Жаңалықтар

Ел Президентінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар тапсырылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оқуда, спортта, өнерде түрлі жетістіктерге қол жеткізген 7 балаға ел Президентінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды. Дәл осындай сыйлықтар «Қазпошта» арқылы, барлық санитарлық талаптар сақтала отырып ұйымдастырылған түрде облыстың әр қиырындағы 200 балаға жеткізіледі. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасыларынан шыққан балалар, арнайы оқытуды қажет ететін балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, оқуда, қоғамдық жұмыста, шығармашылықта жетістіктерге жеткен балалар бар, деп хабарлайды Baqmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аяз Атамен, Ақшақармен бірге балаларға мерекелік сыйлықтар үлестірген облыс әкімі Амандық Баталов қатысып отырған әрбір баланың жетістігін айрықша атап өтті. Оларға мықты денсаулық, жаңа жылдық көтеріңкі көңіл күй тіледі.

Балалардың арасынан «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері Константин Понамаренко мен Жансая Қали, сол сияқты № 25 мектептің оқушысы Ілияс Серікұлы лебіздерін білдірді. Олар Қазақстандай елде туғандарын мақтан тұтатындарын, Жаңа жылдың қарсаңында Мемлекет басшысынан сыйлық алғандарына қатты қуанғандарын айтты.

Елімізде балалардың еркін білім алуларына, шығармашылық тұрғыда өздерін дамытуға, спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Мәселен, айналайындық Жансая Қали вокал мен би үйірмесіне, «Пана» театрына қатыса жүріп, өз өнерін шыңдаса, Константин Понамаренко «Сен үздіксің! Сен жұлдызсың!» республикалық конкурсының Гран – при жүлдегері, көркемсөз оқуда және жас блогерлер арасында өткен байқалауларда топ жарған. Жалпы мерекелік шараға келген әрбір оқушының жетістігін осылай мақтанышпен айтуға болады.

Атап өтсек, Президенттің атынан балаларға «Абай», «Қазақтың халық ертегілері» кітаптары, қыстық киімдер, планшеттер мен жаңа жылдық тәттілер сыйға берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button