Жас толқын жазбасы

Азамат Қасым, «Altai» телеарнасының шеф-редакторы: «Жас журналиске керегі – ізденіс»

Шенеуніктің сөзден таюы үйреншікті. Ал журналисті оқырманы сөзінен жалтартпайды. Ол заң жүзінде де, ар алдында да жауап береді. Журналистің қай кезде де – жазғанына айғағы дайын жүру керек екеніне Азамат Қасымның басынан өткен бір жәйт дәлел.

– Журналистикаға қалай келдіңіз, әу бастағы мақсатыңыз ба еді?

Шынымды айтсам, журналист болуды армандаған жоқпын.  11 сыныпты бітірер жылы ғана шешім қабылдадым. Оған себеп – ауылдағы Өміржан деген ағамыз еді. Кезінде менің атам Көшербай осы Өміржан ағамыздың үйленіп, шаңырақ көтеруіне сеп болған екен.

Сол Өміржан ағамыз мен мектеп бітірген жылы: «Азаматты Алматыға оқуға алып кетемін, бұл – мойнымдағы парызым.  Атасы кезінде маған көмектесіп еді» деп, мені Алматыға әкелді. Мен географ не тарихшы болатын шығармын деп ойлағам.  Бірақ, 2002 жылы  Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне түстім.

Біздің топта 30 студент болды. Он ұл, жиырмықыз оқыдық. Бәрі еліміздің түпкір-түпкірінен келген, шетінен ширақ жалынды жастар болды. Олардың журналист болуға ынта-ықыласын көріп, менің де қызығушылығым артты. 1-курста-ақ Алматы қаласындағы «Сақшы» газетіне мақала жаза бастадым. Одан кейін, 2006-жылы, «Алматы ақшамы»  газетіне жұмысқа орналастым. Сөйтіп,қаламы қарымды журналистерден үлгі алып, тәжірибе жинап, қалыптастым.

– Әр мамандықтың қызығы мен шыжығықатар жүреді. Өмірлік сабақ болған бір оқиғаны айтсаңыз?

Иә, әр кәсіптің қызығы да, қиыншылығы да болады ғой. Әсіресе, журналистер оқиғаның басы-қасында жүргендіктен, түрлі жағдайларға куә болады. Менің бір хикаямды айтып берсем. Жас маман үшін өмірдлік сабақ десе де болады.

«Алматы ақшамы» газетінде жұмыс істеп жүргенде бір жиынға бардым. Онда қандас ағайындардың көшіп келу жайы сөз болды. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағындағы Көші-қон комитетінің төрағасы  болған Қабылсаят Әбішев баяндама жасады. Журналистер өте аз келген екен. Тілшілерден менен басқа тағы бір-екі журналист болды ғой деймін. Сол жиындағы баяндаманы диктофонға толық жазып алдым. Газетке сол жиыннан дайындаған мақаланы шығардық. Жиында комитет төрағасы кейбір қандастардың елден берілген көмекті  заңсыз алып жүргені  туралы айтқан еді. Арасында енді, «масылдары көп, шеттен келіп елдің жеңілдігін алып, елден кетіп қалады, Талдықорғанда құжаттар сатылып жатыр» деген сияқты әңгімелер де болды. Ол кісінің айтқан сөзінің бәрін мақалада жаздым. Айтпақшы, Қабылсаят Әбішев сол жиында: «жеңілдікті заңсыз пайдаланып жатқан ағайындарды соттап жатырмыз» деген. Менің мақаламды оқыған болуы керек, «Жас Алаш» газетінің тілшісі «Көші-қон комитетінің төрағасы қызметке тұрғалы  қандастарды соттаумен келеді» деген  проблемалық мақала жариялады. Сол мақала Қабылсаят Әбішевке де жеткен болу керек. Сол күні «Хабар» телеарнасынан да көрсетілді. Ақыры бұл мәселе Парламентте талқыланды. Сол кезде Көші-қон комитетінің төрағасы: «мен «Алматы ақшамы»  газетінің журналисін көрген жоқпын. Ол микрофонға жазып алған болу керек» деген пікір айтыпты. Диктофон мен микрофонды шатыстырған сірә.  Соданбір күні «Алматы ақшамы» газетінің редакторы Қали Сәрсенбаев ағамыз мені шақырып,  «Азамат, ойбай, мына мақалаң шу болып жатыр. Сенде диктофонда  жазылғаны бар ма? » деп сұрады. Мен таспа толық сақтаулы тұрғанын айттым. Содан ол кісі: «Сен маған диктофоныңды бер. Ішіндегі жазбаларды көшіріп көбейтейік» деді. Сол кездегі көші-қон мәселесіне жетекшілік ететін Парламент Мәжілісі депутаты Уалихан Қалижанға хат жазуға тура келді. «Шынымен осындай жиын өтті. Қабылсаят Әбішевтің айтқаны, журналистердің жазғаны бәрі рас» деп, хат жібердік. Сөйтіп, бұл шу әйтеуір басылды. Бұл – мен үшін сабақ болған оқиғалардың бірі.

Журналиске жұмыс барысында қандай талаптар мен міндеттер қойылады?

Журналиске қойылатын талап әртүрлі. Басты талап – жауапкершілік. Сосын, жазған дүниеңнің шынайылығы. Ақпаратты тексеру, материал жазғанда мүмкіндігінше әбден зерттеп, саралап, кез келген мәселе жөнінде барлық  тараптың пікірін беру керек. Қазір енді, пресс-релизді үйде отырып жазатын журналистер көбейді ғой. Дегенмен, журналист болған соң – көзбен көріп жазған дұрыс. Материал шынайы шығады, өзің де көзіңді жеткізесің.

Қазір қоғамдағы журналистің рөлі қандай?

Бұрын да, қазір де журналистің қоғамдағы рөлі өте маңызды. «Журналист халық пен билік арасындағы алтын көпір» деп айтамыз ғой. Әсіресе, қазақ журналистеріне артылар жауапкершілік үлкен.Өйткені, Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толса да, елде шешілмеген ұлттық мәселелер баршылық. Соны көтеретін қазақ журналистері. Ерлан Қариннің:«Қазақ журналистері Ұлттық партияның рөлін атқарып отыр» деп айтқаны бар.

Қазір талаптар, форматтар, құндылықтарөзгеріп жатыр. Журналист үлкен ағартушылық қызмет атқаратынын естен шығармаған абзалСондықтан журналист сауатты болуы керек.

Сіздің ойыңызша, журналистің қоғамға берер пайдасы қандай?

«Елде қаншама адам баспанасыз жүр» деп, бір мәселені ғана алсақ, соны жеткізетін журналист. Өзі баспанасыз жүріп,  баспанасы жоқ адамдардың мәселесін көтереді. Бір жағынан, журналистердің мәртебесі де айқындалмаған. Мемлекеттік қызметкерлер сияқты баспана алуға және басқа да жеңілдіктерге ілікпейді. Не мемлекеттік қызметкердің қатарына жатпайды. Былайшаайтқанда, мәртебесі жоқ. Соған қарамастанжурналистер елге қызмет етуін жалғастырып келеді және қызмет ете береді.

– Жас журналистке берер кеңесіңіз қандай?

Журналистер алдымен ізденімпаз болуы керек деп ойлаймын. Бұл мамандық иесі кітапты көп оқуы керек және сол арқылы сөздік қорын байытқаны дұрыс. Журналистика саласындағы тәжірибелі, озық  журналистердің жазған дүниелерін оқып, оның ерекшеліктерін бойына сіңіріп, үнемі ізденісте болса, жетістікке жетеді деп ойлаймын. Ең бастысы – білім керек. Тағы бір дүние – осы бастан өндірістік тәжірибеден өткен дұрыс. Теория мен практиканы ұштастырған журналист мықты болып шығады. Теория да керек, бірақ тәжірибенің орны бөлек. Маман қателеседі, сөзден сүрінеді, бірақ содан сабақ алады. Сөйтіп, мол тәжірибе жиайды. Алдыңғы аға буынның ақыл-кеңесін тыңдаған да артық етпейді. Журналист – тынбай іздену арқылы ғана мұратына жете алады. Осыны естен әсте шығармау керек.
   

Зарина Кәп                                                          Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті, журналистика мамандығының 2 курс студенті

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button