Жаңалықтар

Қарағандылық оқушы беделді халықаралық олимпиаданың күміс медалін жеңіп алды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Рахым Баймурзин XVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Қарағандылық оқушы Зияткерлік мектептердің құрама командасының құрамында өнер көрсетіп, математика пәні бойынша күрделі тапсырмаларды орындап шықты, деп хабарлайды Baqmedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы – беделді жарыс. Ұйымдастырушылар шақырудан бұрын оқушылардың портфолиосын зерттейді. Байқау үш пән бойынша өткізіледі: математика, физика және информатика.

Баспасөз қызметінің дерегінше, биыл коронавирустық пандемияға байланысты Олимпиада онлайн форматта өтті. Ол Алматыда 8-13 қаңтар аралығында Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті. Жарысқа әлемнің 21 елінен 1 006 оқушы қатысты.

“Біз пандемияға байланысты дәстүрлі жыл сайынғы олимпиаданы өткізуден бас тарта алмадық. Бүкіл әлемнің дарынды оқушылары болашақта жаһандық сипаттағы сын-тегеуріндерді күтетін әлеуетті ғалымдар, дәрігерлер және кәсіпкерлер болып табылады. Біз оларға халықаралық деңгейдегі байқауда физика, математика және информатика пәндері бойынша күрделі тапсырмалармен жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек еді. Балалар өте жақсы орындап шықты және Қазақстанға виртуалды түрде келуге және еліміздің мәдениетімен жақынырақ танысуға қуанышты болды”, – деп атап өтті “Республикалық физика-математика мектебі” КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Үш пән бойынша 500 қатысушы жүлдегер атанды. Математика білімінде 420 оқушы жарысты. Олардың 210-ы алтын, күміс және қола медальдарға ие болды.

– Менің білімімді халықаралық деңгейде жоғары бағалағанына өте қуаныштымын. Барлығы жақсы ұйымдастырылды, – деп бөлісті қарағандылық Рахым Баймурзин.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы жыл сайын ҚР Білім Министрлігінің және “Дарын” РҒПО қолдауымен өткізіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button