Аға буын ақылы

Журналист елге, қоғамға жанашыр болуы тиіс – Зейін Әліпбек

Біз «Аға буын ақылы» айдарына тұрақты түрде кәсіби маман, аға журналистердің сұхбатын жариялап тұруды қолға алдық. Бұл бастама журналист боламын деген студенттер мен жас журналистердің тәжірибе алаңына айналады деген сенім мол. Назарларыңызға «Аға буын ақылы» айдарының алғашқы қонағы журналист, тележүргізуші Зейін Әліпбектің сұхбатын ұсынамыз.

– Зейін аға, бұрын диктор тек дайын мәтінді оқитын. Бірақ олар алдына келген мәтінді халықтың жүрегіне жететіндей етіп жаза алуы да керек шығар, қалай ойлайсыз? Қазіргі тележүргізушілер мәтін жазуға машықтанған ба?

– Аға буын журналистердің ақылы керек-ақ. Сондықтан, бұл жоба оңынан ашылған екен, іске сәт деймін. Диктор туралы сұраққа келсек, біздің ұғымымыздағы диктор мамандығы қазір жоқ. Ол мамандық кеңес телевизиясында болған. Олар шын мәнінде нағыз кәсіби дикторлар болатын. Диктор деген дайын мәтінді дұрыстап оқып көрерменге жеткізу мамандығы, сондай кәсіптің түрі. Қазіргі мамандар диктор дегенге қарағанда жүргізушіге көбірек келеді. Телеарналар сондай талап қойып отыр. Дикторлар мәтінге ешқандай сөз қоспайтын, өңдемейтін. Қазір жүргізуші өз аузынан шығатын сөзді өзі өңдейді. Өңдеуге, редакциялауға құқы бар.  Тележүргізушілер дұрыс мәтін жаза алуы керек.

Кейбір тележүргізушілерге «ақпаратты дұрыс жеткізе алмайды» деген сын жиі айтылып жатады. Оған бір ғана себеп бар: олардың кейбірі өзі айтып отырған дүниені өзі түсінбейді. Себебі, ол журналист оқиғаның ортасында болмаған. Журналист кез келген саладан хабары бар, өзі жаза алады, өзі сөз саптай алады, мәселенің мәнісін терең түсініп, мәтінді анағұрлым көңілге қонымды етіп жеткізе алады. Соған сәйкес, қай жерге екпін қою керек екенін де жүргізуші біліп отырады. Яғни ең дұрысы, жүргізушілікке бұрын журналистік қызметте болған адам келгені дұрыс. Мысалы, телевизия туралы айтатын болсақ, түсірілімдерге барған, жаңалықтарға сюжет, репортаждар дайындаған, яғни талай сыннан өткен, әжептәуір тәжірибе жинаған журналистен менің түсінігімде мықты тележүргізуші шығады.

– Жүргізуші – телеарнаның айнасы. Сіздің ойыңызша, бізге сауатты жүргізушілерді дайындайтын арнайы мектеп немесе курс керек пе?

–    Курс қажет. Теорияны да білу керек. Теориялық тұрғыда қалай болу керек, қандай заңдылықтар бар, қандай ережелер бар, қандай жаттығулар бар деген сияқты. Бірақ, соған сәйкес жүргізушінің бойында тумысынан  жүргізушілікке лайықты қасиет, қабілеттер  болуы қажет деп есептеймін. Көрерменге сүйкімі болғаны абзал. Біз өзімізге жақын Ресейдің тележүргізушілерін қараймыз ғой, сонда кейбір тележүргізушілердің айтып отырған жаңалығын еріксіз тыңдайсың. Кейде мен не үшін  дәл осы жүргізушіні көбірек тыңдаймын, не үшін дәл оның бағдарламасын көбірек көруге құмартамын деген ой келеді. Содан түсінгенім, басқа жүргізушілерден айырмашылығы өзінің бойында бір тартымдылық болады. Ол жымиғанында немесе түр әлпетінде болуы мүмкін немесе дауысында. Әйтеуір, бір тартымдылығы бар. Тележүргізушіге сондай тартымдылық қасиет те керек. Біздің оқу орындарымыз жүргізушілікке, дикторлыққа қатысты қаншалықты білім беретінін анық айта алмаймын. Бірақ арнайы курс болғаны дұрыс. Жеке мектеп те қажет болуы мүмкін. Мен дикторлықты арнайы оқыған адам емеспін. Сондықтан, арнайы барып, дауыс қойдырған жоқпын. О баста тележурналистикаға жай журналист боламын деп келген адаммын. Тележүргізушілікке кездейсоқ келдім.

– Аға журналист ретінде өздеріңізді өкшелеп келе жатқан жас мамандардың аяқ алысын қалай бағалайсыз, көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

–  Көңіл толмайды дегеннен гөрі,  кейінгі буын журналистерге өзін көрсетуіне қаншалықты мүмкіндік беріліп отыр деген мәселе төңірегінде көбірек ойланған дұрыс. Кез келген журналист редакциялық саясаттан, талап-тілектен асып кете алмайды. Мемлекеттік тапсырысқа бағынуға тура келеді. Ал оны былай алып тастайтын болсақ, кейінгі журналистердің арасында таланттылары жетіп артылады деп ойлаймын. Бәріміз де репортажды жақсы түсіретін, жақсы сюжет жасайтын, мықты жазатын журналист болып келе салған жоқпыз. Кемшіліктер жүре түзеледі. Тәжірибе жинайсың, ескересің, сөйтіп кәсіби маман боласың.

– Тікелей эфирде тосын оқиғалар болып қалуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайдан қалай сәтті шығуға болады? Соңыңыздан ерген жас жүргізушілерге қандай кеңес бересіз? Өз тәжірибеңізден мысал келтірсеңіз…

– Ондай жағдай болды, ертеректе. 2000-жылдары жаңалық жүргізіп отырған кезде бір сюжет эфирге шықпай қалды. Магнитафон айналмай қалып, таспа берілмеді. Ол жерде әрине техникалық ақауға байланысты көрерменнен кешірім сұрап, ары қарай жаңалықты жалғастырдым. Дәл сол оқиғадан кейін өзім 3-4 сөз, 3-4 сөйлем дайындап қоятын болдым. Сондай сәт туған кезде сол сөйлемдерді суырып ала қоямын, қобалжудың қажеті жоқ. Еркін отырып ары қарай жүргізіп кете беру керек. Себебі, көрермен қашан сені есін жиып болады деп күтіп отырмайды. Кеңес ретінде айта кетейін, осындай тосын оқиғаларға бірер сөз саптап қойған дұрыс. Тікелей эфирдің аты тікелей эфир. Қашан келеңсіз сәттің туатынын ешкім білмейді. Ондай жағдайда дайын сөз құтқарады. Бұл менің тәжірибем.

– Жас журналистер үлгі алуы тиіс үш журналистті атаңыз десем, кімдерді айтар едіңіз және неге?

– Тележурналист ағаларымыздың ішінен үлгі алатын азаматтар өте көп. Біз Нұртілеу Иманғалиұлы ағамыздан үлгі алатынбыз. Маған ол кісінің тікелей эфирдегі сұхбат жүргізу мәнері қатты ұнайтын.  Сұрақтан сұрақ туындатуға келгенде қонақтың айтқысы келген дүниесін ашып жеткізуіне мүмкіндік береді, шынайылық бар, көрерменді баурап алатын қасиеті ерекше екенін айрықша айтуымыз керек. Енді одан кейін әрине, жаңа дикторлық туралы айтып кеттік  қой, біз бала күнімізде кеңестің қазақ телевизиясын көріп өстік. Солардың ішінде Сауық Жақанова апамызды үлгі тұтамын. Олар – шын мәнінде қазақ телевизиясының жарық жұлдыздары. Кейінгі толқынға өнеге болатын тұстары өте көп. Енді одан беріде Қасым Аманжол, Ғалым Боқаш деген әріптес бауырларымыз бар. Бірақ, кейінгі кездері эфирге шықпай кетті. Кезінде бұл жігіттердің жасаған дүниелері өте сапалы болды. Сараптама жасауды сол азаматтардан үйренуге болады.

– Кәсіби журналист болу үшін әрине көп еңбектену керек. Бұдан бөлек, тағы қандай шеберлікті меңгерген дұрыс дер едіңіз?

– Бірінші кезекте әрине еңбекқорлық тұрады. Екінші, тынымсыз ізденіс үстінде болуы керек. Өзің үздіксіз жетілдіріп отыруы керек. Ал енді осы қасиеттердің ішінде шеберлікті қалай дамытуға болады, қалай жетілдіруге болады деген сұраққа өз тарапымнан қосатыным бар. Ең бастысы журналист елге, қоғамға жанашыр болуы тиіс. Қалған шеберлік деген дүниелер осыдан кейін өзі тәжірибемен келе береді. Журналистің басты мақсаты – әділдікті ту ету. Осы ұстанымдармен жүрсе, ол журналистің хабарын халық іздеп жүріп көреді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Cұхбаттасқан  Балжан Ерланқызы

Back to top button