Әріптес алаңы

Ақбозын аласың!

Баяғыда бір патша өз еліндегі ең күшті, ең батыр жігітті іздетіп, табылса ең жүйрік екі тұлпарымның бірін сыйлаймын депті. Уәзірлер күн іздейді, түн іздейді. Мықтының бәрін жинайды. Бірінің күші көп, жүрек жоқ, екіншісі, жүректі, бірақ әлсіз. Табылмайды. Содан осындай ауылда бір дүлей күш иесі бар деген хабар жетеді. Тексерейін деп арыстан апарыпты. Барса жігіт ағаш көлеңкесінде жатыр екен. Әлгілер «батыр болса жеңер, қорқақ болса өлер» деп торды ашып, аң патшасын жібереді ғой. Аш арыстан күркірей ұмтылыпты. Сөйтсе жігіт атып тұрып ағашты тамырымен жұлып алып, жыртқышты мысықша мяулатып сабапты. Арыстан дір-дір етіп торға тығылыпты. Апыр-ай, мынадан мықты таппаспыз деп уәзірлер патша сөзін жеткізеді. Патшалықтағы ең мықты да батыр сен болдың, патшаның екі жүйрігі бар, бірі ақ, екіншісі қара түсті, таңдағаныңды ал, – дейді ғой.
– Сүліктей қараны қайқайтып мінсем дұрыс шығар, арманым еді, – депті батыр басын қасып.
Сөйтсе үйден шынашақтай әйелі атып шығыпты.
– Сандалма! Ақбозын аласың! Ағы әдемі. Осыдан қарасын алшы…- деп тепсініпті.
Мораль: Өз азаматын ақбоз атты ханзадаға айналдырам деген әйелге ешкім де, ештеңе де кедергі бола алмайды. Мерекелеріңізбен, аяулы жандар!
Серік Әбікенұлының Facebook парақшасынан 

Басқа жаңалықтар

Back to top button