«Менің өлкем» газетінің мерейтойы

Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газетінің алғашқы саны осыдан 10 жыл бұрын жарық көрген. Жекеменшік БАҚ-тың өміршеңдігі – оқырманның ықыласына тікелей байланысты ғой. Осы күнге жеткеніміз бірінші кезекте қалың елдің қолдауының арқасы. Басылымның басты бағыты – шындық шырағын өшірмей, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Бәлкім содан да болар, журналистеріміз қай елді мекенге барса да көптің алғаусыз көңілін, селкеусіз ниетін байқайды. Сандарды сөйлетсек, он жылда газеттің 941 нөмірі жарыққа шықты. 5 редактор ауысты. Елдің мәселесін билік басындағыларға жеткізу үшін 2292 сұраухат жіберілді. Өзекті мәселе айдарымен 500-ден аса мақала жарияланды. Басылымның рекордтық тиражы 2014 жылы 7 мыңға жетті. «Менің өлкемнен» түлеп ұшқандар бүгінде республикалық, облыстық телеарналарда, газеттер мен сайттарда, халықаралық ақпарат агенттіктерінде, әкімдіктер мен түрлі мекемелердегі баспасөз қызметтерінде жемісті еңбек етуде. Ауқымды аламандарда арындай шауып, бас жүлдені қанжығаға байлап жүргендер де баршылық.
Газет тарихына үңілсек
2011 жылдың қаңтар айында газеттің алғашқы саны жарық көрді. Әуелде меншік ретінде «Регион» баспа үйі жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болғанымен, 2019 жылдың ақпан айында жеке ЖШС болып бөлініп шықты. Ресми атауы – «Шығыс жаңалықтары». Газет ашылғалы бері директорлықтың тізгінін Мұқажанов Ерболат Қазбекұлы ұстап келеді. Тұңғыш нөмір 5 қаңтарда баспадан шығып, облысымыздың бірқатар елді мекендеріне тегін таратылған еді. Оның тиражы 3000 дананы құраған. Оқырман тарту үшін Ерболат Қазбекұлы мен редакция қызметкерлері Аягөз, Күршім, Үржар, Тарбағатай, Ұлан, Жарма аудандары мен Өскемен қаласында жарнама баннерлерін дүкен есіктері мен киоскілерге жабыстырып, тұрғындарға арнайы дайындалған парақшаларды таратты. Осының нәтижесінде газетке жазылғандар саны күн сайын артып, тұрақты оқырмандар пайда бола бастаған.
Әуел баста Өскемен қалалық «Мой город» газетінің қазақша нұсқасы ретінде шыққан газет редакциясында директор, редактор, журналистер мен корректорды қосқанда бас-аяғы бес-ақ адам жұмыс істейтін. 10 жыл ішінде ұжымның қалыптасуы барысында көптеген өзгерістер болды: 5 редактор, 20-ға жуық журналист, 5 корректор ауысты. Газеттің қалыптасуына олардың әрқайсысы өзіндік ізін қалдырды десек – артық айтқандық емес. Уақыт өте келе басылым өз мақсатын, өз жолын айқындап, оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын газеттерінің біріне айналды. Осы уақыт мұғдарында облыс аумағы бойынша аяқ жеткен жердің бәріне барып, ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелер туралы қалам тербеп, өмір жолы өнеге бола білетін қызықты кейіпкерлерді оқырманға таныстыра білді. Қазіргі уақытта редакция журналистері талай жүлделерге ие болып, биік белестерді бағындыруда. Мұның бәрі әрине, еткен еңбек пен төккен тердің нәтижесі. Газеттің басты мақсаты – оқырманға сапалы ақпаратты уақытында беріп, жақсылықтың жаршысы, жамандықтың сыншысы болу. Тек қана ақпарат таратып қоймай, қандай да бір әділетсіздікке тап болған қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Бұқара мен билік басындағылардың ортасын жалғайтын алтын көпір бола білу.
Ең көп оқырман – Күршімде
Газет директоры әр ауданның, әр ауылдың «Қазпоштасымен» байланыс орнатып, жазылыммен қатар газетті ашық саудаға шығарған. Газеттің тиражы 2011-2012 жылдары 3000-5000 арасында болса, 2013-2014 жылдары 5000 нан 7000-ға дейін жеткен. 2015-2017 жылдары 5000-6000 дана деңгейінде жарық көріп отырса, 2018-2020 жылдары 3000-4000 шамасында болды. Газетке жазылған оқырман санынан бірінші орынды – Күршім, екінші орынды – Тарбағатай, үшінші орынды Зайсан ауданы алады.
«Менің өлкем» газеті әуел баста 28 беттік болып жарық көрген. Мемлекеттік тапсырыстар келіп түскенде немесе газеттің сол нөміріне шығуы тиіс өзекті мақалалар көп болған жағдайда бет саны 32-ге дейін өседі. Ал қазіргі уақытта газет 24 беттен тұрады. Қажет кезде тағы да 4 бет қосылуы мүмкін.
Он жыл ішінде басылым облыстың түгел дерлік басқарма, департамент, аудан-қала әкімдігі сынды мемлекеттік мекемелермен, құқық қорғау органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.
Тілшілердің еңбегі ұшан-теңіз
Жаңалықтың жаршысы болған «Менің өлкем» газеті 10 жыл ішінде аз мәселе көтерген жоқ. Қарапайым халықтың түйіні тарқамаған түйткілдерін билік өкілдеріне кесе көлденең тартып, шешімін саралауға атсалысты. Шығыс Қазақстан облысында туындаған қайсібір өзекті мәселе болсын, газет тілшілерінің назарынан тыс қалған емес. Басылымда жарық көрген мақаланың арқасында шақшадай басын шарадай қылған қиындықтардан арылып, көңілдеріне қуаныштың сәулесі ұялаған оқырмандар редакцияға қоңырау шалып, ақ алғыстарын білдіріп жатады. Жазған мақаласының үлкен нәтиже бергеніне қуанып, шабыттана түскен журналистер де бір марқайып қалады осындайда.
Әлеуметтік мәселелерді көтерген кезде газет тілшілері тек бір жақтың пікірімен шектелмейді. Қысылтаяңға түскен азаматтармен тілдесіп, мәселенің мәнісін саралау үшін құзырлы органдардың өкілдерін әңгімеге тартады. Сонымен қатар арнайы мамандардың пікірін беріп (заңгер, психолог т.б) журналистік зерттеу де жүргізеді. Мақаланы жан-жақты қылу үшін тарихи деректерді пайдаланып, осы мәселенің басқа елдерде қалай шешіліп жатқандығын айта кеткен де артық емес.
«Менің өлкем» газетінің ұжымы 10 жыл ішінде талай қиын кезеңдерге тап болса да мойымай, берілмей, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып сан түрлі сынақтарды еңсеріп келеді. Газетіміздің үздіксіз жарық көріп келе жатқаны бұған бірден-бір дәлел. Алайда осымен тоқтап қалмай, еңбек жалауын жықпауға тырысамыз.
Бас редактор Талғатжан Мұхамадиев