Әріптес алаңы

Саммитте қай басшы не айтты?

Түркі Кеңесінің бейресми саммиті туралы кешірек болса да «беш тиынымды» қосқым келіп кетті.

Кеше тәуелсіз алты түркі мемлекетінің басшылары бар, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мажарстан премьері бар онлайнда біраз  әңгімелескенін көрдік. Негізі өз басым кездесудің оффлайнда өтіп,  ресми баяндамалардан бөлек үлкендердің  оңаша шүйіркелескенін құп көрер едім. Бірақ  оған пандемия  мұрша берер емес. Дегенмен Кеңес мүшелері күзде ұйым атауын өзгертуге әбден бекінгені байқалады. 2019 жылы Н.Назарбаевтың Бакуде айтқан ұсынысын  кеңес мүшелері әбден пысықтаған сыңайлы. Бәлкім «одақ», бәлкім «ынтымақтастық ұйымы» деген тәрізді бір атау алар, әзірге ол жағы беймәлім. Бірақ  нақты ұйымға айналатыны анық болды.

Саммитте қай басшы қандай ой айтты дегенге келер болсақ, Нұрсұлтан Назарбаев ұйым мүшелерін АҚШ, ЕО, Ресей, Қытай тәрізді алпауыт  елдердің текетіресіннен абай болуды ескерткендей сыңай танытты. Яғни алпауыттарға үндеу жолдаған сыңай танытқанмен, іс жүзінде өзіміздің тым сақ болуымыз маңызды екенін, «қосақ арасында бос кетпеуді» тұспалдады.  Ашық айтпаса да соны ұқтым. Сонымен бірге «Тұран дәлізі» деген сөзді айтты. Қоғамда Тұран сөзінің соңғы бірер айда «хит» болғанын тиісті мамандар Елбасыға ескерткен сыңайлы. Сөйтіп, атақты атаумен  төңірекке месседж жолдады деп білем.  Ал Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиёев экономика мәселесіне көбірек көңіл бөлді. Түбі Түркі инвестициялық қоры мен Түркі даму банкі құрылатын шығар. Біреуі Тоқаевтың ұсынысы, екіншісі Мирзиёевтікі.  Қасым-Жомарт Тоқаев 50 білім грантын беру, «Ұлы түркілер» білім қорын құру бастамаларымен елдің назарын аударса, Мирзииев «Табаррук зиёрат» деген жоба туралы айтты.  Яғни киелі жерлерге тәу ету  туризмі. Оны тарихымыздағы діни қайраткерлерді насихаттау ісімен байланыстырды. Яғни, түркі әлеміндегі киелі жерлерге тәу етушілерге ыңғайлы маршрут жасауды айтты. Бірақ, Шавкат мырза Түркі кеңесінің бұрыңғы саммиттерінің бірінде туризм мәселесі, соның ішінде діни туризм жайлы да қозғалғанын есінен шығарып алды-ау шамасы. Бәлкім И.Кәрімов кезінде айтылған  ойларды Өзбек президентінің протоколы сәл өзгертіп, тұтас туризмнен тәу етуді бөліп көрсеткісі келген шығар. Ол жағын білмеймін. Екіншіден, ортақ тарихымызда ізі қалған діни қайраткерлерді насихаттауды алға тарту арқылы Мирзиёев Қожа Ахмет Ясауидің  ұстаздарын, Бұхара мен Самарқанда жатқан дін ғалымдарын тұспалдап отыр ма деп қалдым.  Осылайша түркілердің бәрібір мәдени-рухани салада іштей бәсекелес екені, бір-біріне мақтану үшін тарихтағы  тұлғаларды көртесуге һәм меншіктеуге әзір тұратыны  сезіліп қалды. Ердоған мен Әлиев Таулы Қарабақ мәселесіне көбірек көңіл аударды. Сонымен бірге Түркия президенті Солтүстік Кипр түрік республикасын өзгелердің тануы үшін Кеңеске салмақ салатынға ұқсайды. Кипрлік түріктердің  құқын ұмытпайық дегенге саятын сөз айтты. Сонымен бірге Ердоғанның Түркіменстанның Кеңеске мүше болғанын тілейтіні белгілі болды. Бірақ оған Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов реакция білдірмеген сыңайлы. Керісінше түркімен жетекшісі  екі сөзінің бірінде БҰҰ-ын атаумен болды. Бірақатар ұсыныстары да бар екен. Энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика және экология мәселесін айтты Ғұрбанғұлы мырза. Сонымен бірге Арал мәселесіне тоқталды. Бердімұхамедов Арал мәселесі күллі түркіге ортақ екенін айтты. Меніңше шынында да Арал тағдыры алты  түркі мемлекетінің кемі үшеуіне, әйтпесе төртеуіне ортақ дүние ғой. Зардабы тіпті жаһандық масштабқа кетеді.

Қырғыз басшысы Сапар Жапаровтың баяндамасы жалпылама сипатта болды. Тек алда-жалда Түркі иневстициялық қоры құрыла қалса, оның штаб-пәтері Бішкекте болса деген тілегін айтты.

Ең қызығы  өткен саммиттерде қабылданған  шешімдердің қаншалықты орындалып жатқаны жайлы айтқандар аз болды. Шамасы көп дүние әлі іске аспай жатқанға ұқсайды. Мәселен, 2014 жылғы Бодрум  саммитінде Н.Назарбаев түркі әлемінің телеарнасын құру идеясын айтқан. Бірақ ондай телеарна құрылған жоқ. Айта берсе мысал көп. Өз басым Түркі кеңесі саммиттерінде берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келе жатқан  тек Халықаралық Түркі академиясы  ғана деп білемін.  Бірақ осы жолғы жиында бұл құрылым жайлы  Түркия мен Қазақстан президенті ғана атап өтті.

Қысқасы түркі интеграциясы өте күрделі процес екенін  осы жолы да байқадық. Каспийдің арғы жағы мен бергі жағының  ұстанымдарында әлі де болса алшақтық жатыр.  Бергі бет Кеңестің  экономикалық мақсаттарға басымдық бергенін қаласа, арғы беттегілер саяси жағына көбірек көңіл аударғанын құп көретін сыңайлы. Демек интеграция тағы біраз жыл мәдени-гуманитарлық бағытта, «сіз, біз» десумен жалғасатын шығар. «Тұран әскерін жасақтау» дейтін қиял алдағы 20-25 жылда мүмкін болмайды. Тіпті ешқашан әскери одақ құрылмауы мүмкін.

Уот, менің «беш тиыным» осы 🙂

Журналист Амангелді Құрметұлының Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button