Жаңалықтар

Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті-ҚР ТЖМ

26 қарашада ҚР ТЖ министрлігінде ТЖ бірінші вице-министрі Марат Күлдіковтың төрағалығымен «Төтенше жағдайлардың қатерлері мен туындауы туралы халықты хабардар етуді ұйымдастыру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қабылдап жатқан шаралары туралы», «Орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы кезеңді қауіпсіз өткізу бойынша іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру туралы» күн тәртібімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Baqmedia.kz.

Отырыс бейнеселекторлық режимде өтті. Оған орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстар, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, төтенше жағдайлар департаменттерінің бастықтары қатысты.

Отырыста ТЖ, Ақпарат және қоғамдық даму, экология, геология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер және Энергетика министрліктерінің басшылары мен өкілдері сөз сөйледі. Қаралған мәселелер бойынша Ақмола және Павлодар облыстары әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды.

Азаматтық қорғаудың салалық кіші жүйелері ұйымдарының тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде авариялық жағдайлар туындаған жағдайда қысқы кезеңде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді.

ТЖМ аумақтық бөлімшелері жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың туындау қауіп-қатерлерін азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде.

Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін қысқы кезеңге дайындау мақсатында 2020 жылғы 5-6 қараша аралығында «Қыс – 2020» республикалық штабтық оқу-жаттығу өткізілді.

Азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының тобы бекітілді, оған жалпы саны 34 мыңнан астам адам және шамамен 13 мың бірлік құтқару, қар тазалау, инженерлік және басқа да өтімділігі жоғары техника кіреді.

Темір жол және автомобиль жолдарының қар басатын учаскелері анықталды, жол ұйымдары бекітілді. Қардан қорғайтын қалқандар орнатылуда, 44 мыңнан астам текше метр инертті материалдар дайындалды, 953-тен астам бірлік қар тазалау және инженерлік техника дайындыққа келтірілді. 392 жылыту пункті жабдықталды.

Ауа-райының нашарлауы, жол қозғалысына тыйым салу немесе шектеу жағдайында халықты мобильді байланыс операторлары және «Darmen» мобильдік қосымшасы арқылы SMS-хабарламалар арқылы хабардар ету жүргізілетін болады.

Ел аумағында 5 мыңнан астам адамға және 215 объектіге қауіп төндіретін 603 көшкін қаупі бар учаске анықталды. Гидрометеорологиялық жағдайды бағалау, мониторингілеу және көшкін қаупі бар учаскелерді бақылау жыл бойы 59 бекет, 29 диспетчерлік бекет және «Қазселденқорғау» ММ 30 қар өлшеу бағдары қамтамасыз етеді. Қар көшкіндерінің түсу кезінде уақытылы әрекет ету үшін «Қазселденқорғау» ММ 12 авариялық-механикаландырылған бригадасы құрылды. Елдің таулы аудандарында 1903 қар ұстайтын қалқан бар.

Бірінші вице-министр Марат Күлдіков қысқы кезеңдегі ТЖ туындауын барынша азайту және адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша алдын ала шаралар қабылдауды тапсырды. Комиссия отырысының соңында хаттамалық шешім қабылданды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close