Жас толқын жазбасы

НАҒЫЗ МАХАББАТ (Әңгіме)

Жаздың екінші айы. Жерге жасыл кілем төселгендей жаһан көрінісі көздің жауын алады. Ауылдағы күйбең тіршілік, егістік алқабындағы зорыға жеткен трактор дауысы, жұмыртқалаған тауықтардың бірінен соң бірінің шақыруы, шегірткенің шырылы ұлы дала симфониясына табылмайтын арқау. Айнала шыжыған ыстық болғанымен, үй іші дымқыл, жанға жайлы. Анам тапсырған жұмыстарды реттеп болған соң күнге бетімді төсеп тыныштықта отырмын. Бір сәтке болған жайбарақат үнсіздікті үйдегі ескі телефонның даусы бұзды. Ол тұста бұл байланыс құралы көпшілікке бірдей қолжетімді емес-ті. Сананы билеп, саусағыңды меңгерген әлеуметтік желі де болмайтын. Ойымда ештеңе жоқ, тұтқаны көтердім. Құлағымды жәймен төсегенде телефонның арғы жағынан бір жылы дауыс естілді. Жүрегім дірілдеп, тілім байланардай күй кештім.Хабарласып тұрған өзім ұнатқан жігіт екен. Содан не керек, хал-жағдай сұрасып, бүгін кездескісі келетінін жеткізді. «Иә» немесе «жоқ» дерімді білмей абдырап қалдым. Себебі, ол кезде «иә»деудің өзі қыз баласы үшін ұят-ақ дүние. Әттең, жауабыңды жазбаша түрде жеткізетін уатсап, инстаграм желілері болғанда ғой… Өзімнің де жүрегім қалап тұрғаннан кейін барғым келді. Бірақ сол дәуірде кездесуге шығудың өзі қиямет-қайым екені баршаға аян. Аузымнан «Жақсы, барамын!»деген сөз қысыла-қысыла зорға шықты. Ол түскі сағат 15:00 де мәдениет үйінің алдында күтетінін айтып тұтқаны қойды. Содан не керек, қуанып, толқып жүрегім кеудеме сыймай тұрса да, айнаға қараумен әлек болдым. Кездесуге шығып көрмеген мен үшін бұл қадамға бару мүлде ауыр еді. Аяқ-қолым дірілдеп, өз-өзімді зорға билеп уәделі жерге келсем, жігітім мені күтіп тұр екен. Не істерімді білмей, қобалжығаннан шығар, мәдениет үйдегішағын кітапханаға кіріп бара жатқандай кейіп таныттым. Есік тұтқасына қолымды соза бергенімде атымды атап дауыстады.

– Айжан, сәлем бердік. Қалың қалай?

– Сәлем, сен осында ма едің?-деп байқамаған сыңай таныттым.

Иә,-деп жымиды ол.


Мәдениет үйінің маңында саябақ бар болатын, солай беттедік.  Әңгімелесе жүріп, оған ұрлана қарадым. Салмақты, ер тұлғалы, жүзі жылы, сымбатты жігіт. Қысылып, еркін көсіліп сыр шертісе алмағанымызбен қайта-қайта түйіскен жанарымыздан бір-бірімізді ұнатып тұрғанынымызды жасыру мүмкін емес еді. Мені үйге дейін шығарып салуды өтінді, келістім. Сонымен біздің махаббат хикаямыз осылай басталды.
Біз күннен күнге бір-бірімізге бауыр баса бастадық. Ата-анамның кездесуге кешке шығармайтынын ескере отырып, түскі мезгілде жолығуды әдетке айналдырдық. Ешқандай байлыққа айырбастамайтын сәттердің  қызығында арада екі жылдың өткенін байқамай да қалдық. Бал дәурен балалыққа қош айтысып, ол азамат болды, мен бойжеттім. Лап еткен сезім толқыны күн сайын үдеп, жалынға айналды.  Бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын хәлге жеттік. Заман жетістігі болған ұялы телефонның шыға бастаған кезі. Екеумізде оған қол жеткізуді мақсат еттік. Адам ойына алып, армандаған дүниесіне жетпей қояр ма?! Ақыры оны да қоярда қоймай қолға ұстадық.   Ал сосын бебеулеген құрылғы құлақтан түсірмей сөйлесуді шығардық. Менің отбасым мұндай дүниені түсінбейтін еді. Үй ішінде, дастархан басында жігіт, кездесу жайлы мүлде әңгіме қозғалмайтын.Бір күні анам жігітпен кездесіп жүргенімді сезді ме әйтеуір маған бір ұрсып алды. Бірақ махаббатқа әбден мастанып, сезімге берілген мен анамнан қанша ұрыс естісемде, қарсылығын елемедім, ақыл-тәрбиесін құлағыма да ілмедім. Көзсіз махаббатым үшін маған бәрібір болды. Зымыраған уақыт-ай десеңші! Артқа 4 жылды тастадық. Қос жүректегі сыйласымдылық, зор сезім болғанымен жігіттің жүрісі өзгере бастады. Мен мектептің соңғы жылдығында оқимын, ал ол бұндағы оқуын аяқтап, қала көрді. Шаһар төсінде өзге ортада ғұмыр кешіп, басқа қыздармен араласып, сөйлесе бастады. Бұрынғыша күнде кездеспеген соң арамыз да суып бара жатқандай. Бір күні ол әскерге шақырту алды. Кішкентай арақашықтық қиынға соғып жүргенде бұл хабарды естіп қатты жыладым. Жылағаннан не пайда? Бір-бірімізге мәңгі бірге болатынымыз жайлы уәде бердік. Ақ жол тілеп шығарып салдым. Оны шынайы сүйгенім соншалық, қанша уақыт болсада күтетінімді жеткіздім. Сүйген адамға ешқандай қиыншылық та, ара қашықтық та кедергі бола болмайды деп түйсіндім.
Ол маған хабарласып, хат жазып тұрды. Бірде мені қатты сағынғанын да жеткізді. Қуанышымда шек болмады. Сол бір ауыз сөз мына жалған дүниедегі ең керемет, ең асыл сөз болды. Сондықтан да еш ойланбай сүйгеніме барып қайтуды жөн санадым. Мектепті енді бітіріп жаңа ортаға бейімделе бастаған менде ешқандай қорқыныш болмады. Тек ғашығымды бір көрсем деген ой ғана алға, алысқа жетеледі. Сондықтан да жердің бір шетінен екінші басына бару маған түк те қиындық туғызбады. Өйткені мен ол үшін бәріне дайын едім, барымды арнаған болатынмын. Бұндағы бар мақсатым – өзім сүйген, өртене өпкен болашақ жарыма тосын сый жасау болды. Сенесіздер ме? Бардым, МахаббатымОтанымыз үшін өз міндетін өтеп жатқан өңірге аяқ тіредім.  Алып-ұшып сағынысқан сезімай десеңізші! Бірақ, менің бұл әрекетім жақсылыққа жеткізбеді. Бұл жігітті әскерден күтіп жүрген мен ғана емес екендігімді білдім. Қаншама жыл бірге жүрген жанның сыртымнан не бүлдіріп жүргенін көріп, ауызбен айтып жеткізе алмайтын жағдайда тап болдым. Ауылдағы құрбыларым бұл жайлы айтқанда мүлде сенбей, оларға ауыр сөздер айтқан кездерім де болған. Ол жайында көптеп шикілік шыға бастады. Ашуға берілмей, бәрін ақылға жеңдіріп, осында келгенімнің бір себебі де осы еді. Мән-жайды сұрадым, ақталуға да тырысқан жоқ.Тек кешірім сұрады. Менің адал, ақ көңілім су сепкендей басылды. Еңсемді зорға көтеріп:
Кешірдім,-дедім де үйге қайттым. Ойым әптер-дәптер, көңілім сынған шыныдай қайта біріктіріп, құрауға мүлде келмейтіндей. Кешегі біз армандаған асқақ биік қайда? Жоспарлаған асыл мақсат-мүддеміздің аппақ қаласы осылай құлағаны ма? Іштей жүрегім сыздап, әттең, жастығымды, мастығына аяқ асты еткен ездікке, пасықтыққа налыдым. Жүзім сорлы көздеген сорғалаған жаспен жуылып келеді…
Үйге оралдым. Жүрегімде мұң, көңілімде ашу, кеудемде кек пайда болды. Бар жан-тәніңмен сүйген адамыңның опасыздық жасағаны өте қиын болатынын түсініп, жеттім. Өз-өзіме «ұмытамын, бәрі бітті» деп уәде бердім. Сол күннен бастап сүйгеніме ерегесіп менде басқа жігіттермен таныса бастадым. Өзімнен өзім қорқатындай жағдайға жеттім. Маған бәрібір болды. Сол күндердің бірінде ұялы телефонымның қонырауы шырылдады. Тұтқада өзге дауыс, бөгде адам. Маған ынтық жігіттердің қатары мол еді. Солардың бір ғой менімен танысқысы келетін айтты. Еш ойланбастан таныстым. Кездесуге шақырды, бардым. Екінші мәрте тағы жолығуды өтінді. Оған да көндім. Бірақ, осы жолы біржола тұрмысқа шықтым. Иә, иә дұрыс естідіңіз, отбасылы болдым. Жолдасым менен біршама жас үлкен болатын. Екінші кездесуде маған бірден ұсыныс жасады.Әскердегі азаматқа ерегесіп жүргендіктен сол сәттің өзінде оған келісімімді бере салдым. Сенесіздер ме? Еш ойланбадым. Төрт жыл бойы көңіл қосқан адамымды екі-ақ күнде өзгеге айырбастап жібердім…
Міне, бүгінде мен аяулы жар, ардақты анамын. Еш өкінбеймін. Кейде «бәлкім ештеңеге қарамастан күтуім керек пе еді» деп те ойлаймын. Артынша ойымды өзгертемін. Себебі, бүгінде мені жанынан артық сүйетін күйеуім, тәп-тәтті қызым бар. Ал, әлгі жігіт менің бұл таңдауымды естігенде ашуға булығып хабарласты, аузына келгенін айтты. Бірақ араға көп уақыт салмай өзі де шаңырақ көтергенін естідім.
Бұндай махаббат оқиғаларын тек кинодан немесе кітаптан оқып, көретін едім. Адам өмірінде бір-ақ рет ғашық болады деген рас екен. Бастапқыда ойланбай тұрмыс құрғаныма қатты өкінгеніммен, артынша бәрін түсіндім. Қазір өте-өте бақыттымын. Бірақ, білесіздер ме бұрынғы махаббатым осы күнге дейін бір мәрте көңіл көгімнен көтерілген емес. Бір минут, бір секунд болсада ойламай қалған емеспін. Адам адамды емес онымен өткен тәтті күндерін сағынады екен, сол күндер үшін ұнатады екен. Мүмкін нағыз махаббат деген осы шығар?!

      Тұрлыбек Диана
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, журналистика  мамандығының 
2 курс студенті

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button