Жас толқын жазбасы

Тіліміз тағынан таймасын

«Бір елді  соғыссыз, қантөгіссіз жаулап алғың келсе, оның тілін, жерін, ділін ал», – дейді  емес пе? Ендеше, тәуелсіздігіміздің айқын айғағы-тіл мәселесі жайлы ой қозғайық. Қазақ тілі 1989 жылы 22 қыркүйекте өзіміз атап өтіп жүрген тілдер күнінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. (Кейін «Тілдер мерекесі»  қазақ тілінің жанашыры, Алаш зиялысы, елім дейтін ер – Ахмет Байтұрсыновтың туған күні 5 қыркүйекке ауысты). Содан бері 31 жыл өтсе де, тіліміз өз орнын әлі де  таба алмай жүр. Осынша уақыт созылып жүргенде, тіліміз тағынан тайып, дүбәра болып кетпесек игі…

 

Жиналыстарда, болмаса жай ғана арамызға бір орыс не басқа ұлт өкілі келсе бірден ол түсінуі үшін, оған қолайлы болсын деп орыс тілінде сайрап кетеміз. Шіркін, неткен жанашырлық десеңізші… Бұған дейін орыс тілі халықаралық тіл ретінде қолданылып келген. Алайда кейінгі кезде кейбір мемлекеттер орыс тілін қолданудан бас тартып жатыр. Демек орыс тілінің біраз жылда қандай деңгейде болатыны қазірден-ақ белгілі болып қалғандай.  Ал, біздегі, Қазақстандағы жағдай қалай?

Басымнан өткен мына оқиғаға назар салып көріңіз. 11-сынып оқып жүрген кезімде, Сәтбаев қаласына өзінің оқу орнын таныстыру мақсатында Қарағандыдағы әскери оқу орнының адамдары келген болатын. Сол шараға жергілікті мектептердің бәрі де қатысты. Іс-шара қаладағы полиция мекемесінде өтті. Спикер амандасты да, орыс мектептерінің оқушыларын көріп, «Мы все понимаем по русский да, я буду объяснять на русском, что б всем было понятно,- деп спикер өз сөзін бастап кетті. Арамыздан «қазақша айтпай ма?»,- деген күбірлер естілді. Осы кезде қазақ тілі мұғалімнің айтқаны есіме түсті. «Мектепте мұғалімдер жиналысы болғанда, қалалық білім бөлімінен келген адам орыс не басқа ұлт өкілі болып, қазақ тілін түсінбесе, жиынды орыс тілінде өткізуге тырысатын. Біз әрдайым қарсылық білдіріп, мемлекеттік тілде өткізілуін талап етеміз»,- дейтін. Осы кезде барып, тіліміздің халі мүшкіл екенін нақты түсіндім.

Халықтың мемлекеттік тілді игеру жөніндегі 2017 жылғы ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мәліметінше, 83,1 % тұрғын мемлекеттік тілді біледі екен. Сол жылы орталық атқару органдарында мемлекеттік тілді оқыту курсына 610 адам қатысқанын тағы да айтып өтті. Демек халықтың тек 17%-ға жуығы ғана мемлекеттік тілді білмейді деген сөз.  Одан бері 3 жылдан асты. Алайда тіліміздің мәртебесі көтеріліп келеді деу әбестік болар. Расымен солай болса, қазіргі көзіміз көріп жүрген келеңсіздіктер болар ма еді?

Бұл көзқарасым ешқандай да ұлтшылдықты білдірмейді. Сонда қалай? Егеменді елімізде, жиындарды ана тілімізде өткізерде, әр ұлт өкілдеріне жалтақтап қарауымыз керек пе? Ресей, Америка, Түркия сынды дамыған мемлекеттерді айтпағанның өзінде, мұндай жайтты қай елден көрдік? Иә, ешбір мемлекетте жоқ. Қазақстанда 130 этнос тұрып жатыр дейміз. Алайда олардың басты, негізгі тілі-мемлекеттік деп танылған қазақ тілі болу керек емес пе, қалай ойлайсыз ?

Енді бір айтпағым, өзекті мәселені қозғап қана қоймай, шешімін де қоса ұсыну керек пе деймін. Осы тақырып төңірегінде біраз мақала оқыдым. Әзірге жүйелі шешу жолдарын ұсынғанын көрмедім. Инстаграмм әлеуметтік желісіндегі парақшамда тіл жайлы айтып едім, сонда «Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі артуы үшін не істеуім керек?»- деген сұрақ келіп түсті. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста»,- деген сөздің маңызы зор.

  • Күнделікті қарбалас тұрмыста, жұмыста, үйде, дүкенге барғанда «уже», «типа», «короче», «конечно» сынды тілдің тазалығын бұзатын сөздерсіз сөйлеуді дағдыға айналдырыңыз.
  • Ұмытып кетемін дейтін болсаңыз, жаныңыздағы достарыңызға, үй-ішіңізге ескерту айта жүрші,- деуге де болады.
  • Бірте-бірте қасыңыздағы адамдардан да ана тілімізде сөйлеуді талап етіңіз.
  • Сіздің таза қазақша, әрі әдемі сөйлегеніңізге қарап-ақ қызығып, сіз секілді болуға ұмтылады.

Тіліміздің дәрежесін көтеру мақсатында осы тәжірибені жасап көріңіз. Бір күн болса да, таза қазақша сөйлеңіз. Өзге тілдегі қалыптасып кеткен сөздерді  не қазақшаға аударып не мүлде қоспай сөйлеңіз. Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиынырақ. Ұлт болып қалуымыз сіз бен бізге байланысты. Тілімізді дамыту үшін әр азамат, үкімет не атқаруы тиіс?  Сіз қандай қандай пікірдесіз, әлеумет?

Қымбат Қомытова

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің 1 курс студенті

 

Back to top button