Шенеуніктер журналистен қашады

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінде өткен жиында да жүктелген міндеттерді орындау үшін бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жолға қоюды, ал Үкіметке министрліктің жұмысын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. «Яғни полицияның жұмысы – қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет», – деген Президент «полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс» екендігін атап көрсетті. Өз кезегінде Ішкі істер министрі де ішкі істер органдарының қызметін жетілдірудің басым бағыттарының бірі – азаматтық қоғаммен әріптестік қатынастарды, халықпен өзара байланыс жасаудың әртүрлі әдістерін қолдану және оны дамыту болып табылатындығы туралы айтты. «Адамдармен тікелей диалог жасау барысында дереу шешуді қажет ететін мәселелер белгілі болады. Полицияның басты міндеті – азаматтардың мәселелерін шешуге көмектесу. Ішкі істер министрлігіне ҚР Ішкі істер министрлігі / Министерство внутренних дел РК берілетін баға осы жұмысқа байланысты, – деп атап өткен еді бас полицей. Ерлан Тұрғымбаев алайда Алматы облысы ПД басшысынан сұхбат алу туралы сұрауымыздың соңы сиырқұймышақталып кетті. Жыл басында халыққа жақын болу үшін ашылған әлеуметтік желідегі парақшасына әдемілеп хат жазғанбыз. Оқылғанымен, жауап берілген жоқ. Баспасөз қызметінің басшысы Ақбота Қуанышбекқызымен тілдесіп, елдегі карантиндік ахуалға байланысты бастығынан сұхбатты онлайн форматта алуды сұраған едік. Ақпанның соңында Серік Мырзақұлұлы сұхбат беруге келіскенін айтып, сүйінші хабарын айтқан. Не керек, күнде ертеңмен наурызды да бітірдік. Шамалап сауалымызды да жіберіп, артынша ресми хатымызды да қоса бердік. Алайда жақында ресми хатымызға жауап келіпті. Онда «санитарлық жағдайларға байланысты департамент басшылығымен кездесу шектелді» деп қысқа қайырған. Сонымен бірге, жедел іс-шаралар көптігіне байланысты көрсетілген шараның жүзеге асырылуы мүмкін болмайтынын, қандай да бір ақпарат алу үшін ресми әлеуметтік желідегі парақшалар мен ресми хат жолдауға болатынын жеткізіпті. Ал біз өз тарапымыздан үш айдан бері генералмен бетпе-бет кездесуді емес, онлайнда тілдесуді ұйымдастырып беруін сұрап жүрміз. Екіншіден, баспасөз қызметтерінің жаттанды сөзі болған «ресми сұрау хат» арқылы да тұщымды жауап болмаған соң, қос-қостап сұрауымызды ресмилендіре беруден пайда жоқ секілді. Үшіншіден, әлеуметтік желі сұраққа жауап алудың мүмкін еместігін жыл басында жауапсыз қалған хатымнан-ақ байқауға болады. Полицейлердің оң имиджін қалыптастырып, халық арасындағы қатып қалған қасаң қағиданы өзгерту үшін халықтың арыз-шағымын тыңдап, алғаш болып аймақтағы полиция департаменттерінің арасында дәстүрлі түрде апта сайын онлайнда тілдесіп жүрген Серік Күдебаевтың бұл ісін қуана қабылдадық. Сол үшін де халықтың ықыласын алып жүрген, көп жылдық еңбегін ескеріп ең алғаш болып осы облыстағы құқық қорғау қызметкерлерінің жай-күйін, атқарылар істерін білмек болуға ниет еткен едік. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін баспасөз бөлімінің басшысы телефон тұтқасын көтермейді. Әнебір жылдары Мәжілісте Ақпарат және коммуникациялар туралы заң жобасына енгізілген өзгерістерді таныстырған сол кездегі ақпаратқа жауапты министр Дәурен Абаев «журналистердің сауалдарына жауап бермеген шенеуніктердің жалақысы кесілуі мүмкін» деп қуантып қойып еді. Тіпті, сол кезде министр журналистердің сұрағына жауап бермеген қызметкер жұмыстан шығарылуы қарастырылғанын айтқан. Бірақ, баяғы жартас сол жартас. Камерадан қашқандардың қалтасы жұқарып, креслосынан түскенін көрген емеспіз. Халық қалаулылары да журналистердің сауалына берілген жауаптың екі аптада ескіріп кететінін, құзырлы орындардың басшылары БАҚ өкілдеріне пікір бермеуі, жауап берілген ақпараттың сапасыздығы айтып шағымданатын журналистердің қатары көп екенін жиі айтады. Қазір журналистердің 90 пайызы алған жауаптарына көңілдері толмайды.
Мемлекеттік органдар БАҚ сауалына 7 күнде, егер 7 күнде үлгермейтін болса, жазбаша хатта себебін айтып 7 күн ішінде хабарласып, тағы 7 күнге рұқсат алуы тиіс. Бірақ резонанс тудырған жағдайда шұғыл жауап беруі міндеттелген. Шұғыл жауап бергенін де көргенбіз. Карантин кезінде берілген өтемақы төңірегіндегі сауалымыздың жауабын алу үшін құзырлы орынның қызметкерлері онлайнда жүргендерін айтып оңай құтылған. Жақында Қорғаныс министрлігінен елдегі қанша әскери қызметкер өтемақы алатынын білмек болып, ресми сұрау хат жібердік. Баспасөз бөлімінің мамандары жауапты бір-біріне сілтеп, жеті күнде жөнін айтуы тиіс қызметкерден қайтара жауапты сол бойы ала алмағанбыз.