Аға буын ақылы

Эфирде өзің емес, айтар сөзің сенімді болсын…

Қазір ақпараттың тасқындаған дәуірі. Ол қазақ журналистикасына да елеулі ықпал етіп отыр. Бұрын  жаңалықты ең жедел тарататын радио болатын. Теледидар сол күні, ал газет келесі күні ғана жеткізуге мүмкіндігі бар еді.  Бүгінде  әр минут сайын интернет кеңістігінде бір-бірінен қағып алып ақпарат таратар сайт пен порталдар, әлеуметтік желіде желдей есіп жаңалық жеткізетін блогерлер арқылы  таңдау мүмкіндігі  мейлінше артты. Радиолар мен телеарналардың   тыңдаушылары мен көрермендері интернет арқылы  қалаған бағдарламаларын тікелей эфирде тамашалай алады немесе кейін де естіп, көруіне жағдай жасалды. Өмірімізге дендеп енген осындай озық технологиялар журналистердің жұмысын жеңілдеткенмен, бәсекеге қабілетті болу қажеттігін де алға тартып отыр.

Газет журналистері  қаламының қарымы, жазу шеберлігі  арқылы ерекшеленсе, радиожурналистерге  айтар сөзін анық әрі ойын қайталамай нақты жеткізу қажет. Өзім радио саласында ұзақ жыл жұмыс істегендіктен, әріптестеріме тікелей эфир жүргізудегі жауапкершілік жүгінің ауыр екендігін айтып өтсем деймін. Микрофон алдында көтеріп отырған тақырыбыңды зерттеп-зерделемей, бағдарламаңа қатысатын қонақтың ойындағысын жеңіл-желпі сұрақтармен тыңдаушыға жеткіземін деп ойлауға болмайды. Тікелей эфирдегі өзіңе деген сенімділік сөз саптауыңмен қоса білімің мен ішкі дайындығыңа байланысты. Биік таудың басына шыққанша адам оған жетер жолда табанына батар тасты да, аяғы ілінетін кедергіні де байқап-бажайлап, бірде қиялап, бірде сырғанап барып жетеді, ал қайтар жолда оның бәрі де тез өтеді. Тікелей эфирдің де табиғаты солай, дайындығына алдын ала көп уақыт жұмсасаң, эфир барысында қоятын сауалың да жұп-жұмыр, айтар ойың да шып-шымыр болып,  «сауалына қарай – жауабы» дегендей, хабарыңа қатысушы қонағың да сөзін жүйелі жеткізеді, тыңдаушыңның алдында да беделің өседі. Кейбір әріптестеріміз сөздің мағынасына мән бермейді  немесе өзге тілден дұрыс аударылмаған мәтіндерді қолданады. Эфир мәдениетін, сөздің қадірін түсінген журналист мұндай қателіктерге жол бермегені дұрыс. Мысалы, «жіберіп алмаңыз» деген тіркесті газет журналистері ешқашан жазбас еді, ал телерадио журналистері жүргізген бағдарламаларда оны жиі естисіз. Бір жекеменшік радио эфирінің жарнамасында «есалаң жеңілдіктер» деп екпіндеп айтылған мәтінді тыңдағанда не жыларыңды не күлеріңді білмейсің. Бұл «бешенные скидки» сөзінің тікелей аудармасы. Отандық арналардың бірінің  тележүргізушісі Әзірет Сұлтан мешітінің ашылуы кезінде : « Ішіне қаншама адам сыятын  имандылық ордасының  ашылуына куә болып отырып, жүзіңе иманың үйіріледі» деп айтқанында байқамай қалды ма деп ойлағанмын. Жүзіңе қуаныш үйірілу мен иманыңды үйірудің мағынасы мүлде бөлек емес пе?  Тағы бір тележурналист  тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктерімізді жіпке тізгендей айтып шығып, соңында « біздің ата-бабамыздың аңсап өткен тәуелсіздігінің сиқы осындай» деп қортындылағанын естігенде алғашында қағыс естідім бе деп қалсам, қасымда отырған әріптесім де  «мұнысы несі, не айтқысы келді?» деп маған жалт қарады. Меніңше, сипаты осындай деген мағынаны жеткізгісі келген шығар…

Соңғы кездерде радиода да, телеарналарда да бағдарламалардың атауы егіз қозыдай ұқсас, «таңғы шәй» , «кешкі шәй», «түнгі шәй» деген сияқты жеңіл-желпі  қойылып, көтеретін тақырыбы да сол ішкен-жегеннің төңірегінен аспай қалуы және тыңдаушы мен көрерменнің деңгейі сондай деген желеумен талғамсыз дүниелерді ұсыну белең алып барады. Арзан күлкімен    білімсіздікті бүркемелей алмайсың, орынсыз айтылған әзіл-қалжың, төбеден түскендей сөздерді  қолданудың түбі неге апарып соқтыратыны белгілі.  Тікелей эфир болғасын аузыма түскен сөзді айта салдым, тыңдаушының сауалына тез жауап беру үшін ұзақ ойлана алмадым деп ақталуға болмайды. Бұл сенің уақытын бөліп бағдарламаңды естіп немесе көріп отырған тыңдаушың мен көрерменіңнің алдындағы жауапкершілігіңнің аздығын білдіреді.

Бұдан шығатын қорытынды, болашақта  қазіргі қаптап кеткен шоулар мен жеңіл әзіл-қалжың бағдарламаларды   салмақты, айтар ойы бар дүниелер алмастыруы керек. Ол үшін алдыңғы буын ағалардың сөз саптауына мән беріп, солардан үйренуді  есте ұстағандары дұрыс.

Журналист Базаргүл Сейітжанқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button