Аға буын ақылы

Есенгүл Кәпқызы: Журналистиканы оқыту тәсілдеріне өзгеріс керек

«Мінбер» ақпарат агенттігінің жетекшісі, журналист Есенгүл Кәпқызы «BAQMEDIA.KZ» ақпараттық-танымдық порталына берген сұхбатында «Оқырманға сапалы ақпарат беру үшін журналистке қандай шеберлік керек? Журналистика саласында сапалы мамандарды дайындауда қандай кемшіліктер бар? Салалық журналистикаға көзқарасыңыз қалай?» деген секілді бірқатар сұраққа жауап берді.

Біріншіден, «Baq media» ақпараттық-танымдық порталына табыс тілеймін. Қазіргі уақытта ақпараттық сайттар көп. Бірақ олардың көбі «Жаға ұстатты», «Бет жыртысты» тақырыптарынан немесе отбасы-ошақ қасының мәселелерінен аса алмай қалып жатады. Сондықтан, сіздердің оқырмандарыңыз көп, көтерер тақырыптарыңыз салмақты болсын деп тілеймін, іске сәт!

Журналист Есенгүл Кәпқызы

– Есенгүл Кәпқызы, қазір ақпарат айдыны бәсеке алаңына айналды. Бұл бір жағынан жақсы. Қалай ойлайсыз, бәсекеде бәйгенің алдында болу үшін қандай тақырыптарды көтерген дұрыс?

– Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының саны көбейді. Бірақ, ақпарат айдынында керемет бәсеке бар деп айта алмаймын. Қазір бәсеке – тек оқырман тарту тұрғысынан ғана. Бірақ бұл орайда оқырман санын көбейту үшін олар қандай әдіс-тәсілдерді қолданады деген мәселе де бар. Олар өз мақалаларында қоғамдағы нақты бір толғақты проблеманы көтеріп жүр ме, әлде сенсациялық немесе хайп қуған тақырыптармен оқырман тартуға әуестеніп жүр ме?

– Жалпы, оқырманның талғамы қандай, қандай тақырыптар өтімді дегенге келсек, Ресейдің де, басқа елдердің де тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бір сәттік, айғай-шу шығаратын тақырыптар көп оқылады. Қоғамның өміріне қажет, резонанс тудыратын салмақты тақырыптар көп оқыла бермейді. Өзім кез келген жерде айтып жүремін, жұртқа Қайрат Нұртастың мешітке барғаны қызық. Ал, зейнетақы жинағы қайда кетіп жатыр, қандай инвестицияға салынды деген сияқты өзіне керек ақпаратқа көпшілік мән бермейді. Мысалы, біз жақында қаржы пирамидалары туралы «Жылдам баюдың әлегі» деген материал жарияладық.  Бірақ, соған селт еткен, назар аударған оқырман өте аз болды. Оқырманның ақпаратты сатып алу мәдениеті қалыптаспаған дейтіндер бар. Жоқ, одан бұрын дайын ақпаратты оқу мәдениеті қалып бара жатыр. 1990ж. аяғы мен 2000 ж. басында сауатты оқырмандар бар еді. Қазір олардан ешкім қалмады. Бүгінгі қоғамға «Еуразия» телеарнасындағы «Қалаулым», қазір басқаша аталып жүр ғой, сол сияқты бағдарламалар өтімді. Өйткені, оқырман мен көрерменнің де талғамы төмендеп кеткен. Бұған өзіміз де кінәліміз. Сауатты дүние ұсыну арқылы қоғамды өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Соңғы он жылда оқырманға сауатты дүние ұсына алған жоқпыз. Керісінше, жеңіл-желпі, белден төмен әңгімелерді айтып, оқырман жинадық. Олар да соған үйреніп қалған, қоғамдағы өзекті проблемаларға бей-жай қарайды. Қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз «қоғамның деградациясын байқап отырмыз. Қоғамның бей-жайлығына билік алаңдауы тиіс. Осылай кете берсе заң бұзушылықтар орын алады» деген еді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бар ғой. Сондықтан бұл қоғам болып алаңдайтын мәселе. Осындай жағдайда оқырман тарту үшін не істеуіміз керек? Сіздің алдыңызда екі түрлі таңдау тұр. Егер, бәйгенің алдында боламын, көп оқырман тартамын десеңіз, жеңіл-желпі, сенсациялық тақырыптарды жазыңыз, сіз де хайп қуыңыз.  Мен соңғы кездері журналистік тренингтерге көп қатысып жүрмін. Ресейлік және басқа да шетелдік сарапшылар тепе-теңдік сақтаңыздар деп кеңес береді. Салмақты тақырыптардан бөлек, жұртқа қызық, жеңіл тақырыптарға да көңіл бөліп отыру керегін айтады. Сонымен қатар өзіңіздің «фишкаңызды» тауып алуға кеңес береді. «Baq media» деген аттарыңыз бар. Сондықтан сіздер журналистика саласындағы өзекті мәселелерді көтеріңіздер, салаға қатысты қажетті ақпараттармен бөлісіңіздер. Сонда сіздердің де өз оқырмандарыңыз қалыптасады. Барлық оқырманның көңілінен шығу мүмкін емес. Дегенмен, тепе-теңдік сақтау керек. Мысалы, арасында елге танымал тұлғаларға, шоу бизнес өкілдеріне қатысты қызықты ақпарат бере отырып, қоғамға қажет өзекті тақырыптарды да қозғап отыру керек.

– Оқырманға сапалы ақпарат беру үшін журналистке қандай шеберлік керек?

– Ең бірінші білім керек деп есептеймін. Қазақ журналистеріне білім жетіспейді. Конспирология теориясы дейміз ғой, журналистер WhatsApp арқылы тарап жатқан  фейк ақпараттарға ілесіп кетеді. Сондықтан әуелі жалған ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру керек, сыни тұрғыда ойлай алуы тиіс.

– Журналистке шеберліктен бұрын «суық сана» қажет. Кейбір аты дардай телеарналар да жалған ақпарат таратып жіберіп, кейін кешірім сұрап жатады. Осыған абай болған абзал. Сондықтан, журналистер сыни ойлау, ақпараттың шынайылығына  толық көз жеткізу деген мәселелерге ерекше назар аударулары керек. Сонымен бірге, қазіргі журналистерге жан-жақтылық керек. Бізде журналистерді дайындайтын 23 оқу орны бар. Бірақ көбі қазіргі заманға сай технологияларды үйретудің орнына филологиялық сабақтарды көп оқытады. Білім бағдарламасында сыни ойлау, медиасараптама жасау, медиатеория, медиасоциология сияқты тақырыптар қамтылуы керек. Мен өзім филология факультетінде оқығанмын. Біздің кезімізде газет журналистері өте беделді болды. Публицистикалық стильде жазуға әбден машықтандық. Бірақ кейін заманауи технологияны да меңгеріп алдық. Менің айтарым, журналист үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Сондай-ақ, қазіргі технологияларды, аудио, видео, инфографика сияқты дүниелерді жан-жақты қолданған дұрыс. Сонда оқырман тартуға болады. Сонымен қатар, интернет-журналистикада конвергенция деген ұғым бар.  Журналист жазған мақаласын әлеуметтік желіде бөліспесе сайттағы мақала оқылмайды. Ол үшін осы конвергенция тәсілін қолдануыңыз керек. Мысалы, facebook-ке сайттағы мақалаңыздың өзекті жерін аласыз да, толығырақ сайтымыздан оқи аласыздар деп сілтемесін қоясыз. Бұл оқырман тартудағы бір әдіс-тәсіл. Instagram-да тікелей эфир жүргізіп, сайтқа бөлісуге болады.

– Негізі әлеуметтік желіні жүргізетін мықты SMM маман керек. Ал, сайтқа ғана шығарып қойсаңыз ақпаратыңыз таралмайды, оқылымы аз болады.

– Журналист екі тараптың да пікірін ескеруі тиіс, яғни бейтарап болуы керек. Бірақ кей мәселелерде әріптестеріміз өз пікірлерін қосып жібереді. Осындай мәселеге қатысты пікіріңізді білдерсеңіз.

– Журналистика талаптарының бірі – бейтарап болу. Өкінішке қарай қазір бейтараптылықты түсінетін журналист немесе соны талап ететін басшылар аз. «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» деген сияқты, мемлекеттік тапсырысты орындайтын ақпарат құралдары көбінесе біржақты кетіп қалады. Егер сіз тәуелсіз, білікті журналист болсаңыз ақпаратты бейтарап таратуға, екі жақтың да пікірін беруге тырысуыңыз керек. Бұл қарапайым арифметика сияқты дүние. Мысалы, журналистке жұмыстан шығып қалған адам шағымданып келсе, ол бұл туралы ақпаратты бірден жарияламай, жұмыс берушінің пікірін тыңдауы тиіс. Өйткені көп журналистер тексерілмеген ақпарат таратып, оқырманға жалған ақпарат қана жетеді. Осы мәселені түсінетін журналистер өте аз. Сондықтан, біз халыққа шынайы ақпарат беруіміз керек. Екі тараптың пікірін беру арқылы ғана толыққанды, дұрыс ақпарат тарата аламыз және журналистер осыған міндетті.

 – Сыни мақала жазу үшін журналист ескеруі тиіс негізгі қағидаларды айтсаңыз.

– Бізде парадокс жағдайлар бар. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда сіз шенеунікті немесе бір лауазым иесін сынайтын болсаңыз, одан рұқсат алуыңыз керек деген бап бар. Сыни мақала жазуда деректің жан-жақты тексеріліп, зерттелуіне мән беру керек. Біз сыни мақаланы жариялаған сайтқа сілтеме беріп, салып жібереміз. Олар да сіздер сияқты ақпарат құралы. Ақпарат қате болуы мүмкін. Қате ақпаратты көшіріп басқан сіз де заң алдында жауап бересіз.  Сондықтан, жарияланған сыни материалдың нақтылығын зерттеп,  көз жеткізіп алған дұрыс болады. Бұл – негізгі қағиданың бірі. Жоғарыда айтқанымыздай тараптардың пікірін білу маңызды. Сынап отырған адамыңыздан міндетті түрде пікір алуыңыз керек. Егер ол адам пікір айтудан, сұхбат беруден бас тартса, мақалаңызда оны атап өтуге тиіссіз. Сосын, сыни мақала жазғанда дәлел болатын құжаттар мейлінше көп қамтылғаны дұрыс. Екіншіден, сынап отырған адамның жеке басына тиіспеу керек. Ол үшін заң алдында жауап беруге тура келеді. Осыған өте сақ болған ләзім. Тағы бір айта кететін мәселе, дінаралық, ұлтаралық араздықты туғызудан абай болуы керек. Біреуді қаралап, жеке басына тиісіп кететін журналистеріміз бар екені жасырын емес. Сын айту мәдениеті жоқ. Адамдардың жеке басында біздің шаруамыз болмауы керек. Оның отбасындағы жағдайы қоғамдық резенансқа қатысты болмаса, оны таратуға құқығымыз жоқ. Ал белгілі бір шенеунік бюджет қаржысын пайдаланып, әйеліне қымбат көлік сатып алып берсе – бұл қоғамдық резенанс тудыратын мәселеге жатады. Бұл да әріптестеріміз сақ болуы тиіс мәселелердің бірі. 2016 жылы ақпаратқа қол жеткізу туралы заң қабылданды. Мемлекеттік сатып алулардың барлығы ашық дереккөздерге қойылды. Мемлекеттік порталдармен дұрыс жұмыс істей алсаңыздар, мемлекет бюджетіне қатысты зерттеуге тұрарлық көптеген деректерді тауып аласыздар. Сонда сіз нақты дерекпен жұмыс істейсіз, порталға сілтеме бересіз. Осыған дағдылану керек.

– Журналистика саласында сапалы мамандарды дайындауда қандай кемшіліктер бар?

– Жалпы, журналистикаға маман дайындайтын мықты жоғары оқу орындары да, кемшін түсіп жататындары да бар. Қазіргі журналистиканы бітіріп келген мамандардың арасында технологияны жақсы меңгеріп келгенімен, тілдері жұтаң, жазуға машықтанбағандары көп кездеседі. Сыни ойлау, идея табу, жазу машығының болмауы  – қазіргі жас журналистердің басты проблемасы. Журналист мамандарды дайындау мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Үнемі айтылып, көтеріліп келеді. Журналистика факультетін жауып, екі жылдық курстар ғана қалдыру керек деген пікірлер де айтылады. Бірақ ол пікірлерге құлақ асудың қажеті жоқ деп есептеймін. Журналистер төрт жыл оқуы керек. Тек, білім беру тәсілдеріне ғана  өзгерістер енгізген жөн.

Салалық журналистикаға көзқарасыңыз қалай?

– Бізде салалық журналистика дамымай жатыр. Қазіргі журналистерді әмбебап дегенімізбен, кез келген тақырыпты терең зерттемей, бетін қалқып қана жазады. Шетелде журналистикада оқып жатқан студенттерге екінші-үшінші курста экономика, тарих, саясаттану сияқты бірқатар негізгі салаларға қосымша оқу курстарын ұсынады екен. Сол арқылы белгілі бір салаға бейімделген журналистер дайындалып шығады. Бізге де осындай керек. Мысалы ғылымға, медицина саласына байланысты жазылып жатқан тұшымды дүниелер жоқтың қасы. Әйтеуір, күнделікті ақпараттың ағынымен ғана кетіп бара жатырмыз. Жұрттың көзін ашатын терең талдаулар мүлде жоғалып барады.

– Қазақ журналистикасының бүгінгі аяқ алысын қалай бағалайсыз?

– Мені соңғы кездері қазақ тілді сайттардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Зерттеуге деген талпыныстарын байқап жүрмін. Мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істеу жолға қойылып келеді. Бірақ, мұндай сайттар саусақпен санарлық қана.  2020 жылдан бері қарай қазақ журналистикасында қоғамға қажет дүниелерді жазу үрдісі қалыптасып келе жатқанын байқаймын. Бұл өте жақсы. Ұлтқа қызмет ететін, қоғамның көзін ашатын, терең талдаулар мен зерттеулер жасайтын сайттар мемлекеттік қолдауға ие бола бермейді. Осы жағы ескерілсе деген тілегім бар.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Балжан Ерланқызы

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button