Жас толқын жазбасы

Мейірім керек қарттарға

«Қарттар – үйдің қазынасы» – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Шынымен де, атасы мен әжесі бар үйде әрқашан береке мен молшылық үзілмейтіндей. «Екі қарттың ортасында өскен бала дана болар» дейді. Атасының қасында жүріп айтқан ақылын тыңдап, қамшы өрсе, бір бауын ұстап отырса, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты болып келеді: жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан болып ержетеді.

Ежелден халқымыздың қарияларға деген құрметі ерекше болған. Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, дана, елге айтары бар жасы үлкендерді ақсақал деп қадірленетін. Олар ел арасындағы, туысаралық, отбасылық үлкен дауларды, мәселелерді шешкен, ортақ байлам айтқан.

“Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең” деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. Иә, өткенімізді  осы  үлкендерсіз  елестету  мүмкін  емес. Біздің  бүгінгі  нұрлы  өміріміздің, алаңсыз  күлкі,  тәтті  ұйқымыздың  да  бейбіт   сақшысы  бола  білген,  самайларын  қырау  шалып,  жүздерін  уақыт  әжімі  торлаған  данагөй  қарияларымыз  бен ақ  жаулықты  әдемі  әжелеріміз  емес  пе?. Өкінішке орай, қазір өз үйінің төрінде емес, қарттар үйінің төрінде отырған қариялар көп. Оған не себеп?  9 ай құрсағында көтеріп, тас емшегің жібітіп, аялап өсірген анасы мен асқар тау тірегі болған әкесіне қамқор бола алмай жүрген перзенттердің осынша көп болғаны ма? Статистикаға сүйенсек 1 жыл бұрын қарттар үйін паналаған қарияларымыздың саны 12 мыңнан асып түскен. Жаға ұстататындай мәлімет, ақпараттарға сүйенсек тең жартысының отбасы немесе артынан қалған ұрпағы жоқ екен. Енді осы кезде еріксіз  еске дана халқымыздың «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегені түседі. Мүмкін артынан қалар бала – шағасы болғанда осындай шарасыз күйге түсер ме еді? Ал өмірге әкеліп, ержеткізіп, тәрбиелеп өсірген перзенттері бола тұра қарттар үйінде жүрген жандар жайында сөз қозғаудың өзі қиын. Немересіне ертегі айтып, ұрпағына жөн сілтеп отыратын шағында қарттар үйінде, жат босағада жаутаңдап отыруының өзі перзенттің Алла алдындағы ең үлкен күнәсі. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершіліктің, мейірімділіктің артуы үшін, ең алдымен отбасында балаға туған кезден бастап құлағына, өсе келе жүрегі мен санасына ең жақсы дүниелер туралы айтып, жақсылыққа жақын болуға, әрдайым жасы үлкенді сыйлауға, жасы кішіге үлгі бола білуге тәрбиелеу керек. Қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?!

Неменеге жетістің, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.- деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай жылдан-жылға, күннен-күнге ескіні көрген көненің көзі қариялар азайып бара жатыр. Сондықтан да  қамшының сабындай қысқа ғұмырда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қатарымызда жүрген қарияларымызды қадірлеп, сый – құрметімізді көрсетіп жүруге тырысайық.

Еліміздің ырысы, берекесі – қазыналы қарттар. Қария бақыты – жай ғана немересінің исіне марқайып, шөбересінің күлкісіне сүйсіну екенін ұмытпайықшы.      

                                                                                                               Мәдина Советбекқызы                                                          Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті, журналистика мамандығының 4 курс студенті

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button