Жас толқын жазбасы

Жұмысы жемістінің – өмірі келісті

Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Даму мен өркендеу жолындағы еліміздің ертеңі жастардың қолында. Олар Қазақстанның дамуына үлес қосатын негізгі күш. Сол себепті аға буын өкілдері жас жеткіншектерге бағыт бағдар беруі тиіс. Елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін түрлі бағдарламалар бар, жастарды қолдау ұйымдары да жұмыс істейді. Ол ұйымдардың  негізгі мақсаты – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, салауатты өмір салтына бейімдеу, біліммен қарулануға насихаттау, бәсекеге қабілетті жастардың қалыптасуына үлес қосу.  Жас ұрпақ бүгінгі өзгермелі заман ағымына ілесіп, бейімделуі үшін жағдай жасау.

Соңғы жылдағы  пандемия әлем бойынша жұмыссыздықты арттырды. Жұмыссыздық көбейген сайын жастар арасында діни ағымдарға ілесу, қылмыс жасау сияқты деректер көбейеді. Ресми сайттардың мәліметіне қарап отырып, жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің көтерілгенін аңғарамыз. Солардың кейбіріне талдау жасасақ.

Мектеп бітірерде кәсіптік бағдар беретін жұмыстардың жүргізілмеуі. Оқуға түсерде ата-ананың нұсқауымен, ҰБТ балы жеткен, грант бөлінген мамандықтарға түсе салады. Кейде сол мамандығын толық түсінбеген студенттер де кездеседі. Қазақтарда жоғары білім дипломын алу міндетті құбылыс. Оның саны мен сапасына мән берілмейді. Оқу орынын  «сәнге» айналған, заңгер, экономист, қаржыгер, мұғалім, дәрігер мамандықтары бойынша таңдайды.

Екіншіден, оқу орындарының сын көтермеуі. Оларда қажетті құралдар мен құжаттар, оқулықтар аз, маман дайындауда заманауи стандартқа негізделмеген әдістер қолданылады. Кейбір мамандықтар бойынша арнайы өнідіріс, өнеркәсіп орындарымен байланыс жүргізілмеген. Ақырында дипломы бар, жұмысы жоқ мамандар саны артып келеді. Тәжірибесі жоқ жастарды жұмыс беруші де қабылдамайды. Сол себепті, мұны оқу орны қамтамасыз етуі тиіс. Алғашқы күннен бастап, оқи отырып, тәжірибеге араластыруды қолға алса, нұр үстіне нұр болары хақ. Ауыл шаруашылығы, техникалық салаларда сұраныс болғанымен маман тапшы.  Өйткені, жас жеткіншектердің диплом алған бойда жылы орынға жайғасқылары келеді. Шетелде саналы түрде үлкенге қарсы шығу акциясы ретінде жұмыссыздық жариялайды, ал бізде қылшылдаған жігіттер мен қыздар ата-анасына масыл болғанын намыс санамайды. Қазіргі жастардың көбі жұмыстың жоқытығын сылтауратуға бейім.

Олардың ойынша, қаржы мәселесін ата-ана шешуі тиіс. Дамыған елдерде жоғары білімді адамдар кез келген жұмысты істей береді. Өйткені , қандай қиындыққа тап болсаң да, оны тек өзің ғана шешуің керек. Адам жастайынан соған бейімделуі тиіс. Ал, біздің елімізде жастар «диванда жатып» тәжірибе жинайды.  Кейбір кәсіпорындарға кадрлар жетіспесе де, жастарымыздың баруға құлқы жоқ. Бұл  олардың жауапкершілікті өз мойндарына алмауынан деп есептейміз.

Қазақстан тұрғындарының 20,2%-ын жастар құрайды екен. Оның 17,8%-ы жұмыссыздар қатарында. Мемлекетіміз жұмыссыздықтың алдын алу үшін түрлі бағдарламаларды бекітті. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы. Осы жобаның аясында үкімет ауылды көркейтуді де жоспарлап отыр. Жасы 29-дан аспаған диплом иесі өтініш беріп, ауылда жұмыс істеуіне болады. Ауылға мұғалім, дәрігер, медбике, ауыл шаруашылық мамандары, мал дәрігерлері қажет. Сонымен қоса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да жұмыс істейді. Сайып келгенде бұл бағдарламаға сұранатын жастарымыз да саусақпен санарлық. Өкінішті. Абай атамыз айтқандай «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық аздырар адам баласын». Дегенмен, мұндай бағдарламалардың арқасында талай үміт ақталып та жатыр. Талпынған адамға қашан да жақсылық үйір болады. Болар бала жасынан дегендей, ойы толыққан, жетілген, білімді жастарымыз да бар. Тәуелсіз еліміздің туын асқақтатар жастарымызға қолдау көрсетіліп келеді.

Ойымды аяқтай келе айтарым, жастардың жұмыссыздығы – қоғамдағы дерт. Ол тек біздің елде ғана емес, әлем елдерінде кездесетін құбылыс.  Еліміздің ертеңін өркендетер жастарымызды дұрыс жолға салып, бағыт беру – қоғамның алдындағы міндет. Мектеп жасынан бала жүрегіне жылу сыйлап, табысты болудың, дамудың жолдары көрсетілуі тиіс. Сонымен қоса, таңдау құқығын жастардың өзіне беру керек. Ойына сенімділік ұялатып, жауапкершілік, адалдық, еңбексүйгіштік қабілетін арттыруға күш салған жөн. Жастары жігерлі елдің болашағы жарқын болатыны ақиқат. Жақсы болар адамның жұмыссыз жүрген күні жоқ. Жаман болар адамның еш жұмысқа қыры жоқ деп данагөйлеріміз кезінде тегіннен тегін айтпаса керек…

Кейде ойлаймын, мемлекет үй бермеді, жұмыс бермеді, көмек көрсетпеді деп екі қолымызды қусырғанша, өзімізді өзіміз тәрбиелегініміз жөн болар.

                                                                                                                                         Сымбат  Жайсанбекова                                                                                    Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті,                      журналистика мамандығының 3 курс студенті

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button