Аға буын ақылы

Қайрат Сақ: Журналистік зерттеу жоғалып барады

Біз «Аға буын ақылы» айдарына тұрақты түрде кәсіби маман, аға журналистердің сұхбатын жариялап тұруды қолға алдық. Бұл бастама журналист боламын деген студенттер мен жас журналистердің тәжірибе алаңына айналады деген сенім мол. Осы жолы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақпен сұхбаттасқан едік.

«Өте бір қажет дүниені қолға алған екенсіздер. Журналистикамызды журналистер қауымы өзіміз қолға алып, қадір-қасиетін, бедел-абыройын арттырмасақ қазір кім көрінген журналист болып кетті. Соның кесірінен журналистикаға дақ түсіріп жатыр. Журналистиканың халық алдындағы абыройын өзіміз асқақтатуымыз керек. Бастамаларыңызға табыс тілеймін!»

Сақ Қ.Ө.

– Қайрат Өмірбайұлы, салалық журналистика қажет деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бұған көзқарасыңыз қалай?

Салалық журналистика тек кадр дайындайтын жоғары оқу орындарының проблемасы емес. Ол – бұқаралық ақпарат құралдарының да  мәселесі. Қазіргі журналистер – әмбебап. Бұқаралық ақпарат құралдарының салалық журналистерге жұмыс бере алатындай қаражаты бар ма, деген мәселе тағы бар. Салалық журналистерді дайындасақ, олар тек қана бір салаға бейімделеді. Сол саланы терең талдайтын, зерттеп, барлық ұңғыл-шұғылын ашып жазатын маман болады. Қазіргі журналистер әр саланы қалқып жазса, салалық журналист сол саланың мамандарымен тең дәрежеде сөйлесіп, тың дүниелер жазады. Сондықтан салалық журналистерді дайындау дұрыс деп ойлаймын. Қазір біз соған кірісіп те кеттік. Университетімізде салалық журналистика бойынша  үш білім бағдарламасы енгізілді. Соның біреуі – цифрлы медиаменеджмент, цифрлы журналистиканың сырын  үйрететін білім бағдарламасы. Білім бағдарламасына үш факультеттің мамандарын тартып отырмыз, оның бірі – Ақпараттық технологиялар факультетінінің ІТ мамандары мен профессор оқытушылары. Себебі, журналист компьютер бағдарламаларын терең білетін, қолдана алатын маман болуы керек. Сонымен қатар, студенттеріміз дизайн өнерінің теория, тәжірибе,  методикасын терең оқып жатыр. Олар болашақта цифрлы журналистикаға қызмет ететін портал, сайт, әлеуметтік желілерді, онлайн журналистиканың техникасы мен технологиясын меңгеріп шыққан мамандар болады.

Былтыр «Qazsport» телеарнасына маман жетіспей жатқандықтан  спорт журналистерін дайындасаңыздар деген ұсыныс түсті. Соған байланысты спорт журналистикасы деген білім бағдарламасын енгіздік. Оған біздегі спорт және дене шынықтыру кафедрасының басшылары тартылды. Қазір бір топ студент оқып жатыр. Олар төрт жылда спорт журналистикасының мықты салалық мамандары болып шығады. Спорттың теориясы, терминдері, ережелері, тактикасы, стратегиясымен қатар практикасы да терең оқытылады.

Сондай-ақ бәсекеге қабілетті спорт коментаторларын шығару басты назарда.  Осы орайда біріншіден, шетелден мамандар тартуға жағдай жасап отырмыз.

Қорғаныс министрлігі, Ұлттық Ұлан, Ішкі істер министрлігі мен Прокуратурадан құқықтық журналистика мен әскери журналистика бойынша мамандар дайындасаңыздар деген ұсыныс келді. Бізге құқықтық салада талдау жасай алатын мамандар керек.

Әлемдік эпидемия кезінде медицина тақырыбын қозғайтын журналистер аз екенін байқадық, осыдан кейін бұл саланы кеңінен талдап жаза алатын маман  дайындау жөнінде ұсыныс түсті. Бірақ бұл салада бұрын тәжірибеміз болмағандықтан, әрине кадр мәселесі туындайды. Сонымен қатар, медициналық журналистикаға қатысты материалдар табу қиын болады. Қалай десек те, бүгін болмаса ертең қолға алуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Бір сөзбен айтқанда, салалық журналистика өте қажет.

– Еуразия Ұлттық университетінде теориядан бөлек, тәжірибеге қаншалықты көңіл бөлінген?

– Бұл бағыттағы жұмыстарды да жолға қойдық деп айта аламын. Қазір елімізге белгілі, журналистиканың «отымен кіріп, күлімен шыққан», өз қолтаңбасы бар мықты мамандарды тартып, студенттерге дәріс оқытып жатырмыз. Олардың қатарында Сауытбек Әбдрахманов, Бауыржан Омаров, Рәбиға Аманжолова, Дүрәлі Дүйсебай, Мұратбек Тоқтағазин сияқты ардагер журналистер бар. Оның үстіне БАҚ-пен байланысты нығайтуды қолға алдық. Мысалы, біздің факультетте «Хабар» агенттігінің аудиториясы бар. Оған қоса, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Қазақ телевизияның 60 жылдығына» орай аудитория сыйға тартты. «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналарының журналистері студенттерімізге шеберлік сабақтарын өткізеді. Студенттер өздері өтініш білдіріп, «бізге мына журналистің тәжірибесі керек» десе, кездесуді осы жерде ұйымдастыра аламыз. Бұл телеарналармен меморандумға қол қойғанбыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында факультет кафедраларының филиалдарын ашып жатырмыз. Егемен Қазақстан газеті мен «Фолиант» баспасынан «Баспа ісі және баспасөз» кафедрасының филиалы ашылды. Мамандарды өндіріспен тығыз байланыста дайындау жүзеге асып келеді. Қазмедиа орталығынан да студенттер үшін тәжірибе алаңын ашу бағытында атқарып жатқан жұмыстар көп. Республикалық «Айқын» газеті де біздің студенттер үшін аудитория дайындап жатыр. Бұрын студенттеріміз тәжірибеден өткенде оның жетекшісіне университет тарапынан ақы төленбейтін. Осы мәселе жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрімен кездестік. Енді тәжірибеден өтіп жүрген студенттерге жетекшілік ететін журналистерге қосымша ақы беріледі. Бұл нәтижелі оң бастама болатынына сенімдімін.

– Бізге дикторларды дайындайтын арнайы бөлім немесе курс қажет пе?

-Тележурналистика – синкретті өнер, ұжымдық жұмыс. Ол жерде басқа да мамандар жұмысының: режиссёр, оператор, жарық түсіруші, дыбысты қадағалаушының маңызы зор. Егер сол мамандардың бірінің жұмысы ақсап тұрса, бағдарлама сәтті шықпайды.

Қазір диктор демейміз, тележүргізуші деп айтамыз. Бұрын дикторлар дайын мәтінді оқып беріп отырған. Тележүргізуші сауатты жаза алатын журналист болуы керек. Мысалы, бізде 10 жыл диктор болып жұмыс істеген кәсіби маман Рабиға Аманжолова және телевизия саласының білікті маманы Ұлболсын Есенбекова қызмет етеді. Олар студенттерімізді сөйлеу мәдениетіне, сөйлеу техникасына, дауысты дұрыс қоюға, орфоэпиялық талапқа сай сөйлеуге үйретеді.

– Түлектердің жұмысқа орналасуы үшін БАҚ-мен келісімшарт жасасасыздар ма?

– Бұл өте күрделі мәселе. Кеңес заманында мемлекет тапсырыс беретін, сол тапсырысқа сай оқыған түлектерді жұмысқа орналастыруға мемлекет міндетті болатын. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асыруы керек. Бірақ олар бұл іске араласпай отыр. Биылдан бастап грантпен оқығандар міндетті түрде жұмыспен қамтылу керек. Білім және ғылым министрлігінің арнайы қаржы орталығы бар. Олар мемлекет қаржысының дұрыс жұмсалғанын бақылайды. Мемлекеттік грантпен оқығаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы шарт. Жұмысқа орналаспаса үкіметтің қаржысын қайтару тиіс деген талап қойылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары еңбек өтілі бар, тәжірибелі мамандарды ғана жұмысқа алуға мүдделі. Жаңа бітірген түлекте қандай тәжірибе болуы мүмкін? Сондықтан, студенттерге айтарым, бірінші курсқа келгеннен бастап бәсекеге қабілетті болуды үйрену керек. Төрт жылда теориямен тәжірибені ұштастыруға ұмтылғандары абзал. Студенттерді тәжірибеден өту үшін бұқаралық ақпарат құралдарына жібереміз. Егер студент ширақ, сауатты жаза алатын болса, тәжірибеден өтіп жүрген орны жұмысқа алып қалады. Оған талай куә болып жүрміз. Сабақ пен жұмысты қатар алып жүрген студенттеріміз де жетерлік. Сондықтан, студенттер қол қусырып отырмауы керек, өздері ізденгендері дұрыс. Жалпы, біздің студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 85 пайыздан асады. Бұл үлкен жетістік.

– Бүгінгі қазақ журналистері нені ескермей жүр, салада қандай өзекті мәселелер бар?

– Қазақ журналистикасының ұлтқа қызмет ету жағынан ары таза. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі Ерлан Қарин кезінде  «Қазақ тілді БАҚ ұлттық партияның қызметін атқарып отыр» деген болатын. Ұлттық мүдде, елдік мүдде жағынан алғанда қазақ журналистері аянбай қызмет етіп келеді. Әлеуметтік мәселелерге келгенде әрине орыс журналистері озық тұр, оны мойындауымыз керек. Ал, проблемалық жағын айтсақ, қазақ журналистикасы ала-құла болып кетті. Қазір бұл салада журналистикамен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, журналистиканың не екенін білмейтін адамдар жүр. Бұл дұрыс емес. Соның салдарынан журналистиканың беделіне дақ түсіп жатыр. Журналист ең алдымен, журналистика жанрларын ажырата білуі керек. Жанр деген – материалды мазмұнды, тұшымды, әсерлі, өтімді етіп берудің негізгі әдісі.

Мысалы, қазақ журналистикасының мэтрі Шерхан Мұртаза қай баспасөзде қызмет атқарса, сол газеттің тиражы еселеп артатын. Ол бір нөмірге бір жанрдағы материалдың екі рет салынбауына мән беретін. Соның нәтижесінде газет түрленіп шыға келеді. Қазіргі журналистер жанрларды ажырата алмайды, басшылары да оны талап етпейді. Бір жанрмен шыққан газет тартымсыз болады. Сондықтан, газеттің әр саны жанрдың бірнеше түрін қамтыған жөн. Репортаж деген жанр бар, журналистиканың жауынгер жанры. Қазіргі газет-журналдан біз репортажды көрмейтін болдық.  Репортаж деген  – оқиға ортасынан көзбен көргенін әсерлі етіп жеткізетін жанр.

Фельетон да күштілердің қаруы еді, қазір бұл жанр да қолданылмайды. Журналистік зерттеу де жоғалып бара жатыр, бір тақырыпты толық зерттеп, сараптамалық материал жазатын журналистер аз. Бетін қалқып жазған дүние қазір оқылмайды. Сондықтан мәселені екі жақты қарастыруымыз керек. Тың деректерді тауып жазатын, шындықты аша білетін журналистерге қашанда сұраныс жоғары.

Болашақ журналистерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Журналистика әркімнің қолынан келе беретін мамандық емес. Қазір жас журналистердің тілдік қоры таяз, лексикондары тым жұтаң. Бұл – кітап оқымағанның кесірі. Қазақ тілінің қоры ауыз әдебиетінде. Сондықтан, жас журналистер көп оқыса, тілдік қорын молайтса деймін. Сонда ғана мықты журналистер көбейеді. Журналистика үнемі ізденісті қажет етеді. Журналист болдым-толдым десе тоқтайды, қалып қояды. Өмірден қалған журналист журналист емес. Журналист қоғамнан озық жүруі керек. Ол үшін білім, үздіксіз ізденіс керек. Білім кітапта. Кезінде Елбасы «кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады» деген керемет сөз айтып еді. Қазіргі уақытта кітаптардың электронды нұсқасын оқуға да мүмкіндік бар. Сондықтан, болашақ және қазіргі жас журналистерді кітапты көп оқуға үндеймін. Сонымен қатар журналистің бойында дарынмен қоса еңбеққорлық пен батылдық та болу керектігін айта кеткен жөн.

– Аға буын журналистердің арасынан кімнен үлгі алған жөн?

– Әуелі Алаштың  ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытовтардың тәжірибесінен үйрену керек. Кейінгі буыннан «журналистиканың қазанында қайнаған» Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей сияқты асыл азаматтарымыздың жазған дүниелерін зерттеп, үлгі алған жөн.

Бүгінгі күннен айтсақ, кеше ғана дүниеден озған Нұртілеу Иманғалиұлы мен Бейсен Құранбектің журналистік шеберлігі жоғары.

Үйренемін деген жастар үлгі тұтатын Шархан Қазығұл бар. Журналистиканың қара нары Қайнар Олжайдан газеттің де, телеарнаның да стилін үйренуге болады. Қазіргі жастардан Әуесбайдың Қанаты мен Түркістан газетін түрлендіріп отырған Қуат Әуесбайды айтуымыз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Балжан Ерланқызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button