Жас толқын жазбасы

Үміт сыйлаған үркер…

Баспа, радио және интернет журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарының басы қосылған онлайн конференция жоғары деңгейде өтті. Айтулы шараға қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ұсынысымен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ және «Медиа даму қоры» қолдау білдірді. Үркер сыйлығына ұсынылған 500-ге тарта еңбектің арасынан суырылып алға шыққан жеңімпаздар дәріс оқыды. Олардың ішінде, «Kyzylorda-news.kz» порталының бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев репортаж жазудағы басты 7 қадаммен таныстырып, тәжірбиесімен бөлісті. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Гульбаршын Сабаева сұхбат жанрының аса жауапкершілік пен батылдықты талап ететінін айтты. «Үздік газет номинациясы» бойынша «Үркер сыйлығын» иеленген 100 жылдық тарихы бар  Жамбыл облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт газет өмірін түсінікті жеткізді. БАҚ-тағы ерекше дауыс пен мінсіз детальды талап ететін әуе толқыны. Өңірлік радио болғанына қарамастан, конвергентті журналисткамен айналысатын, 101.2 FM жиілігінде тарайтын «Atyray» радиосы, «Үздік радио» номинациясын жеңіп алды. Радионың аға редакторы Слухия Қаттарқызы радионың ішкі тынысымен таныстырды. «Strategy 2050.kz» порталының бас редакторы Қайрат Жандыбаев заман талабына сай пайда болған «лонгрид» ұғымымен таныстырып, тәжірбие жүзінде өтімділігін көрсетті. Сәукетаев Тұрыспек, Қайнар Олжай секілді журналистика саласының майталмандары жас журналистерге ақылын айтып, сәттілік тіледі. Қайнар Олжай ағамыздың мына сөзі көптің құлағында қалғаны анық: «өзіңді бағалау үшін, өзгелердің еңбегімен танысу керек, Ылғи ізденіс үстінде жүру журналистің парызы». Келесі сөз тізгінін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультенің деканы Сағатбек Медеубекұлы алды. Айтулы шараға студенттер мен оқытушылар, журналистиканы арман еткен жас тілшілілер де қатысты. Солардың арасында Қ. Сәтбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ауғали Мерей де бар. Қазіргі таңда аудандық «Баянтау» газеті, балалар мен жасөспірімдердің республикалық газеті «Ұлан» және «Ақ желкен» журналының жас тілшісі ретінде қаламын шыңдап келеді. Талапкердің білімге қызығушылығы мен мамандығын сүюі мына сөздерінен-ақ байқалып тұр: «Журналистикаға қатысты іс-шараларға жиі қатысамын. Дәл осы шараға қатысқаныма қуаныштымын. Ұстаздар мен ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін».

Конференция соңында Қайрат Сақ «Барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Біз журналистер бірге болуымыз керек. Аман болайық, жақсы күнде жолығайық», – деп сөзін тәмәмдады. Пайдалы ақпарат алып, бағалы тәжірбие жинақтауымызға септігін тигізген университетіме, деканымыз Сағатбек Медеубекұлына,  “Үркер зертханасына” және асылдың сынықтары сынды дәріскерлер мен бағыт сілтеген ұстаздарыма алғысымды айтамын. Ал, журналистика мамандығын таңдаған әр талапкерге сәттілік тілеп, үміт сыйлайтын ҚазҰУ-не шақырамын.

Жансая Жөкен

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3 курс студенті

Back to top button