Әріптес алаңы

ЖУРНАЛИСТИКА: БУЫНДАР САБАҚТАСТЫҒЫ

Әр салада жас, орта, аға буын бар. Сабақтастығы үзілмеген саланың Қоғамға берері көп. Өйткені үлкендер өздерінен кейінгі толқынға ақыл айтып, жөн сілтейді. Жаңсақ басқандарға жол көрсетеді. Өкінішке қарай, журналистикадағы буындар сабақтастығы үзіліп қалған. Тәуелсіздікті енді алған жылдары бар болатын. Тіпті, «балапан – басына» деген 90-жылдардың ортасындағы қиын кезеңде де аға буын кейінгі буынға қамқор болды. Ұстаханалар болатын, кәдімгідей шеберханалар. Мысалы, Оралханның мектебі, Шерхан Мұртазаның мектебі, «Жас Алаштың» ұстаханасы… Қазіргі жастар кімге қарап бой түзейді? Кімнен үлгі алады? Журналистік этикаға бағынбайтындар мен рейтинг, «хайп» қуатындар кімнен немесе неден именеді? Егер арнайы бейресми мектеп болса, журналистика заңдылықтарын қабағымен ұқтыратын, «тезге салынатын» тентектерді бір қарасымен-ақ ықтыратын үлкендер болса. Мысалы, өзім үлгі тұтатын, сыйлайтын Қайнар Олжай, Бауыржан Омарұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Серік Абас-шах, Сериккали Мукашев, Сапарбай Парманкулов, Берік Бейсенұлы, Ермурат Бапи, Анар Төлеухан, Баян Болатханова, Бақытгүл Мәкімбай мен басқа да аты аталмаған қаншама әріптес аға-апаларым бар. Орта буыннан Зейін Әліпбек, Қайсар Жұмабайұлы, Индира Тұрсынбай, Ришат Асқарбекұлы, т.б. әріптестер жас буынға кәсіби тұрғыда ақыл айтуға жарап қалған. Елдегі мықтылардың тізімі мұнымен бітпейтіні анық. Аты аталмаған басқа әріптестер ренжімесін. ❤️
Осыдан 7 жыл бұрын Түркітілдес журналистер қорын құрдық. «Қазақ журналистердің кәсіби білігі төмен, қазақша сабақ бере алмайды” деген жаңсақ пікірді жоққа шығару үшін намыстанып, Қордың жанынан тек қазақ тілінде дәріс өтетін Медиатренерлер мектебін аштық. Қазір бұл мектепте @Анар Төлеухан, Есей Жеңісұлы, Жұлдыз Әбділда, Самал Мейрам, Максат Халык, Айнұр Сембаева, Турмагамбетова Анар, Гүлжан Қызайбай, Lyazzat Nogaibay секілді т.б. мықты әрі тәжірибелі отандық мамандармен қатар Британия, Германия, Бельгия, Нидерланд, Швейцария, Италия, Түркия т.б. елдерден халықаралық деңгейде жұмыс істейтін шетелдік әріптестеріміз қосылды. Биыл шетелдік медиатренерлер қатары толыға түседі деген үміттеміз. Талай жылдан бері айнымас серіктесіміз – “Шеврон” компаниясымен бірге жылына бірнеше рет семинарлар мен вебинарлар ұйымдастырып келеміз. Осыдан екі жыл бұрын Стамбұл қаласында Түркітілдес журналистердің медиа форумын өткізген едік. Екіншісін биыл Алматыда болады, бұйыртса. Шет елдер мен Қазақстанның барлық аймағынан әріптестер жиналады. Салалық журналистиканы дамыту бойынша әлеуметтік, құқықтық, экологиялық, мұнай мен газға қатысты шаралар күтіп тұр алда. Қаржылық журналистиканы дамытуды көздейтін HALYK BANK-пен біріккен жобамыз – «Еркін сөз» байқауы биыл 5-рет өткізіледі. Шетелдік сапарлардан Түркияның бірнеше қаласы мен Өзбекстан (Тәшкен-Самарқан-Бұқара), Қырғызстан (Бішкек-Ош) жобалары наурыз бен сәуірге жоспарланған. Ел іші мен әлемдегі жағдай түзелсе, еуропалық жобаларымыз бар. Келесі аптада «Қазақ журналистикасы: мүмкіндіктер мен түйткілдер» тақырыбына онлайн конференция өтеді.
Бұл шаралардың бәрінің мақсаты біреу-ақ – үзіліп қалған буындар сабақтастығын жалғауға сеп болу. «Тәйт» дейтін үлкендер болмағасын журналистер арасында бақталастық күшейген, кәсіби бірлік пен біліктен гөрі сүрініп кетсең, түте-түтеңді шығаруға дайын тұратындар көбейген. Тасада тұрып, тас ататындар да баршылық. Егер әріптес аға-апаларымыз рухани тұрғыда кейінгі буынға жақын болуға тырысса, қазақ журналистикасының талай жоғы түгелденер еді.
P.S. Суретте: жақында және соңғы жылдары ел іші мен шекара сыртында ұйымдастырған шаралардан естелік сәттер.
Журналист  Нәзия  Жоямергеннің Facebook  парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button