Жаңалықтар

“Qandastar” радиохабары іске қосылды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Отандастар қорының" бастамасы бойынша "Qazaq radiosy" - да "Qandastar" жаңа бағдарламасы эфирге шықты, деп ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2021 жылғы 9 ақпанда радиобағдарламаның бірінші шығарылымы болды. Одан кейін бағдарлама әр сейсенбі сайын Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11.15-те шығатын болады.
Бағдарламаның бірінші шығарылымы шетелде тұратын және тарихи Отанына оралуды жоспарлап отырған қазақ ұлтының өкілдері үшін өзекті мәселелердің кең ауқымына арналды.
Бағдарлама барысында карантиндік шараларға байланысты Қытайдан келген қандастарымыздың мемлекеттік шекараны өту сұрағына байланысты, әлемнің 12 елінің 24 ірі қаласында қазақ тілін үйрену бойынша 31 сыныпты ашу, 2020 жылы алғаш рет онлайн-форматта өткен ҰБТ, шет елдерде “Abai uii” мәдени-іскерлік үйлерінің ашылуы және басқа да мәселелер талқыланды.

Бағдарлама аясында Қазақстандағы және басқа елдерде тұратын қандастарға арналған түрлі жобалар туралы ақпараттық хабарламалар шығады деп жоспарлануда. Бұдан басқа бағдарлама форматы көші-қонға, құжаттарды ресімдеуге, квоталар мен шетелде тұратын қандастар үшін өзекті басқа да тақырыптарға байланысты мәселелерді шешу бойынша талқылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Радиобағдарлама авторлары Қазақстанға көшкеннен кейін түрлі салаларда өзін-өзі танытқан, сондай-ақ шетелде табысқа қол жеткізген қандастармен қызықты сұхбаттар жасауға уәде береді.

Бағдарлама жүргізушісі – журналист Еркін Байғабылұлы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button