Әріптес алаңы

Бензин бағасы неге қымбаттап кетті?

Жасыратыны жоқ, соңғы күндері жанар-жағармайдың құны күрт көтеріліп кетті. Жеке меншік жанар-жағармай бекеттерінде 1 литр бензиннің бағасы 4-тен 7 теңгеге дейін қымбаттады.
Бұған не себеп дерсіз. Мәселе мынада.
Біріншіден, Қазақстанның мұнай өңдеуші зауыттарына жіберілетін мұнай бағасы көтерілсе, бензин бағасы да шарықтайды. Бұл бір.
Екіншіден, мұнай өнімдерін тасымалдау қызметінің құны да арзан емес. Жыл басынан бері оның да бағасы қымбаттады. Жанар-жағармай материалдарының құны, міне, осы механизмдерге сәйкес түзіледі.
Бұған қоса, көршілес елдер нарығына да жалтақтайтынымыз рас. Баға бізде көтерілсе, демек оларда бізден бұрын көтерілді деген сөз.
Ал бензин бағасы қандай жағдайда төмендейді?
Егер жер қойнауын пайдаланушы, яғни, мұнай өндіруші, жанар-жағармай материалдардарын субсидияласа, шикізатты өткізуде қандай бір жеңілдік ұсынса, сол кезде бензиннің бағасы сәл де болса түседі. Бұрын 1 тонна шикізатқа 50 доллар жеңілдік жасалатын. Қазір бұл көрсеткіш 80, тіптен, 130 долларға дейін көтерілді.
Мұнайды ішкі нарыққа жеткізу көлемі де едәуір көбейді. Себеп мұнай өңдеуші зауыт жұмысының жаңаруында. Қазір мұнайды қолдану көрсеткіші елімізде жылына 2 миллион тоннаға жеткен.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы мұнай өңдеуші зауыттар шикізатты, яғни, мұнайды әрі қарай өңдеу үшін оны үлкен жеңілдікпен үлкен көлемде алады. Нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушыларда:

– Кен орнындағы қордың таусылуына байланысты, өндіру көлемі төмендейді.
− Мұнай экспорты мен мұнайды пайдаланудан түсетін табыс азайып кетеді.
− Ішкі нарыққа субсидияланған бағамен жеткізілетін мұнай көлемінің күрт өсуі байқалады.

Бензин бағасының қымбаттауына салық көрсеткіші де әсер етеді. Былтыр 1 қаңтардан бастап елдегі бензинге салынатын акциз (жанама салық) тоннасына 10 500 теңгеден бірден 24 535 теңгеге бір-ақ шарықтап кетті. Сөйтіп, 1 литр бензиннің құны 148 теңгеден 155 теңгеге дейін көтерілген болатын.
Жоғарыда көрші елдегі баға нарығы да бізге салқынын тигізеді дедім. Мәселен, Ресейде АИ-92 бензинінің бағасы Қазақстанмен шекаралас жатқан аймақтарда бізден 90-100 теңгеге қымбат. Осының салдарынан, ресейліктер қазір Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы және Қостанай облысында орналасқан жанар-жағармай бекеттерінен дизельді фуралар арқылы бензинді тонналап әкетіп жатыр.
Бір фурамен 4 мың литрға дейін бензин тасымалдауға болады. Ресейге жеткізгеннен кейін үстіне ақша қосып, сол жақтың нарықтық бағасымен сатылымға шығарып жатқандары қаншама?
Бұл біздің экономикамызға үлкен зиянын тигізуі мүмкін. Мұның алдын алу үшін, ішкі нарықтағы ахуалды реттеу үшін біздегі жанар-жағармай бағасының көтеріліп кеткені де сондықтан.

Нартай Аралбайдың Іnstagram парақшасынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button