Әріптес алаңы

Ғасыр жасаған газет

Ұлттық журналистиканың ұстаханасы, қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы «Жас Алаш» газетінің оқырманмен қауышқанына жүз жыл толды. Алаш үшін асыл басылымды ғасыр жасаған мерейлі мезетімен шын жүректен құттықтаймын!
«Жас Алаш» десе, көз алдымызға жастық жалын, қаламынан найзағай ойнаған қайраткер журналистер елестейді.
«Жас Алаш» дегенде, ұлтымыздың ұлы азаматтары, халықтың қамын жеген, қазақтың жоғын жоқтаған қабырғалы азаматтар ойымызға оралады.
«Жас Алашты» айтқанда, Көк пен Жердің арасында рух ойнап тұрғандай, ар мен намыс салтанат құрғандай әсерде боламыз.
«Жас Алаш» дегеніміз – алты Алаш, қарға тамырлы қазақ!
Сондықтан бұл газет әрбір Алаш азаматы үшін қадірлі, құрметті, ардақты.
Ғани Мұратбаев туын тіккен, кейіннен сол көшті лайықты жалғастырған азаматтардың барлығы Алаш рухты газеттің айбынын асыруға қызмет етті. Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұловтың басшылығы кезіндегі «Лениншіл жас» ұлт руханиятының алтын діңгегі, асыл тіні болды. Шерағаң – Шерхан Мұртаза Бас редакторлық еткенде ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырағданындай еді. Одан беріде Нұртөре Жүсіп басқарғанда «Көкте – Күн, жерде – «Жас Алаш» деп айдарынан жел ескенін білеміз. Жүсіпбек Қорғасбек тізгінді қолға алғанда газеттің айбыны кемімеді, сесі басылмады. «Жас Алашты» басқарған азаматтардың барлығына ортақ бір қасиет бар. Ол – жас таланттарды хас шеберге айналдыру. Қазақ қара сөзінің қадірін арттырған арғы-бергі буындағы Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Ержұман Смайыл, Жарылқап Бейсенбай, Жанболат Аупбаев, Несіп Жүнісбайұлы, Сапарбай Парманқұл, Ертай Айғалиұлы, Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Бауыржан Омарұлы, Жолдасбек Дуанабай, Берік Бейсенұлы, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Қуат, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы секілді қаламгерлердің «Жас Алаштан» қанаттарын қатайтқаны сөзімізге дәлел бола алады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын тауып, арнасын өзгертпейді деген сенімдеміз.
Ғасыр бойына өзінің мұраты мен мақсатына, Алаш аманатына адал қызмет етіп келе жатқан «Жас Алаш» газетін жүз жылдық белесімен тағы да құттықтаймын. Редакция ұжымына шығармашылық табыс, дендеріне саулық, отбасыларына құт-береке тілеймін!
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button