай кезде де қазақ жастарының азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін газетке “Жас алаш” атауы қайтарылды. 2000 жылы ұлттық баспасөз клубы, Қазақстан баспасөз клубы, “Алтын жұлдыз” орталығымен бірігіп өткізген дәстүрлі “Алтын жұлдыз” бәйгесінде “Жас Алаш” жылдың ең үздік газеті атанып, “Алтын жұлдыз” белгісімен, газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрді дамытуға сіңірген еңбегі үшін жылдың таңдаулы “Алтын адам” сыйлығымен марапатталды. “Студент”, “Руханият”, “Алдаспан”, “Мыңнан бір мезет”, “Ақ отау”, т.б. қосымшалары бар. Жалпыұлттық қазақ басылымы. «Жас Алаш» — үлкен-кіші үзбей оқитын дәстүрлі әрі жаңаша басылым. Қазақстандағы белгілі де беделді журналистика кадрларын тәрбиелеп шығарған ұстахана іспетті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, журналистикасы мен публицистикасының небір майталмандары жұмыстарын алғаш рет осы қарашаңырақтан бастаған.

Жас Алаш» — 15 жастағы жасөспірімдерден бастап, алпыстан асқан ақсақалдарға дейінгі аралықтағылардың сұранысына ие, беделді әрі жаңашыл басылым. Басылымның негізгі оқырмандары — жоғары білімді азаматтар, жоғары оқу орындарының студенттері, әр деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым ауыл тұрғындары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button