Әріптес алаңы

«Үш әріптен» келген орынбасар

Дүрәлі Дүйсебай ағамыздың осыдан он шақты жыл бұрын «Халық сөзі» газетіне қызметке келген кезі есіме түсіп отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде біраз жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан Дүрәлі ағамыз құрылтайшылардың ұсынысымен бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындалатын болды. Әу баста, шыны керек, «қалай болар екен?» деп алаңдадық. «Халық сөзінде» өткір-өткір мақалаларды «бұрқыратып» жариялап жатқан кезіміз. Тіпті қарап жүрмей, «үш әріптің» ауласына тас лақтырғандай болыппыз. Ал енді не болды? Ол жақта «бұрынғы қызметкер» деген болмайды деуші еді, қасымызға бір қарауыл қояйын дегені ме?» деп ойлағанымыз рас, енді.
Бір күні қоңыр костюм-шалбарына үйлестіре галстук таққан, қолында қара папкасы бар, алпамсадай кісі кабинетке есік қағып, рұқсат сұрап кірді. Киім киісі, жүріс-тұрысынан тәртіптің адамы екені көрініп тұр, десе де жүзі жылы, өзі сыпайы. Менменсу жоқ, кеудемсоқ мінез байқалмайды.«Айналайын» деп іші-бауырыңа кіріп сөйлегені тым жағымды. «Ағаң біраз уақыт қауіпсіздік қызметінде істеп келді, жазу стилім үйлеспей жатса, түсіністікпен қарап, жолға салып қоясыңдар ғой», деп кішіпейілдік танытып қояды.
Не керек, аңқылдаған, ақкөңіл Дүрағамыз дені жастардан құралған ұжымымызға оңай сіңіп кетті. Редакциямыздағы талай жасқа әкедей қамқор болды, ағалық ақылын айтып, қолдау білдірді. Әкеммен жасты адам болса да, сіз деп сыпайы сөйлеп, ешқашан атымды атаған емес. Кейде болмашыға баладай бұртиып қалатыны тіпті қызық. Жалпы, ол кісі жүрген жер көңілді болатын. Өте әңгімешіл еді, көңілі ауған адаммен сағаттап ақтарыла әңгімелесе беретін. Редакцияға келген бетте, «жігіттер, қыздар, жұмыста таза қазақша сөйлесеміз, егер кімде-кім бір ауыз орысша сөз қосатын болса, айыбын дастархан жайып жуатын болады» деп шарт қойыпты. Журналистер қауымына бұл шарт онша қиындық тудыра қоймаған, ал қазақшаға шорқақтау есепшіміз үшін ол үлкен сынақ болыпты. Әйтсе де, есепші қызымыз намысқа тырысып, небары 1-2 айдың ішінде қазақ тілінде бірнеше кітапты оқып тауысып, таза қазақша мақалдатып сөйлегенде өзіміз тосылып қалатын болдық. Сөйтсек, Дүрағамыз бұрынғы қызметінде де осылай мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, талайларға ой салыпты.
Ұлтқа, елге қатысты мәселеде жанын төсеп, күйіп-пісетін еді. Бірде «Аға, қазір жазып жүрген спорт тақырыбынан бөлек, қоғамда болып жатқан оқиғаларды сараптап, өмірден түйген, көрген-баққаныңызды ықшам етіп, газетке нөмір сайын үзбей жазып беріп отырсаңыз, тұрақты айдардың атауын «Дүрәлінің дүрбісі» десек, қалай? деп едім, қуанып кетті. Кейін осы атаумен, газетке шыққан мақалаларын жинақтап, кітап шығарды.
Біреуге кейіп, қатты сөйлегенін немесе өзінің көңіл-күйі түсіп, өмірге, адамға шағым айтқан кезін көрмеппіз. Тәубе, «Халық сөзі» газеті кіл жаны жайсаң адамдармен тоғыстырған, ынтымақты ұжым болды. Ал онда Дүрағамыздың орны бөлек еді…
Ұлттың, ана тілдің мәселесін, спорт саласының, соңғы кезде өзі басқарған газетінің жоғын түгендеймін деп жүріп жүрегіне салмақ түсіріп алды ма екен, бәрімізге қош айтып, кете барды… Кеше арқаның ақтүтек боранымен жағаласа жүріп, Дүрағамызды ақтық сапарға шығарып салдық.
Бақұл болыңыз, аға!

                                                                                    «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы                                                                                      Қуат Әуесбайдың Facebook парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button