Жаңалықтар

Эфир тоқтады, ел жоқтады

Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет етіп, салаға өлшеусіз үлес қосқан, дарынды һәм қазақ журналистикасының мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлының өмірден өткені көпшілік көрермен мен журналистер қауымының қабырғасын қайыстырды. Ардагер журналист жұрттың жүрегінен орын алған үлкен тележобаларды көрермен көзайымына айналдырып, алғысқа бөленген азамат. Адам өмірі өлшеулі. Түгесілетін уақытты еш пенде тоқтата алмайды. Ажалға амал бар ма, дегеннен артық ештеңе айта алмай, өзекті өртеген өкінішпен бетпе-бет келмеске шара жоқ.

Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Көзқарас», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», Ақиқат пен аңыз», «Алтыбақан», «Жас жігер», «Заң мен заман», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көкпар», «Ой-көкпар» «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Дін мен діл», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды. Жетпіс жастың жотасына жол тартқан жолбарыс журналист дәм-тұзы таусылғанша мамандығына адал, халқына қалтқысыз қызмет етті. Қазақ журналистикасында бұл жасқа дейін бағдарлама жүргізіп, эфир тізгіндеген маман кемде кем. Ардагер аға қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып қызмет атқарған. Бұдан бөлек, 2006-2007 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болды. Әрқашан қоғамға қозғау салатын, ұлтты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын танымдық телебағдарламалардың тізгінін ұстады.

Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, «Қазақстан ақпарат саласының үздігі», 2010 жылы Елбасының жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталған. Сонымен бірге, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы» еді.

Ардагер ағаны өзіне ұстаз тұтатын, ерекше құметтейтін журналистер мен үзеңгілестері әлеуметтік желі арқылы толассыз көңіл айтып жатыр.

 Белгілі тележурналист, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Нұртілеу Иманғалиұлының айтқан ағалық ақылын еске алып, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

           Берік Уәли: «Қазақ тележурналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Телевизияның өркендеуіне жастық жалыны мен кемел дарынын қатар жұмсаған, өлшеусіз еңбегі сіңген абзал аға Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден озды.

      Сонау боз жігіт күніміз 20 жасымызда Нұрбол досым екеуіміз телевиденияның есігін алғаш аттағанда, алдымыздан шығып, ағалық ақылын аямаған қамқорымыз болып еді. Өзінің тікелей міндеті болмаса да монтажкаға шақырып алып: “Керек болады. Үйреніп алыңдар, былай істейсіңдер” деп, өзінің сол кезде жүргізіп жүрген “Ойкөкпар” бағдарламасының монтажына қатыстырып үйрететін. Соңынан ерген жастарға ондай жанашырлық көпке үлгі, кейінге өнеге ғой. Кейін өмірдің ұзақ сапарында да ақ жүзімізге салқындықтың сызы жүгірген емес. Ақжүрек ағаның алдынан қия өткен жеріміз жоқ. Ретін тауып шұрқырасып амандасып, шүңкілдесіп сырласа кетуші едік. Ақпарат саласының алқалы жиындарында алдымен ағаға амандасуды парыз санайтынбыз.

      Енді жарқылдаған Нұртілеу ағамыз да бұл жарық жалғанның жүзінде жоқ. Рухыңыз сегіз жұмақтың төрінде шалқысын асыл аға! Ағамыздың туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын. Еліміздің қалған жақсыларына Тәңірім амандық бергей!»

 

Белгілі журналист Арман Сқабылұлы: Нұрағамның жылы сөзі

 «…Дариға бастығымыз бір күнде шешім қабылдап, кеше ғана газеттен келген мені “Жеті күннің” эфиріне шығарды да жіберді. Диктордың орнына мәтінді өзі жазатын  журналист жүргізу керек деген  болу керек. Мәтінді жазарсың-ау, миллиондар қарап отырғанда жүргізуді айтсаңшы. Өйтіп, бүйтіп алғашқы эфирді өткізіп сыртқа шықсам Қайнар көкем жымиып келе жатыр. Мақтауымды асырды. Өзім секілді “газетчик” қой, мәтінің күшті деп қояды. Анадайда Нұртілеу ағам тұр екен. Жүрегім зырқ ете қалды. Бет, жүз демей соятын сияқты. Түсі суық. Үндемей қасынан өте беріп едім, қолымнан шап берді.

-Менің түсінігімде авторлық бағдарлама осылай болу керек. Сөзіңе жұрт сенеді. Анау қоянның көжегіндей бүрісіп отырғаның уақытша ғана. Үйреніп кетесің. Алға, бауырым!

 Содан бері жасаған тірлігіме ағам өз бағасын беріп отырды. Ақылын айтады. Көбіне мақтайды. Мен үшін бұдан артық марапат жоқ еді.

… Алғашқы кітап – “Өкпелемеші” жарыққа шыққан соң ағам тағы телефон шалды. “Сен бала мені түнде ұйықтатпадың. Таңғы жетіге дейін көз ілмедім” деді. Шошып кеттім. Ағамның ұйқысы қайда, мен қайда?

-Кітабыңды оқыдым, -дейді, -Мынауың жаңа жанр! Артық сөз жоқ! Мен іздеп жүрген форманы сен тапқан сияқтысың…Енді оны ағаң да пайдаланады.

Ағамыз мақтауға сараң екенін білуші едім. Бұл жолы менен онысын аямады. Қарадай қысылғаным…Басқаны білмеймін, біздер – тележурналистер үшін Нұрекеңнен мақтау есту анау-мынау марапаттан кем болмайды.

  Қайран, ағам! Енді кім бізге жылы сөз айтып, түн ортасында телефон шалады. Жылы сөздің өзі құстың сүтіндей болған мынау қоғамда орның ойсырап, жетімсіреп қалатын болдық…»

 

Белгілі журналист Махат Садық:

     «Кешегі мен қазіргіні жалғастырған тұлға. Екі-үш жылға жалғасқан “Журналист жауапкершілігі” тақырыбындағы сұхбатымыз аяқталмай қалды…

    “Халқыма айтар асыл сөзіммен – ғұмырымның алтын нүктесін қоямын”,- дейтін еді…

    “ Nur Tileý ” бағдарламасы шығармашылығының шыңы болды…

“Айтып өткен ақында арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай…”, – дегендей телевизия тарланы Нұртілеу Иманғалиұлының шығармашылығына ерекше қамқорлық жасап, көкейіндегі көсем сөздерін еліне жеткізуге мүмкіндік берген  “QAZAQSTAN”  Корпорациясының Басшысы Л.М.Танысбайға, ҰТА ұжымына, туған – туыстарына қайғырып көңіл білдіремін.

Бақұл бол замандас, телевизия тарланы…»

      Белгілі тележурналист Ринат Кертаев: «Суық хабар! Қазақ журналистикасының мэтрі, телевизия саңлағы, асқар аға, тау тұлға, салиқалы азамат Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден көшті. 

     Нұртілеу Иманғалиұлы – кәсіби жолын тілші болудан бастап, корпорация төрағалығына дейін көтерілген мықты маман еді. «Хабар», «Қазақстан» корпорацияларының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өшпес «Қолтаңбасын» қалдырды. Оның авторлық бағдарламалары қазақ телевизиясының «Діңгегіне», «Айнасына» айналды. Ол сұхбат алудың хас шебері еді. «Бетпе-бет» сұхбаттасып отырған адамының жан сарайына ене алатын, ақтарылып, ашылып сөйлеуіне жағдай жасай алатын интервьюер болатын.

      Тележурналистиканың қыр-сырына үңіліп, терең зерттеген ғалым, жылдар бойы жиған білімі мен тәжірибесін жастарға үлестірген ұлағатты ұстаз болатын. Нұртілеу академиясынан шыққан қаншама жас қазір тележурналистикада абыройлы қызмет етіп жүр. Ол жазған-сызғанын, көрген-білгенін, ел жайындағы толғаныстарын кітап етіп те шығарды. Бұл да – тынымсыз еңбектің көрінісі, жемісі. 

Н.Иманғалиұлы Үкімет кеңсесінде, Президент әкімшілігінде де жауапты қызметтер атқарды.

    Зейнетке шыққан соң да, эфирден алыстаған жоқ. Салмақты сұхбаттарын жалғастырды. Телевизия ардагерлеріне арналып ұйымдастырылған іс-шаралардың басы-қасынан табылды. Энергиясы тасып тұратын, ойы жүйрік, сөзінің салмағы бар, өзінің мысы бар, жүріс-тұрысы, болмыс-бітімі асқақ Жақсы аға бәрімізге үлгі бола алды. Қазақстанның әр түкпірінен келген талантты жас Нұртілеу ағаның қазақтың даласындай кең байтақ құшағына ене алатын. Ол ешкімді жатырқамайтын. Сондықтан шығар, бүгінгі қаза бар қазақтың қабырғасын қайыстырды.

     Әр хабарын «Бай- қуатты болайық!» деген әдемі тілекпен аяқтайтын Нұртілеу ағаның өзін де, сөзін де, даусын да қалың елі ұмытпайды. Бақұл болыңыз, асқар аға! Қош болыңыз, әріптес аға! 

    Мен де қасыңызда жүрдім… Сөзіңізді тыңдадым… Бәрі есімде… Сіз туралы енді тек өткен шақта жазамыз… Амал қанша…»

 

«Қазақ радиолары» ЖШС директоры Ернұр Бурахан:

«45 жыл ғұмырын қазақ телевизиясына арнап, елінің бай, қуатты болуына тілекші болған ұлтымыздың асыл азаматының қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырды.

Жетпіске қараған шағында алаштың аяулы ұлы Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден өтті.

Нұртілеу ағамыздың дауысы Қазақ радиосының “Алтын қорында”  сақталған.  Радиодағы «Кісілік келбет» хабарына берген сұхбатында  әкесі жайында, қазіргі журналистиканың бет бедері хақында өз ойын ортаға салған еді».

 

Журналист Армангүл Тоқтамұрат:

 «Бұйырмады… енді, бұйырмайды… ешқашан…

Нұртілеу ағамен бірге фотоға түсу, сахнада тұру, эфир жүргізу үлкен мәртебе еді мен үшін… Ол кісіге құрметім ерек!

     Иә, әріптес болдық қара шаңырақта. Тек, ол кісі Алматыда, мен Нұр-Сұлтанда… көп кездесіп, тілдеспеппіз. Арагідік Ұлттық арнаның мерекелік түсірілімдерінде арнайы алаңдарда кездесетінбіз… аз-кем сөйлесетінбіз…

     Сондай, мерекелік түсірілімнің бірі. Арнамыз Жаңа жылға (2021ж) арналған телебағдарламасын Алматыда түсіретін болды. Біз мына жақтан бір топ жүргізуші Нұр-Сұлтаннан ұшып баратын болдық. Алдын-ала сценарий ұсынылды. Менің эфирдегі жұбым Нұртілеу аға екен. Соннндай қуандымммм, қуаныштан секірдім десем де болады.

     Ойлаңызшы, телевизияның майталманы, сөз шебері, бүкіл қазақ танитын, әріптестері сыйлайтын, жас буын үлгі тұтатын, сымдай тартылып, маңғаздана басатын Нұртілеу ағамен бір алаңда жұптасып жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе еді. Шынымды айтсам, Аға үшін түсірілім алаңына қатты асықтым… бірақ…

    Уақыт таяғанда, Нұртілеу ағаның ауырып қалғанын, түсірілімге қатыспайтынын айтты, бағдарламаға жауаптылар. Қуанышым су сепкендей басылды… Алматыға алып-ұшып асыққан көңілім түсіп кетті… Нұртілеу ағамен бірге жұптасып, эфир тізгіндеу арманым көкке ұшты…

    Ақыры, өзім де сол түсірілімге қатыса алмадым, жұмыста болған ТЖ байланысты (ол туралы пост жазғанмын, оқығандар біледі) ұшақтан түсіріліп, әуежайдан студияға келдім).

     Эмоциям басылған соң, Ағамен бір арнада жұмыс істейміз. Әлі талай бірге эфир тізгіндерміз деп өзімді жұбаттым… сендім… бірақ, ол енді мүмкін емес… ешқашан…

    Жаныңыз жәннәтта болсын, дара Аға!»

 

Абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы:

«Нұртілеу Иманғалиұлымен бір-ақ рет жүздестім. Оның өзі сұхбат барысында. Сұхбат өте сәтті шықты. Әсіресе еліміздегі қазақ тілінің мүшкіл хәлі туралы айтқаным әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Көбіне жұрт осындайда сұхбат берушіні мақтап жатады. Меніңше, негізгі еңбек – сұхбат алушыныкі. Алдыңда отырған адамды аша алу – үлкен өнер! Ағылшындарда “Diamond cuts diamond” – “Алмаз алмазды кеседі” – деген мақал бар. Шындықты тура, дәл, бейнелі түрде бере білген даналық сөз. Егер сұхбат беруші не алушы – бірі алмаз, бірі борпылдақ, жұмсақ бор болса, онда бір-бірін аша алмай қалады. Нұртілеу Иманғалиұлы  сондай алмаз азамат еді. Ең басты қасиеті – адамды тыңдай білуі. Журналистке ең керек нәрсе де – осы. Одан кейін, ол таң қала білетін. Таң қалып, шынайы, бірінші рет һәм ғажайып қазынаға жолыққандай аузы ашылып  тыңдағанда  айтылмайтын сөз қалмайтын. Міне, осындай, өз кәсібінің биігіне шыққан, майталман, жайдары, ашық, ер көңілді ағамыз дүние салыпты. Арты қайырлы болсын! Жаны жәннатта,  тәні рақатта болғай! Артында қалған жеңгемізге, бала-шағасына, тума-туыс, жекжат-жұрағаттарына қабырғам қайысып көңіл айтамын».

 

Журналист Олжас Керейхан:

 «Тірлігінде  көрсетіп өнегелі басқа мән.

Өктемдердің  мысын басып жасқаған.

БАЙЛЫҚ және ҚУАТ  тілеп халқына,

Өтті өмірден тағы да бір, жақсы адам.

Көшпей дәуір, өтпей өмір тұра ма,

Қолтаңбасы  қалды  бізге мұраға.

Телеарнаның тұлғасы боп жаралған,

Қош-енді…Қош болыңыз-Нұр аға!!!…»

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button