Әріптес алаңы

Жазу-жауапкершілік

Кеше қазақтың небір классик қаламгері мүше болған Қазақстан Жазушылар Одағына қабылданып, жазу алдындағы жауапкершілігімізді шын сезіндік.
Куәлігімізді аталған басқарманың төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек аға Есдәулет өз қолымен табыстады. Іс-шара ҚЖО-ның Нұр-Сұлтан қалалық филиалында өтіп, Одақтың хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек аға Айтұлы мен елоралық филиал директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы ағаларымыз ақ тілектерін айтты.
Ұлықбек Есдәулет, Ақберен Елгезек, Дәулеткерей Кәпұлы бастаған ағаларға айрықша алғыс. Алдыңғы буынның бізге осылай сенім білдіріп, болашағымыздан зор үміт күткендіктерінің өзі неге тұрады?
Куәлікті алып тұрып сөйлеген сөзімізде де айттық, осы жерге де жазуды жөн көрдік: Жазушылар Одағымен бірге ел газеті – «Егемен» де әдебиетке ғасырдан аса уақыт қызмет етіп келе жатқан үлкен мектеп. Газетті басқарған редакторлардың барылығы дерлік осы Одақтың мүшесі. Билетімді бас басылымнан барып алғанымды тамаша ырымға баладым. Ақ жол тілеп жатқан төрағамыз Дархан аға Қуандықұлына да ерекше рахмет.
Жазу – жауапкершілік, сөз – серт, әдебиет – әлем. Осы әлемге татымды туынды бере алсақ, үміттің ақталғандығы, еңбектің өтелгендігі. Ал енді «билет қалтада, әдебиет қайда барады?» десек қатты қателесеміз.
Иә, бұл куәлік адамнан ақын шығармайды немесе жазушы жасамайды, алайда санатта жүргізеді, сапаға ұмтылдырады.
Жазушылар Одағына 1337-ші болып тіркелген кім десе біз деп білерсіздер)
Ақ тілек жаудырып жатқан жақсыларыма көп рахмет!
                                                                                 Журналист Мирас Асанның Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button